23:19
Аймақ айнасы «Сарыарқа самалы» – мерейлі 85 жаста!

ТАЛАНТ ПЕНЕН ІСКЕРЛІККЕ ДАҢҚ ПЕН АТАҚ СҰРАНАР

 Әлқисса, биылғы жылдың он бесінші ақпанында аймағымыздың арда айнасы «Сарыарқа самалы» облыстық газетінің жарық көре бастағанына сексен бес жыл толады! Осынау қуанышты сәтті пайдаланып мерейгер басылымды құттықтап жатқан жандардың шаттығында шек жоқ. Бұл жасқа жеткен де арманда, жетпеген де арманда ғой әлбетте.

Сеңгірлеген сексеннің бел ортасын бағындырып отырған Павлодар облыстық газетінің басынан нелер келіп, нелер өтпеді. Алғашқы бетте «Кеңес туы», уақыт өте келе «Колхоз», одан әрі «Қызыл ту», ал Тәуелсіздік таңы атысымен «Сарыарқа самалы» деген атауға ие болды. Қазақ филологиясы мәселелеріне өлшеусіз үлес қосқан һәм ұлт баспасөзінің өркендуінен сүбелі еңбегімен ерендеген, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазаққа әйгілі Бейсенбай Кенжебаев газеттің тұңғыш редакторы болды. Ғалым Малдыбаев, Балтабек Асанов, Әлімбек Жанғабылов, Әубәкір Аяпбергенов, Сары Мыңбаев, Хамза Сыздықов, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Субыхан Шошанов, Балтабек Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров аймақтық бірегей басылымға бас редакторлық қызметін абыроймен атқарды. Бүгінгі сәтте «Сарыарқа самалын» тілшілік таланты мен салиқалы іскерлігі тәжірибе тұрғысынан үйлесім тапқан Асыл Әбішев бас редакторлықтың қос тізгінін ілгерілетуде. Ал тілшілік қызметін шебер өрнектеген тілшілер легінің ұзын-сонар галереясы өз алдына бір төбе ғой, шіркін!

Өзім ес білгелі үйімізден алдымен «Қызыл ту» да, кейіннен «Сарыарқа самалы» да үзілген емес. Әкем марқұм қалың жазылып алынатын газет-журналдардың ішінен облыстық газетті алуды қате қылмайтын. Сондағы қарапайым мақсаты – балаларының қазақ тілін үйренуіне, ұмытпауына үлесін тигізсін дегені екен. Қырықтың қырқасына аяқ басып отырған мен үшін де «Сарыарқа самалының»орны әуелден-ақ ерекше. Газет бетінде жариялананып отыратын мақалаларыммен емес, аймағымыздың айнасы ретінде, ұлттық өнеге-тағылымдық балқаймағымыздың тәттісі ретінде қымбат әрқашан.

Ерке Ертіске қол созым жерден орын тепкен Ленин көшесіндегі 143-үйде жарық көретін редакция қайнаған тірлік-тіршілігімен тартымды. «Сарыарқа самалында» абыройлы қызмет жасап келе жатқан Мұрат Аяғановтың сөзімен сабақтасам: «...газеттің әрбір кезекті санының жарық көруіне тек қана тілшілер емес, бүкіл редакция қызметкерлерінің еңбегі молынан қажет...газет ұжымы әрдайым ынтымақтасып, бірге жұмыс атқарады». Бұдан артық алып, қосарым жоқ.

Өткенге көз жүгіртсек, қазақ тілінде басылып шығып келе жатқан аймағымыздың бірегей бұқаралық ақпарат құралы қазіргі таңда іскерлік азуы ай білеген, мүйізі қарайғайдай аса танымал редакторлардың, корреспонденттердің, шолушылардың, тілшілердің қалыпсауына бірден-бір құт-берекелі, тәлім-өнегелі айлақ болғаны, болып келе жатқаны, әлі де болары сөзсіз.

Заман талабына сай тыныстап жүрген «Сарыарқа самалының» бүгінгі келбеті оқырмандарын сыртқы ажарымен де, ішкі мән-мазмұнымен де бірден баурап алуда. Ал облыстық газеттің ғаламтордағы электронды нұсқасын парақтаушылардың қатары сәт сайын артып отырғаны даусыз. Жан-жақты тақырыпты дер кезінде қозғап жүрген тілшілер Нұрбол Жайықбаевқа, Мұрат Аяғановқа, Гүлжайна Түгейбайға, Фархат Әсіреге, Құндыз Қабылденоваға, Әсемгүл Қабдуахитке, Сая Молдайыпқа, Тілеуберді Сахабаға, Ақмарал Есімхановаға және басқа да газет шығару ісімен алаугеім таңнан көз байланар ақшамға дейін асқан шеберлікпен айналысатын тұлғаларға шығармашылық табыс тілеймін. Ал осынау отауға бас-көз болып отырған бас редактор Асыл Әбішевке қайраткерлік менеджмент берсін. Халық мүддесі өзге мүддеден асқақ болсын тек.

Жан-жүрегіме қымбат «Сарыарқа самалына» деген  қарапайым пайымымды Шығыс ойшылы Әбдірахман Жәмидің «Алтын да емес, күміс те емес адам даңқын шығарар, Талант пенен Іскерлікке даңқ пен атақ сұранар» деген қанатты қағидатымен тәмамдайын.         

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1474 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: