Айтулы мерей бастамасы/ ДАНА БОЛСАҢ – ДАРА БОЛ/ Кімде-кімнің болсын өмірде адам баласы болып қалыптасуына негіз болатын, бачтау болатын һәм қайнар болатын орны болады. Ал осы күндері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінде ерен еңбек жүрген және қисыны қиын осынау жолда филология ғылымдарының кандидаты, доцент атанған Түсіпова Қанипа Досжанқызы үшін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің маңызы ерекше, себебі өзінің педагогикалық жолын кезінде осы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиетінің қатардағы мұғалімі болып бастап еді. Облыс орталығындағы іргелі жоғары оқу орнына ауысқанына биыл жиырма жылдың жүзі болды. Оның үстіне Қанипа Досжанқызы келесі жылдың қаңтар айында, Аллаһ жазса, асқаралы алпыс жасқа толады. Жақында ғана Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылған кешенді шаралар осынау айтулы мерейдің нән бастамасы болып табылды. Шараның бірінші бөлімінде доцент 7, 9, 11 сынып оқушыларымен қазақ шешендік өнеріне арналған ашық сабақты жүргізді. Онда қазақ даласына сөз тапқырлығымен, ой жүйріктігімен танылған шешендер хақында мазмұн һәм мәнге өте бай өзара әңгіме өрілді. Тәжірибелі ұстаздың қойылған сұрақ-сауалдарына қазақ балалары ашық та еркін жауап беруге барын салды. Сабақ тақырыбына осынау шеберлік арқылы кірген оқушылармен ғылым кандидатымен еріп келген студент шәкірттері Болатхан Әміржан, Мұсабаева Жаннұр, Молдабаева Айнұр алдымен тақырыпты мейілінше пысықтауға арналған тест тапсырмаларын орындатса, ізінше түрліше тапсырмадан түзілген қызықты ойын өткізді. Аралық шарада 9 сынып оқушылары Жанпейісов Әділ, Жүнісова Әлия, Сағатбеков Айбар жинаған білімдерімен әділқазылар көңілінен шыға білді. Тапсырмаларды орындау арасында студент Әміржан көрермен қауым алдында өзінің поэзиялық туындыларын оқып, ықыласқа бөленді. Ашық сабақты қорытындылаған Қанипа апай зеректігімен танылған оқушыларға алғыс хаттар менен естелік сыйлықтарды табыс етті. Асылында, бұл сабақтан оқушылар да, мұғалімдер де мол тағылымды саналарына тоқып алды. Мерейлі шара өз жалғасын мейілінше безендірілген мектеп мәжіліс залында тапты. Өткен күндерге шолу түрінде мұғалімнің әр жылдарда оқушылармен түскен сыныптық фотосуреттерден жасалған буклет бірден көзге түсті. Сахна төрінен орын алған С.Торайғыров атындағы ПМУ педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болатбаева Гүлжанат Нұрымжанқызы осынау айтулы мерейдің маңызын екшей келе, Түсіпова Қ.Д. аймағымыздың жоғары білімінде алатын ерекше орнын нақты еңбек жемістерімен айшықтады. Ал қатар жайғасқан Қанипа Досжанқызы осынау ғылыми дәрежеге жету жолында қайнар болған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебін мақтан етті. Осы жылыжүзді кездесу үдерісінде апаймен кезінде мына білім ордасында қызметтес болған ардагер ұстаздар Быковская Л.И., Қапанова З.Н., Қабдуова К.Қ., Ақатаев Д.А. тарих қойнауына шежіредей жайғасып болған һәм қайта оралмас жұмыс сәттерін еске алды. Ал мектеп қабырғасында қызмет еткен шақта ұстаз қолынан білім алған оқушылары Молдабаева Р.К., Уызбекова С.Б., Увакова Л.Қ., Ахметшәріпов К.М., студент болып жүрген кезінде ғылым кандидатынан дәріс алған қазіргі мектеп мұғалімдері Абылғазинова Қ.Ғ., Белгібаева А.М., Құсманова Б.М. һәм Ибраһим Б.К. Қанипа Досжанқызына шексіз ризашылықтарын білдірумен бірге, апайға ғылым жолында қайрат пен қуат, денсаулық пенен амандық тіледі. Әуелден-ақ өзіне қаратылып айтылатын даурықпа мақтан менен даңғаза мадақты жақтырмайтын Қанипа Досжанқызы өз кезегінде ғұмырының өткені болып жазылып қалған осы мектеп қабырғасындағы мұғалімдік жолына қысқаша шолу жасап, университеттегі қазіргі еңбегі хақында да қысқаша хабардар етті. Әсіресе, құлақты елең еткізгені «қазақтың бас ақыны» Абайға қатысты «Абай жолы – өнер жолы» атты ғылыми еңбегі. Құдай қаласа, бұл кітаптың да жарық көретін күні алыс емес. Кездесу барысында мектеп оқушысы Жүнісова Әлия, әрі мектептегі, әрі университеттегі шәкірті Ибраһим Б.К. ұстазына арнап Абай әндерін шырқады. Осынау шара кезінде ПМУ тарапынан мектеп кітапханасына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының он үш томдық шығармалар жинағы, басқа да тарихи-этнографиялық кітаптар естелік ретінде сыйға тартылды. Шараның үшінші бөлімінде волейболдан жолдастық кездесу болып, мектепке ПМУ тарапынан демеушілік жасалынып, спорт құралдары табыс етілді. /ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы/
|