12:49
Ай, заман-ай, заман-ай!

ОПАДАЛАПТАНУ

Қыз қылығымен қаншалықты сүйсіндірсе де, шешендігімен шебер қазақтың «Қызға қырық үйден тыю» дегені соншалықты ұдайы өміршең екендігі ақиқат. Шарана боп жарық дүниеге келіп, балмұздақтай балалыққа балғындығын беріп, дарияның қос жағасындай ата-ана һәм ұстаз-тәрбиешіден үлгі-өнегені теріп, бойжеткендікке бойлайды. Өмірдің бар болмысын танып-татуға қадам жасайды.

Қыз дегенде үлгілі отбасының өнегелі өрнегін өздігінше өрістеткен жан баласы көз алдында көлбеңдейді. «Ана көрген тоң пішердің» небір қыр-сырын көре жүріп, сұрай жүріп, істей жүріп ойына түйе, бойына жинай қалыптаса бастаған нәзік жан ғой әлбетте.

Көркем сөздің құдіреті де, қуаты да боп әлдеқашан таңылған халық ауыз әдебиетінің батырлар жырларындағы, ғашықтық жырларындағы Құртқа, Гүлбаршын, Назым, Жібек, Баян һәм тағы басқалары, қазақ әдебиетінің хас қаламгерлері М.Әуезовтің әйгілі дәуірнамасы «Абай жолындағы» Тоғжан, Әйгерімі, Б.Майлиннің Шұғасы, М.Дулатовтың Жамалы, С.Мұқановтың Ботагөзі, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны, Ж.Аймауытовтың Ақбілегі, С.Торайғыровтың Қамары және басқа-басқа қазақ қызына тән иба-инабаттылығымен оқырмандар жан-жүрегін әспеттеген аяулы арулар – мәңгілік ғажап жандар ғой, шіркін!

Заман-замана қалай өзгергенмен, адам болмысы эволюциялық өзгеріске еш ұрынған жоқ сияқты. Тек адам талғамы, оның ішінде, әсіресе, қыз талғамы түпсіз тұңғиықтай мүмкіндіктерге күмп берді. Сынаптай өзгермелі де ойнамалы бүгінгі таң сәт сайын тірлік-тіршілік атаулыны атқақтатуда. «Заманың түлкі болса, тазы болып неге шалмайсың» дегеннің бұлжытпас сыңайы. Айтар әңгіменің бағыты – мектепте білім-тәрбиені тел еміп жүрген оқушы қыздардың қазіргі кейпі.

Өкінішке орай, осы күнгі оқушы қыздар айналасындағы сөз саптаулар, бейне көрсетілімдер, тілге тиек әңгімелер көңілден шығып жүр дегенге ауыз бойламайды. Бір ғана мысал ретінде мектепте оқуға келген жоғары сыныптардағы бойжеткен қыздардың опа-далапқа тым ерте кезден әуестілігін айтсақ та жеткілікті. Әрине барлық жерде барлығы да солай деуден адамын әзір. Дегенмен ондай-ондайлар орынсыз ортада орын алып, оспадарлығымен опық жегізуде. Өздерінің уыздай пәк табиғи бет-әлпеттерін небір қоспалардан құрамдалған опа-далаптың түрлерін жағады, әрлейді, бір сөзбен түйгенде, гримдейді. Онсыз да имек кірпік-қастарын «таңдандыра» өсірумен, олай-бұлай сызғылаумен әлектенеді. Әңгіме жоқ, қыз атаулы қашанда келбет-сымбатымен өзін қоршаған айналаны тамсандырады, өздігінше ерекшелене тұлғалануға талпынады. Бірақ мектеп ондай сәнденудің орны емес әлбетте. Немесе оқушы қыздардың киім кию үлгісіне көз салып көрсек. Мұнда да сәйкессіздіктер менмұндалайды. Қазір ғой қайсыбір бойжеткен тыртиған сәнді қос етек шалбарға ұқсаңқырайтын киім киюге әуес. Біреуге жарасқанмен, қайсысына жарасуы күмән тудырады. Жаратылысында сидиған қыз әлгіні киіп алған соң, сүліктей кейіпке түсіп, көрер көзге қораш ұшырайды. Я болмаса жамбасқа ілінер-ілінбес тыртима бірдеңе киіп, ар-ұяттың тәндегі белгісі – кіндікті жарқырата көрсетумен жүреді. Орындықта отырған бетте сабақ жүргізетін мұғалім өзін ыңғайсыз сезінеді. Не керек, кейбір мектептердегі талапты бірыңғай немесе соған жуықтайтын оқушы киім үлгісі жаппайлықтан әлі де алыс. Десек те «көш бара түзеледі» үміттендіреді.

«Бірге барып, бірге кетті» демеңіз. Соңғы уақытта еліміздің кей мекендерінде орын алған қылмыстық әрекеттер легінде оқушы қыздардың құрбан болғаны алаңдатады. Он екі түнде гүлі ашылмаған бойжеткендер алдау-арбаудың шеңгеліне түсіп, опатқа ұшырап, артынан аза-қазаға ұрындырады. Сондайды көріп-естігенде еріксіз жағаңды ұстайсың. Халқы тығыз шаһарды былай қойғанда, ашса алақандағы, жұмса жұдырықтағы шағын ауылды елді мекеннің өзінде осындай сорақылықтар бой көрсетсе, үрейленбей көр. Оған кәмелетке толмай һәм жасына жетпей жүктілікке ұшырау тағы бар... Сондықтан мектептегі оқушы қыздардың тәрбиесіне жүрдім-бардым қарамай, психологиялық-әдептік, медициналық-гигиеналық тұғырдан ізерлей-барлай  бойлау артық етпейді.   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 956 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: