23:01 Абайтануға айқындама | |
СОҢҒЫ ӨЛЕҢДЕРІ Мекені қыр төсі болса да, Семей шәріне жиі қатынайтын, қырым татары И. Гаспринскийдің «Тәржіман» газетасын үзбей оқитын Абай, Шәкерім жаңағы «үстегілер-бағындыра алмайтын, төмендегілер-бағынғысы келмейтін» қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп, жіті қадағалап отырмай ма. Әсіресе, Шаймардан Қосшығұловтың хатына байланысты. 1903 жылы жазғытұрым Абай ауылдарына жүргізілген тінтуден соң, саяси еркіндік тақырыбы бұл ортада жиі көтерілгені хақ. Демек, Абайнақылды осы кездерде айтқан деудің орайы бар. Осымен, екінші өлеңге ауысатын кез де жетті. Еріксіз түскен ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық. Қорлықпен өткен өмірден, Көсіліп жатар көр артық. Бұл бұрыннан белгілі, ұлы Мұхаң өзі тауып қосқан шумақ. Алайда афоризм осы күнге шекті елеусіз халде «жазылған жылы белгісіз» делініп келді. Оны саралау қажеттігі енді ғана туып отыр. Алғашқы өлең мен соңғы төрт жолдың стилі, мазмұны және ұйқасы егіз қозыдай ұқсас. Бұл жәйт екі өлеңнің мерзімдес екендігіне сілтейді, бір. Екіншіден, басты гәп «ерік» сөзінде. «ерік» сөзін екі айтуы – ел егесі Абайдың ел ертеңіне алаңдаған үні десек несі айып. Енді «Қорлықпен өткен өмір» дегенді түсініктемелейік. Әзелде Абай «Ағызды сығып жасымды», «Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» деп қазақтың ит мінезіне күйінген, әлеуметтің мешел халіне қорланған. Жеке басы я от басы, ошақ қасы мәселесіне емес (Абайдың қазақ арасын кеулеген қырсықтар мен келеңсіздіктерден торыққаны, өз тұрғыластары арасынан «елу беске дейін сенісер адамын таба алмай» күйзелгені қандай шындық болса, мінезі майда Еркежан бәйбішенің, ақылды келіні Кәмәштің жақсы күтімінде, өзін шын сүйген балалары, пір тұтқан шәкірттері ортасында болғаны сондай шындық). Сонымен, екінші нақыл да саяси астарсыз емес. Күдікті сейілту үшін оқырман назарын мынадай жалпы жәйттерге аударайық. 1885 жылғы әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде ел дертіне: Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, - деп «диагноз» қойған ақынның шығармашылық өмірі соңында «түзел қазағым, ырқың (еркің) өз қолыңда болуын көзде» деген дауаны сөз етуі заңдылық. «Абай жолында» ұлы Мұхаң Абай аузына мынадай сөздерді салады: «Жылдар ма, көп жылдар ма, оны болжау өз басыма оңай емес. ...Әйтеуір, бір болжайтынымыз бар! Неғылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!» Абай да, Мұхаң да аңсаған ол заман Қазақ еліне 1991 жылы дербестікпен бірге келді. Сөйтіп, екі данышпанға да ырықсыз, бодан елдің болашағы бұлыңғыр екені көзбен көріп, қолмен ұстағандай ақиқаттұғын. Осы тұста Абай мен немере інісі Шәкерімнің арақатынасына тоқталуға мәжбүрміз. 1898 жылға шекті екі тұлға арасы күрделі болып, онан соң жылма-жыл жақындай берген. Естеліктер өзара құрмет пен сыйластық арта бергенін там-тұмдап болса да жеткізеді. Шығармашылықты қоя тұралық, 1902 жылдың 11 мамырында Абайдың тете інісі Ысқақ дүние салғанда, келесі жылы Шәкерімнің тете ағасы Шәке баз кешкенде Абай мен Шәкерім сол ауылдарда қона жатып, орнын күзеткен. Қырқына дейін Шәкенің зиратын қалатып береді. Осы кездерде қос ойшылдың армансыз ой бөлісіп, ел келешегіне қатысты сан талай сыр шертіскені сөзсіз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |