10:20 Абайтануға айқындама | |
СОҢҒЫ ӨЛЕҢДЕРІ Абай орыс достары ұстанған «Патшаны құлатайық» деген Чернышевский идеясын қолдамаған емес. Сол сияқты «Соғыс ашайық, орыстан құтылайық» деп халқын арандатудан да аулақ болды. Неге десеңіз, әулиеге шынайы азаттық тек мәдениет, өркениетпен келетіні соқырға таяқ ұстатқандай айқын еді. Данышпан мәселе заманда емес, адамда деп білді. Қазақты кемшілігін басқа ұрып, көзге шұқып көрсету арқылы тәрбиелейді. Дей тұрсақ та, хакім Абай азаттықты аңсап өтті. Жақын айналасына бұл жайлы талай сыр бөліскені сөзсіз. Абайтанушы ақжан Машани кеңестік дәуірдің өзінде-ақ «Абай – азат ойшыл» деп жария еткен-ді. Біле білсек, «жасыру» тәсілімен сездірген азаттық рухының лебі асыл мұраны көктей өтеді. Мәселен, «Ескендір» поэмасында «Көп елді күтінбеген қырып жойып, ...Шапқан жердің бәрін де бодан еткен» Ескендір патшаны «қанішер хан» деуінің өзі неге тұрады. Ақжан ақсақалдың: «Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып, ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы», - деуі көкейге қонымды тұжырым. Айтпағымыз, Абай сепкен рухани дән бітік егінге айналды: Алаш қозғалысының мүшелері көктей қаулады. Әзірге ұлы ақын «шекпенінен шыққан» үшеудің (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл) 1905-1907 ж.ж. саяси қозғалысқа белсене атсалысуын ғана қарастырмақпыз. Құдай берем десе береді, соңғы жылдары нақты дәлелдер – Абайдың бірлі-жарым өлеңдері жаңадан табылып отыр. Абайдың жаңадан табылған бірінші өлеңімен танысалық. Тоқ, татуды сыйламай, Аштарға берген ас артық. Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық. Оы төртжолдық өлеңді нақыл, рубаи, шешен сөз, мейлі, афоризм десек те жарасады (оны тапқан адам – Тараз қаласының тұрғыны, абайтанушы Әлімбай Найзабаев). Афоризмді Шәкерім өзінің «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) келтіріпті. Мақала мынадай оқиға ізімен жазылған: аштықты, жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігіті Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап беріпті. Мұны естігенде алаш ақсақалы «бәрекелді!» деп қатты қуанбай ма. Сөйтіп, Шәкерім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс», - дей келе. «Абай марқұм былай деуші еді», - деп жаңағы нақылды айтыпты. Өзге емес, ұлы ақынның бас шәкірті Шәкерім мақаласында атап айтқан соң, нақыл сөз Абайдікі екеніне кім таласар. Бізді «Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген екі жол қызықтырып отыр. Бұл сөздің мәнісі неде? Қай кезде айтылған өзі? Ойласайық. Бақсақ, Шәкерім оны төңкерісті, өз сөзінше «қалқыма» кезең орайына келтіріп отыр. «Елдік үшін жан пида» деп намысты жанатын қайрақты сөз ретінде. Бірақ Абай астарлап, бүркемелеп айтудың асқан шебері болған. Афоризмнен «ел еркіндігі үшін басыңды қатерге тік, азаттық жолына жаныңды сал» деген астарды аңдау бүгінгі біздерге қиынға соғатыны сол. Бұл ой-жота, шындық ауылынан шығандау деп сөгуге асықпаңыз. Алдымен 1904-1905 ж.ж. жалпы ахуалға көз тігелік. Әмбеге аян, Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс мықтап күш алды. Тарих сахнасына шықпаған күштер кемде-кем, Ресей мұсылмандарының жәдитшілдік делінетін қозғалысы да мәдени арнадан саяси арнаға ауысты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |