23:26
Абайтануға айқындама

ЕКІГЕ БӨЛІНГЕН ЖҮРЕК

Өзгелер тұрмақ, Тәкежан сияқты туысы да Абайды ұқпаған, түсіне алмаған. 1901 жылы жас толқын жеткіншектерге арнаған «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңінде: «Елу бесте біз-дағы, Сенісер адам таптық па?» десе, осы жылғы келесі өлеңінде:

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға күнім түсті, -

деп күйзеледі.

Көріп отырмыз, шығармашылығы – ойшыл ақынның жаны, рухы шаршағанының куәсі. Естеліктерде денесі ауыр тартқан, қажыған, қартайған Абай бой көрсетеді. Тұраш өмірінің соңында «әкемнің ашу азайып, мінезі жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты» деген пікіріне мысал-дәлелдер келтіреді.

Осымен, екінші Абай бейнесіне келейік. Бұл кездерде Абай үлкен дәулет иесі. Семей оязы Навороцкий 1903 жылдың 26 тамызында жазған рапортында былай деп дерек береді: «Сіздің құзырыңыздағы Шыңғыс болысының қырғызы ибрагим Құнанбаев 60 жаста, 3 әйелі бар, иелігіндегі малы – 1000 жылқы және 2000 қой». Сөйтіп, сырт көзге ұлы ақын өле-өлгенше дәулет иесі, ел ағасы болып қала берген. Бұл заңдылық та. Қазақтың қоғамдық ой-санасы өсуіне, әдебиеті мен мәдениеті жетілуіне орасан ықпал еткен санаркердің өмірі тыныш, бірқалыпты өтуі мүмкін бе жоқ, әрине. ХХ ғасырдың басында Абайға, Ысқаққа қараған ауылдар саны жиырмаға жетті. Осы ауылдарға ие болу, бағындыру, билік айту жұмысын Абай аянбай-ақ атқарды. Тек 1896 жылдардан беріде немере інісі Кәкітай мен сүйікті ұлы Мағауия ауырды өздеріне алып, Абайдың алдын кісіден, өзін сөзден босатқан еді дейді көзі көргендер. Бірақ бұл тыныштық тапты деген сөзіміз емес. «Абайға сәлем беріп, амандасуға келдік» деп алыстан ат арылтып жеткен ағайын қарамы, әсіресе жазғы жайлау төсінде жылдан жылға көбее түспесе, азаймаған.

Бір тәуірі, «Ғақлиат-тасдиқат» трактаты ойшылды өзі айтқан «мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін» я болмаса «сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» деген бей-жай халден құтқарды. Бар күш-жігерін сарқа жұмсаған шығарма 1902 жылы аяқталып, соңғы нүкте қойылды. Ал келесі жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі – жалпы шығармашылығының соңы.

Қазақтың Абайы руханият пен пәлсапа ғылымының ең биік шыңын бағындырды. Осымен, адамзатты адасудан арылдырушы шапағат иесіне, киелі тұлғаға айналды.

1902 жылдың 11 мамырында бүкіл ғұмыры қайнаған өмірдің ортасы, ат үстінде өткен Құнанбайдың Абайдан кейінгі баласы Ысқақ дүние салған. Келесі 1903 жылы «ағайын ішінде Абайдың өсиетінен, мінездерінен көп үлгі алам дейтін жақынның бірі» (М.Әуезов) Шәкәрімнің тете ағасы Шәке де көз жұмды. Шәке өлгенде Шәкеріммен бірге Абай да сол ауылда қона жатып, қырқына дейін зиратын қалатып береді. Қайталап айтайық, бұл Абай шығармашылығын тоқтатқан кезең болатын.

Көріп отырсыздар, ұлы өмірдің ақтық кезеңін Абайдың екі бейнесі жөніменен, яғни «екіге бөлінген жүрек» қайшылығымен түсіндіруге талпындық. Абайдың жан дүниесі жұмбағын ашудың кілті осы бағытта деген ойдамыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 54 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: