10:57 Абайтануға айқындама | |
ЕКІГЕ БӨЛІНГЕН ЖҮРЕК Абай эволюциясына бойлау – күллі қазақ философиясы мойнына жүк есепті. Ол жұмбақтың бетін ашып алмай тұрып, Абайдың өмірін терең білдік деу бекершілік болады. Сондықтан мәселені тағы бір пысықтап өтпекпіз. Ақын Абай: Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі, - деп өзі айтқандай, рух өрісінде ойшыл әуелі ғалым, онан кейін хакім, онан кейін әулие-хакім деңгейі дегендей дәйім сатылау, өрлеу үстінде болған. Көпке аян, адамның рухы – ғарыштың бір бөлігі, ал тәні топырақтан жаралған. Бірақ бұл бөлініс жәй адамнан білінбейді, егер байқалса, тек данышпандар арқылы ғана байқалады. Өйткені адамның болмысы – универсумға ұқсас. Ғарыштың біртұтас өзара байланысқан бірегей болмысы (универсум) туралы танымды ғылымда «космология ілімі» дейді. Абайда «жүрек» ең жиі кездесетін культтік сөз. Мысалға «Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деуі бейне тұтасқанын байқатса керек. Біріншісі – өмірге үйлесуі мүмкін емес, әулиеге айналған Абай да, екіншісі – өзгелерден аумайтын, күнделікті өмір ағысымен елдің сөзін ұстаған, ел жұмысына кірісу «абайлығына міндет болып қалған» (Әуезов) беделді Абай. Шын Абай қайсы, оның көлеңкесі қайсы? Жұмбақ осы арада. Бірақ бұл өзге түгілі, абайдың өзі де айырып біле алмаған хал. Өзі туралы «Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес» дегені осы ойға жетелейді. Хадис: «Мүминнің екі жүрегі бар: бірі – қанаушы, бірі – сабыр етуші» деген. Мұхаң да: «екіге бөлінген жүрек» деуімен осы халді топшылаған сияқты. Әуелі әулие Абай бейнесіне тоқталайық. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенді тек ұлы сенімнің егесі ғана айтары хақ. Ішкі өмірдің күй сарыны осы бағытта қалыптанады. Тәңіріні таныту өрісінде айрықша миссияны атқарғаны сол. Абай өзінің қайта тумас данышпан екенін де жақсы білді. Шығармашылық жұмысты тежеп, тоқтатуы содан. Ибн Араби өзінің «Данышпандық мөрі» атты эзотериялық шығармасында «Кәміл дам жүрегінің тиянағы – Жаратушысын танып-білу» десе, Руми оны былайша қостайды: «Бақытты өз жүрегінен табатын адамды әулие дейміз». Әл-фараби бабамыз: «Тәңіріні тану ең жоғарғы ғылым, онан биікті ештеңе де жоқ» деп қорытады. Асылы, әулие Абай Тәңіріні тану ғылымына соны жаңалығын әкеп, сүбелі үлесін қосты. Мұндай рухани кеңістіктің ұшар биігіне шыққан данышпан төменге қайта түспейді. Міне, қолына қалам алмауы және айналасына түсініксіз жұмбақ жан көрінуі содан деген ойдамыз. Қалай болғанда да, ұлы өмірдің соңғы бөлігі әулиелік халімен ерек. Бұл жұмбақ хал, жоғары айтылған космологиялық таныммен өз түсінігін табатын сияқты. Әсілі, бұл Американы ашу емес. Суфизмде «өлуден бұрын – өлу» делінетін хал. «Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ», - деуімен Мұхаң да осы халге меңзеген болар, бәлкім. «Мен өзі тірі болсам да анық тірі де емеспін, - дейді ойшылдың өзі. – Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлегінм де өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» (9-сөз). Өлең сөзінде де осы халін жасырмай ақтарып салады: Жүрегім менің – қырық жамау Қиянатшыл дүниеден. Қайтып аман қалсын сау Қайтқаннан соң әрнеден. (1899 ж.) (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |