21:55
Абайтануға айқындама

МАХАББАТ-ШАПАҒАТ ИЕСІ

Тұрағұл Абайұлы есіне алады:

«Қарасақау (шын аты – құсайын) деген ұры болған жігіт, ол кәсібін тастап, Абайға 30 жылдай атшабар болып қызмет етеді. Құсайынов Қасен айтқан естеліктен бір үзінді алайын: «1900 жылы мен 13-те едім. ...Жайлауда әкеммен ілесіп Абайдікіне келдім. Абай маған қарады да:

- Оқып жүрсің бе? – деді.

- Оқып жүрмін, ата, бірақ қарындаш-қағазым жоқ.

- Балаңа неге қағаз, қарындаш алып бермейсің? – деді Абай менің әкеме.

- Әпергенмін, бірақ жоғлатып алған шығар, - деді сасып қалған әкем.

- Әй, Қарасақау, сенің әкең де оқымаған, өзің де оқымаған адамсыңдар. Егер сендер оқыған болсаңдар, Көкшенің бір білікті адамы болар едіңдер. Енді мына балаңды оқыт, керегін толық етіп тауып бер, оқымай адам болмайды, - деді де, қасында тұрған сары сандықты ашып, маған 20 шақты табақ қағаз, бір қарындаш алып берді. үстіме шыт жаңа көйлек-ыстан киіп, қарындаш-қағазға қарық болып қуанып, ертеңінде үйге қайттым».

Абай мейірім-шапағат иесі болғанының бір мысалын Т.Әлімқұлов өзінің «Жұмбақ жан» кітабында келтіріпті. Ол Абай ауданының тұрғыны қарт әжей Мақыптың қайын атасы Қорамжан туралы естелігі. «Ұрлықты кәсіп еткен атам Қорамжанға «Сенде бір бұйымтайым болып тұр, бересің бе?» - депті Абай. Атам сасып қалып: - Алыңыз, алыңыз... – дейді. – Ендеше, Қорамжан, ұрлығыңды бер! – Берейін, берейін... бірақ мен қайтып күн көрем? – депті атам. Абай аз ойланып тұрып: - Жаныма көшіп кел! – депті».

Осылайша, Қорамжан отбасымен Абай ауылында Мағауия қайтыс болған 1904 жылға шекті тұрады. Мағауияның жетісінен кейін: «Сендерді енді өз ауылдарыңа көшірейін деп отырмын. Мен де енді қанша өмір сүрер дейсің. Көзімнің тірісінде көшіңдер», - деп, Абай «Бізге екі бие, екі түйе, бір сиыр берді. киіндірді. Біз жігітек руы отырған Сарыкөл деген жерге көшіп бардық. Бір айдан соң «Абай қайтыс болды» деген хабар келді ауылға», - деп сөзін тәмамдайды Мақып әжей.

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңінде:

Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ,

Аңдыстырған екеуін, Құдайым-ай! (1888 ж.) –

демей ме Абай. Қоғамның басты құндылығы – адам. Сол үшін данышпан мейірлі болуды өзінің өмірлік ұстанымы етті.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! (1899 ж.)

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген пәлсапалық өлеңінің түйіні осы. Табиғатта тым сирек бір келі металды алу сан талай тонна тау кенін қопаруды талап етеді. Сол сияқты Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген ұзақ өмір тәжірибесін қорытып айтқан аса құнды өсиет екені сөзсіз.

Тоқ етері, махаббат – Алланың көрінісі, ол бір Тәңірінің барлығының дәлелі деп әлемдік діндер де, танымал ғұламалар да паш етеді. Бірақ «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан ғұламаң қайсы? Иә, қазақтың Абайы осынау теңдессіз ұлағат-ұстанымның авторы. Махаббат дәнін сепкен, рухты баптап өсірген ғұлама хакімнің күллі адамзатқа төрелік айтуы заңды құбылыс.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 44 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: