10:15 Абайтануға айқындама | |
МАХАББАТ-ШАПАҒАТ ИЕСІ Махаббат деген, қысқа айтқанда, Алланың нұры. Егер жер бетіне Күн сәулесі түспесе, тіршілік атаулы жойылар еді. Сол сияқты махаббатсыз «дүние бос», яғни онсыз адам өмірі – мағынасыздық. Әділеттілік жайлы да осыны айтамыз. Абай Алланың бұйрығы, заңы – махаббат, әділет екеніне көзі жеткен кемеңгер. Оған өмір мысалдары бойынша көз жеткізелік. «1901 жылы біздің мырза («мырза» бұл жерде ру аты( Байбосын Меккеге бармақ болып, соның жайын Абайға айтып ақылдаспақ болды, - деп есіне алады Стамбек Қияқбаев ақсақал. – Маған атшы болып жүр деген соң еріп Абайдікіне бардым». Абай жаңағы Байбосынға «сенің інің Малбосын ұрлықпен мал көбейтсе, сен онымен қажыға барасың, одан түк шықпайды» деп алған бетінен қайырады. Онан соң Стамбектің қойған сұрақтарына жауап бере отырып, айтқандары мынау: «Әділет қайда болса, зұлымдық сонда деген сөздің не екенін білесің бе? – деді. Мен: «Абай аға-ау, өзіңіз айтпасаңыз мен қайдан білейін? – дедім. Сонда Абай: «Зұлымдық әрқашан да өмірден қалмайтын нәрсе, әділетсіз жерде зұлымдық көрінбейді, зұлымдықтың бетін әділет ашады», - деді». Әсілі, махаббат пен әділет бірі бірінсіз жарым. Абайдың 38-сөзінде «ғадәләт-мархамат» деген жаңа терминді айналымға енгізгені содан. Абыз Абай 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне киім үлгілерін жіберіпті. Бұл туралы архивтік деректі Омбы қаласының мемлекеттік мұрағатынан Семейдегі Абай мұражайының қызметкерлері тауып әкелді. Құжатта Халықаралық көрмеге атсалысқан тоғыз қазақтың ішінде Ибрагим Құнанбаев екі киім үлгісін («костюм киргиза и мальчика») жіберді деп көрсетіліпті. Осы жылы әйгілі «Ескендір» поэмасын жазған деген болжам да бар. Жазда Абай үйден шығып, көлеңкеге сырмақ, кілем төсетіп отырады екен. Мал баққандар, бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел-еркек, қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздаған болса да білетұғын өнерлерін байқап ап тапсырма береді. Біреуіне өлең айт дейді, біреуіне ән сал, біреуіне күй тарт деп домбыра беріп, кейбіріне тақпақ, жаңылтпаш, кейбіреуіне күлдіргі әзіл-қалжың айттырады. Өзі де солармен бірге қызықтаса күліп рақаттанып отырады. Міне, Абайдың «күндегі әдеті» (Әрхам) осы болған. Адалдық, әділдік, арлылық Абайда тумысынан, ал тәубешіл, сабырлы, төзімді, мейірімді болу сияқты көркем мінездерді өзін-өзі тәрбиелеудің, өсу мен жетілудің ұзақ жолында қосқан. Тұрағұл әке мінезі жұмсарып, дағдысы өзгергені жайлы былай дейді: «1897 жылы май айының басында үлкен ауылға (Жидебайға) келсем, әкем ұранқай үйінде екен. ...Мен сәле беріп кіріп келгенде, сәлемімді алар-алмастан «Сыртқа (Бақанас жайлауы) шығасыңдар ма?» - деді. Мен: «Оған бізде жүк артар түйе жеткіліксіз ғой», - дедім. «Мен түйе жинап берейін. Сыртқа шығыңдар», - деді. Сол үйде отырған Оразалы деген балалау жігітті Есіркеп деген сыбайласының ауылына жіберді, үш түйесін берсін деп. Есіркеп орташа мал біткен адам, Жортардың балаларының ішіп-жегенінен қашып, 2-3 жылдан бері менің әкемді паналап отырушы еді. Оразалыға «түйем жоқ» деп, түйе бермей жіберіпті». Есіркептің түйе бермегені, оны Абайдың ренжімей қабылдауы – Тұрағұлды қайран қалдырған. Тағы Тұрағұл 1904 жылғы бір мезетті есіне алады: «Менің балам Жәбірейілді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанда, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді: - Қаны тартып, жүрегі сезіп тұр, - деп қатты рахаттанып қалды. Мен: - Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой, - деп едім, «Сен білмейсің», - деп мені тыйып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды». Немерелері «аталаған» Абайға «Сәлем берелік»» деп ат сабылтып келіп-кетіп жатқан дос-жаран, құдандалы туыс, алыс-жақын қонақтар көп болған. Кемеңгер бәрі-бәрін өле-өлгенше жылы қабақпен қарсы алған. Ой көзімен қарасақ, «Адамды сүю» деген де, әулиеліктің нышаны да осы. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |