09:57
Абайтануға айқындама

КЕМЕҢГЕРДІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ НЕДЕ?

Айта кетері, ислами жат ағым өкілдері біз таухидті меңгердік, бір Құдайдың затын таныдық, мекенін білдік деп жүр. Ьұл бос сөз. Абай Құдайдың мекені қайсы деген даулы мәселеге «Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкән», яғни «Құдай мекенсіз», - деп жауап берген. Мұны қазақы түрде «Құдай әр адамның жүрегінде» және «Әділет, мейірім қай жерде болса, Құдай сонда» деп ұқсақ та болады.

Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Ғұлама ойшылымыздың бірі Мәшһүр Жүсіп Құдайдың затын тану мүмкін еместігін осылайша жеткізген. Адамның шектеулі ақылы шексіз Алланы танып-білуге дәрменсіз. Бірақ адам баласына есесіне Алла тағала жаратқан материалдық әлемді, Абайша Оның «жаратқан көлеңкесі» мен «хикметтерін» танып білу мүмкіндігі берілген. Адамзаттың даму жолы мен ғылым жолы бір болатыны сол.

Қорыта келгенде, Абайдың даралығы, кемеңгерлігі ол ашқан күллі адамзатқа ортақ рухани жаңалықтар һәм идеалдармен өлшенеді. Олар аз емес, біз кейбір бастыларына тоқталдық.

Хакім Абайдың көпшілікке жұмбақ, жабық күйде қала беретіні несі? Себебі, айтқандарын түсінуге даярлық, белгілі бір парасат биігі керек. Абай жаңалығын жеткізе білудің өзі де жаңалық. Жастарымыз дінде адаспауы үшін айтылған жайларды тағы бір пысықтай кетелік. Біз әуелі Алланың хикметін танудың құралы – ғылым деп түсінік бердік. Онан соң, махаббат пен әділет те Тәңірінің ісі, хикметі екеніне көз жеткіздік. Сөйтіп, Құдайдың бұлжымас үш заңы бар. Олар: ғылым, мейірім, әділет. Міне, таным атаулының атасы – осынау үш феноменді анық білуге саяды. Олар жеке адам өмірі мағыналы болуына да, қоғамдық сана толысуы үшін де айырықша құндылық.

Бақсақ, Абай өсиеттері Құранға негізделген. Ислам ілімі діншіл бол, күні-түні мешіттен шықпай сәжде қыл демейді. Жақсы адам, яғни хақ мұсылман – «уәлләзинә амәну уә ғамалус-салих» істеуші. Араб сөйлемінің қазақшасы: иман келтіру һәм жақсы іс-амалдар істеу. Осынау екі шарт-қағида Құранның күллі мағынасын (тәулиін) өзіне сыйдырып тұр. Бірінсіз бірі жарым. Абай да Құдай тағаланың салған жолы – осы екі шартты орындау деген. Осы танымнан «босанбаңдар!» дейді.

Абай түзген имандылық формуласы – Тәңірілік үш феноменді (ғылым, мейірім, әділет) мойында, оларды күнделікті өмірде нық ұста деген мағынаға саяды. Құдай жолы дегенге – «Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Хақ жолы осы әділетті» деп анықтап береді. Көпке пайдасы жоқ, тек ахиреттегі қамын жеген «діншіл» кісіні «Харекетсіз – сопы монтаны» деп сөгеді.

«Фауст» атты мәңгілік еңбектің авторы, әйгілі Гетені Еуропа елдері көзі тірісінде-ақ басына көтергені белгілі. Бірақ немістің кемеңгер ақыны өз өмірі жайлы басқаша пікірде болған. Ол өзі туралы берген соңғы сұхбатында: «Мені жұрт тағдырдың еркесі деп таниды, өз өмірім туралы өсек айтып, өкініш жұтып неғылайын. Маған бұйырғаны – ауыр бейнет пен күш жұмсау ғана болыпты. Жетпіс беске дейін өз қалауымша бір ай да өмір сүре алмаппын. Бейне өмір бойы қойтасты көтерумен өттім, әйтсе де әлгі тасты қалаған жеріме қоя алмай өтіп бара жатырмын», - деп күрсініпті. Бұл жерде Гете, әрине, шығармашылық азапты, өз сөзінше «қойтасты» көтерудің қаншалықты бейнет екенін айтып отыр.

Біздің Абайдың өзі туралы «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Не ол емес, бұл емес, менің де күнім – күн емес», «Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір», «Кешегі дос бүгін жау, мен не қылдым, япырым-ау?» деген толғаныстарына қарағанда, қазақ ойшылының мұңы Гетенікінен асып түспесе, кем болмағанын шамалаймыз. Өйткені, абайдікі шығармашылық бейнетке артта қалған елінің соры, мұңы қосылған зіл батпан ауыртпалық.

Сонымен, «кемеңгердің кемеңгерлігі неде» дегенді тағы бір пысықтайық, кемеңгерлік мәні – хақиқатты таныту арқылы қауымға Алла тағаланың салған тура жолын көрсету. Абай осы шартқа толық лайық әлемдік деңгейдегі данышпан тұлғамыз.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 41 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: