08:42 Абайтануға айқындама | |
«ТОЛЫҚ АДАМ» ТАНЫМЫ Сонымен, Абай сомдаған идеал қайсы? 1894 жылғы әйгілі «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде: Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да қуғанға. Әділет-шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға, - дейді Абай. Бұл жерде данышпан ақынның адам баласына қайрат пен ақыл жеткіліксіз, кімде бұл екеуі жүрекке бағынышты, яғни кім әділет-шапқат иесі болса, сол нағыз адам деп өсиеттегені сөзсіз. Бұл жәйтті 1896 жылғы «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде Абай былайша жеткізеді: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Айтпақшы, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек, - деуімен «толық адам» идеалын тағы бір нығарлайды ақын. Көрдіңіз бе, Абай сомдаған идеал «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстауымен» ерекше. Немістің ұлы перзенті и.В.Гетенің пікірі: «Адам әлемдік мәселелерді шешуге туылған жоқ, оларды түсінуге, соларға жол тауып, өз мүмкіндіктері аясында ұстануға туылған. ...Құдіретті ақылды адам ақылымен салыстыру еш мүмкін емес». еуропа ойшылының айтпағы – адамның мүмкіндіктері шектеулі, оның ақылы Құдіретті ақылдың (Құдайдың) заңдарын білуге берілген. Сайып келгенде, Абай мен Гетенің пайымында пәлендей айырма жоқ. Екі ғұламаның да ұстанымы «Кім Құдайдың заңын (махаббат, әділет) бұзбай, адал еңбекпен өмір сүрсе, сол толық адам» деген мағынаға саяды. Абайдың толық адам идеалы ортағасырлық ғұламалар сомдаған «кәміл адамның» көшірмесі деу асығыстық болады. Абай 38-қарасөзіндегі белгілі жәуанмәртлік үш хасләтке: «Бұл үшінен: сидддық – ғадәләт болар, кәрәм – шафағат (рахым, мархамат) болар, ғақыл – мағлұм дүр ғылымның бір аты екендігі» деп өзіндік «түзетулер» енгізеді. Абайтанушы ғалымдар «толық адам» қазақ данасының Алла тағала болмысы бойыша іздестірген және сол арқылы дәлелдеп шыққан төл танымы деген ортақ пікірге келіп отыр. Өйткені, Абай адам баласының хас қасиеттерінің түп-тегі ғадәләт, рахым, ғылым екенін тұңғыш анықтаған ғұлама хакім. Сөйтіп, абайтанудың негізін қалаған мұхтар Әуезовтің: «Абай қоғамдық өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді», - деген көрегендік пікірі ескірген жоқ. Белгілі абайтанушы М.Мырзахметов: «Абай – біздің рухани қазынамыз және ол бізді аласапыран дүниеде адастырмай, дұрыс, тура жолға бастайтын, бірегей ілімі бар адам. Мұндай ілімі бар адам көп халықта жоқ, Еуропада да жоқ» деп тұжырғанында шындық ауылынан шығандап кетпегені анық. Бір ғанибеті, Англия еліндегі атынан ат үркетін Кембридж университетінің мамандары соңғы 15-20 жыл ішіндегі ізденістері негізінде «замануи педагогика іргесіне адамдық үш қасиет идеясы қалануы керек» деген тұжырымға табан тірегені белгілі болып отыр. Олар. «хет» (ағылшын тілінен «бас» деп аударылады), «хенд» («қол», яки адал еңбек деген сөз) және «хард» (жүрек)». Бұлар жеке-жеке жарытпайды. Үшеуі тұтастықта болса, жақсы сол. Идеяның мәні – әр адам біреудің жетегінде кетпей, өз ақылын қолдана білуі, яғни қайрат қылуы керек дегенге саяды. Абайдың «толық адам» танымы керек дегенге саяды. Абайдың «толық адам» танымы және «жақсы ұстаз жас ұрпақтың бойында адами үш қасиетті қалыптастыруы керек» деген идеясы әрқашан да өміршең. Жаңағы әлемдік тәжірибеден алынған мысал соның айқын дәлелі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |