22:03 Абайтануға айқындама | |
«ТАСДИҚ» ҚАШАН ЖАЗЫЛҒАН? Абай Тәңіріні тану, рух болмысы, рухани ғарыш, универсум деп аталатын ғалами өлкені зерттеуге қадам басты, оған Мұқыр оқиғасы да түрткі болды. Өкінішке қарай, 1898-1902 жылдар аралығына келетін Абай өмірін ғылыми дәйектеп, айқындап жазуға кеңестік дәуірде мүмкіндік болған жоқ. Эпопеяның «Түн-түнекте» тарауынан мына бір үзіндіні алайық: «Абай күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен ойлар күздің ақ сұрғылт бұлтындай. ...Тағы бір сағаттарда Абай ишан, имам, халфе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. Олардың жер-жебіріне жете, ызалана соқтығады. «Молдалар былай тұрсын, хұсусан (әсіресе) бұл заманның ишандарынан да бек сақ болыңыз. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Олардың барлық қуаты – басындағы сәлдесі, қолындағы тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның наданы, зорлықшыл жыртқышы, топасы солардың өзі!» деген жолдарды жазып, ызалы көңілі ширығып отыр еді». Мұхаң осы сөздерімен Мұқыр оқиғасынан кейінгі Абайдың күңгірт көңілін де, оны қаумалаған ойларды (яғни «Тасдиқ» трактатын жазған шақтағы шығармашылық зертханасын) да тап басып, айтқан. Бірақ әңгіме сонда, діни-теологиялық трактат осы кезеңдікі деп айтып-жазуға жол кесілді. Мұның құны қымбатқа түсіп отыр қазір. Орыс жазушысы Николай Анастасьев 2008 жылы ЖЗЛ сериясынан шыққан «Абай» атты кітабының соңы, 336-бетінде: «Первое свое «Слово» Абай записал в 1890 году, последнее «Сорок пятое» - в 1897-м» дей келе, таңданысын жасыра алмай былай деп жазады: «Жизни ему еще оставалось семь лет, так отчего ж оборвал он эту речь, в которой запечатлелись и опыт прожитых лет, и мудрость знания, и прозрения, и иллюзии – все?» Мінеки, егер шындық қалпына келтірілмеген жағдайда «Абай соңғы 7 жыл бойы үнсіз қалған ба» деп жалғыз мәскеулік жазушы емес, бүкіл әлем жұртшылығы қайран қалмақшы. Сондықтан да «Тасдиқ» қалай жазылған дегенді арнайы қозғап отырмыз. Әлденеше рет айтылғандай, Абай уақытқа үнемшіл, сараң болған. Шай-екеш шайдың өзін сораптап отырмаған. «Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салатын» (тұрағұл). Әсіресе даналық трактатқа кіріскен 1899-1902 жылдарда Абай отбасы, бала-шаға қамы дейсіз бе, күнделікті күйбең тіршілік немесе ел жұмысы дейсіз бе, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, талас-тартыс пен әурешіліктен өзін мейлінше аулақ ұстауға тырысып бақты. Ұлы ойшыл шығармашылығы көбіне түнгі уақытта жалғасқан. Осыны Абайдың қолында өскен, ақын дүниеден өткенде 19 жаста болған Әрхам Кәкітайұлы айтады: «Шам жаға кіріп, шай ішіп болған соң үйдегілерді шығарып жіберіп, оңаша қалып кітап оқуға кіріседі. Анда-санда қағазға жазып қойып отырады. Содан түндегі ет піскенде 4-5 жапырақтай ет жеп, бір тостағандай сорп ішеді. Кей уақыттарда бізді де өз үйіне төсек салғызып беріп төрдің алдына жатқызады. Сондағы көргеніміз: Абай кей түнде ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады». Ескерте отыралық, бұл сөз 1897-1902 жылдар туралы. Енді Абай мен еркежан бәйбішенің бауырында өскен Уәсилә Мағауияқызы (1890-1954) сөйлесін: «Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып, не кітап оқып отырушы еді. Түнде қонақтар мен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын, не жазатын, біз әкем ыңғай хат жазып отыр ма, болмаса Құран оқып отыр ма деп таңданушы едік». Бұл да Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» трактатын жазған шағы екені сөзсіз. Мәскеулік қаламгер Н.Анастасьевтің «Абайдың соңғы 7 жыл бойы үнсіз қалғаны несі?» деген күмән-күдігін жоққа шығаруға келтірілген екі мәлімет жеткілікті сияқты. Өкінішке қарай, хакім Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» атты даналық шығармасы әлі күнге «38-қарасөз» делінуде. Солақай саясат кесірінен өзге қарасөздердің ішіне тықпаланып, осылай аталды. Енді Абай қойған төл атауын қайтару, күрделі еңбекті текстологиялық қателерденарылту, әрбір тезистік сөйлеміне сапалы түсініктемелер жазу ауадай қажеттілік. Бұл олқылықтарды түзетпей, сол қалпында қалдыру – ұлы ойшыл рухына қиянат. Бұл – бір. Екіншіден, Абайдың хакімдігін әлемге танытамыз десек, ұстаздың төл трактатын алдымен өзіміз жүйелеп, жіліктеп танып-біліп алуымыз керек. Абайдың хакімдігі хақында белгілі абайтанушы, академик Ғарифолла Есім былай деп жазады. «Хакімдік ғылымнан биік нысана. Оның кеңістігі – рухани әлем. ...Абай пайғамбар емес, бірақ оның да білімі рухани білім. Ол біз сияқты университет, аспирантура, докторантура оқымаған, бірақ оның біліп айтқандарына бүгінгі зиялы басымыздыиіп отырамыз. Демек, Абай әлемінің рухани кеңістігі ғарыштық мазмұнда. Бұл хакімдерге тән қасиет». Сонымен, дана Абай жарық дүниенің өткінші, жалған арқылына алданбай, бір Аллаға ғашық болды, соңғы ақиқатты танып, оған жетуге бар болмысымен берілді. Осылайша 1898-1900 жылдары шаршамай-талмай еңбектеніп, хакімдік шыңға шықты. Басқаша айтқанда, жалпы адамзаттың, әлемнің абайына айналды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |