09:20
Абайтануға айқындама

АРХИВТЕН АЛЫНҒАН ҮШ АЙҒАҚ

Сауданы, баюды мақсат тұтпаған Абай шаруашылық жайына қашанда көзінің қырын сирек салатын. Енді кемел, дана болып толысқан шағында үзілді-кесілді шеттейді. Би, болыстық қызмет жайлы да осыны айтамыз. 1897 жылдан бастап, билік тізгінін артқы толқын жастар өз қолына алды.

Мән-жайға қанығу үшін алдымен осы жылғы сайлау жайлы Әрхам Ысқақовтың естелігінен бір үзіндіні келтіре кетелік. «Әзімбай осы сайлау алдында болыстыққа іштей тартыс қылса да, - дейді Әрекең, - қолдаушы елі басқадан аз болатын болған соң ақылбайды шақыртып алып:

- Осы сайлауда болыстықты сұра, сен ит те бір ширап адам болсаңшы. Абай Мағауияны болыс сайламақшы деп естідім. Оның сенен жасы кіші ғой. Сенің үйің бауырда елден аулақ. Онан қорықпа, кеңсең менің аулымда болсын, барлық шығының менен болсын, - дейді. Ақылбай оған келіседі. Сайлау басталарда Мағауияға барып:

- Осы сайлауда мен болыс болайын деп едім, - дейді. Мағауия барып Абайға айтса:

- жоқ, ол болмайды, оның ақылы мәлім емес пе. Оны тағы Әзімбай азғырып отыр ғой, - десе, Мағауия:

- Әке, біз жақсы, жаман болса да Ақыл ағамнан құтыла аламыз ба. Жол сол кісінікі екенін рас емес пе. Болыс болғанмен ол не бітіреді, - деп Абайды көндіріп, ақылбайды болыстыққа сайлатады».

Абайдың орнына Ақылбайдың болыс сайланған жайы осы.

Енді бұрын-соңды жарияланбаған архивтік деректерге көз тігелік.

Заманында Генерал-губернатор канцеляриясы «Киргизская степная газета» (қысқаша «Степная газета») атты басылымды шығарған. Ол жарлық, бұйрық атаулыны жер-жерге, облыс-облыстарға жеткізу мақсатында жұмасына бір рет Омбы қаласында жарық көріп тұрды. Ос басылымның үш саны қолымызға түсті.

1897 жылдың 12 қазанындағы саны. Онда Семей облысы Шыңғыс болысында өткен сайлаудың нәтижесінде болыстыққа Ақылбай ибрагимов, ал болыстың кандидаты лауазымына Мағауия ибрагимов өткені хатталған.

Аталмыш басылымның 1900 жылы 20 ақпанындағы саны. Онда Ақылбайдың денсаулығы сыр беруіне байланысты орнына Мағауияның сайланғаны көрсетілген. Нақтылық үшін газеттегі мәтінді сол қалпында келтіре кетелік.

По Семипалатинской области

Увольняется от должности, согласно желания, по болезни Чингизской волостной управитель Семипалатинского уезда Акылбай Ибрагимов.

Утверждается в должности, согласно выбора общества, на текущее трехлетие Волостного Управителя кандидат по управитель Магавья ибрагимов.

Подписал: Военный губернатор Генерального штаба генерал-лейтенант Карпов.

Газеттің 1902 жылдың 24 шілдесіндегі саны. Онда мынадай бұйрық жарияланған: «Управитель Чингизской волости, Семипалатинского уезда Шакирим Худайбердин». Демек, Мағауияның үш жылдық мерзімі аяқталған соң, Шәкәрім сайланған.

Сөйтіп, «Степная газета» деректерінен 1897-1905 жылдары билік тізгінін ағалы-інілі Ақылбай, Мағауия және Шәкерім кезектесіп ұстағанын көреміз. Ақылбайдікі сияқты Мағауияның денсаулығы да сыр берген соң, болыстық тізгіні Шәкерімге тигенге ұқсайды.

Шежіре қария Бекен Исабаев өзінің «Ұлылар мекені» атты кітабында Құнанбай ұрпағының билік тізгінін уысында ұзақ ұстағаны соншалық – тіпті жұрт аузында: «Құнанбайдың тұқымы кісі бар екенін күнту болыс болған соң, Құдай бар екенін Оспан өлген соң білді», - деген сөз қалған деп жазады.

Зерделесек, мәселе мәнісі тереңде. Болыстық, бүгінгі тілмен айтқанда, әкімдік сайлау (тағайындау емес) әдетте заңға сәйкес, әділеттілік ұранымен өтіп отырды. Ақылбай, Мағауия, Шәкәрімдер Абайдың баласы, інісі ғана емес, тәлімді шәкірттері. Сондықтан халықтың басқаны емес, осыларды қалауы, қолдауы – бес болыс тобықты елінің Абайға деген ерекше қадір-құрметінен десек, қате айтқандық бола қоймас. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 56 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: