09:36 Абайтануға айқындама | |
АБАЙДЫҢ МАҒАУИЯҒА ХАТЫ Абай Семей шаһарына сапаға шыққанда ғылыми ізденіс (кітапхана, статистикалы комитеттің мәжілісі) жайымен және тұрмыс жабдықтарын реттеу, жәрмеңкеге, сауда-саттыққа қатысу істерімен барған. Семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай мұражайының сирек қорынан Абайдың Мағауияға жазған хатын тауып алды. Хат туралы дерек «Сүйінші!» деген айдармен «Абай» журналында жарияланды (1997, №4). Хаттың құндылығы, оны Абай өз қолымен жазған. Араб әрпімен жазылған хаттың мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бөкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (бұл сөз түгел сызып тасталған екен) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін. Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала, Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана. Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды, Единица сыфат деп біл тек қана. Көп білгенге көп надан болады қас, Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас. Бәйтерек те күндейді көлеңкесін, Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас. Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896-шы жылдың...» Бүгінгі күнге аман жеткен жалғыз хат осы. Ол Семейден қырға жолдаған сәлемі. Абайдың хатын кириллицаға түсіріп, жан-жақты саралаған зерттеуші Амантай Исаұлының. «Абай хаты – халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Абай мұраты, Абай арманы, Абай өлеңі, Абай мейірімі – бәрі де осында, үні естіліп, түсі көрініп, иісі жұпарланып тұр», - деген қорытынды пікіріне біз де қосыламыз. Бақсақ, Абай хатында тұрмыс қажетіне байланысты сатарлық малды жеткізуді бұйырған. Аттары аталған Мағауия, Ақылбай, Шәкерім және атқосшысы Бәкең (Баймағамбет Мырзаханұлы), әрине, жақын айналасы. Бұдан былайғы уақытта келтірілген хатты Абай жинақтарына енгізу борышымыз деген ойдамыз. «Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас» деген жол надан адам бар мен жоқты (жақсы мен жаманды) айыра алмайды деген мағынаны білдіреді. Жаңадан табылған қос шумақ өлеңге осы тақылеттес түсініктемелер берілсе игі. Қырда, мейлі, қалада жүргенде болсын халық қамқоры Абайды баяғыша ел тағдыры, қазағының қамы көп ойлантады. Қоғамға көңілі толмай, замандастарын сөге сынауға бейілді болады. Ойшыл әрі сыншыл болу – кемелдіктің белгісі. Жүректі ауыртқан жайлар сыртқа сұранып, ғақлия сөздер боп қағаз бетіне түскені де содан. «Қазақтың мінезін суреттеп, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталады». Жүсіпбек Аймауытовтың «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында асыл мұраға берген әділ бағасы осы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |