23:20
Абайтануға айқындама

«ҒАҚЛИЯ» КІТАБЫ

Қарасөздер он-он бір тақырыпқа бөлінеді. Кейбір тақырыптар бірнеше сөздің көлемінде қайталанып, кей тақырып бір-бір қарасөзде айтылуымен тоқталады. Мысалы, 1-сөзде Абай жазуға қалай кіріскенін баян етеді. Бұл ойларға қатйып оралмайды.

Енді қарасөздерді нақты қарастырып өтелік. 1-сөз кітаптың кіріспесі екені даусыз ақиқат. Абай оны тіпті нөмірлемеген де. 2-сөзде халықтарды салыстырады. Қазақ бағзы замандарда қағанат құрған, империялық сананың мирасқоры. Сол себепті ешкімді менсіне бермейтін өр халық. Осы мінезді көрсете келе, Абай осы заманғы талап – еңбексүйгіш, білімді болу, өзге халықтар осымен озуда екенін паш етеді. 3-сөз өз алдына бөлек тақырып. Бұл сөз – бағдарламалық сипатқа ие. Онда қазақ даласындағы билік жүйесі, яғни әкімдер, билер, соттар сөз етілген. Әлеуметтік әділеттілікке жету механизмдері һәм биліктің халыққа жақын болу жолдары айқындалған. Бұл өсиеттер өзектілігін бүгінгі күні де жоғалтқан жоқ, бір. Екіншіден, 3-сөз елдіктің бағдарламасы болған соң, оның сағасына кейінгі тармақ-тармақ ғақлияның күллісі құйылып отырады.

4-сөздің тақырыбы – күлкі туралы ойлаған ойы, сыны. 5-сөзде қазақтың кейбір мақалдары сынап, мінелген. Аталған бес сөзде бес тақырып қозғалды. Енді 6-сөзден бастап, тақырып қайталанатын болады. Мысалы:

6,8,9,10,14,23,26,29,33,39,40,41,44 сынды жиыны 13 ғақлия сөздегі тақырып ортақ. Ол – ел мінезін қозғау. Көбіне қазақтың жарамсыз, құбылмалы мінездері сыналып, әшкере етіледі. 7-сөзінде бала тәрбиесін айтқан. Жақсы баланы жаман тәрбие қайтіп қорлап, бұзатынын жеткізеді. 11-сөздің тақырыбы – билеуші топ, ұлықтарды сынау. 12,13,27,35,36-сөздер тақырыбы жағынан өзектес. Олар – дін мен иман мәселелеріне арналған. Абай Құдайға құлшылықтың мәні неде екенін түсіндіреді. Мұны да ескірген мәселе деп ешкімнің де айта алмасы анық.

Мінеки, біз Абайдың көзі тірісінде «Ғақлия» кітапқа кірген 41 сөзді түгендеп, саралаған болдық. Енді 27,38,43,45-сөздері қалып отыр. Бұлар «Ғақлия» кітапқа енбеген 1897 жылдан берідегі шығармалар. Ерекшелігі – «қазақ» деген сөз, жалпы «қазақылық» ұғымы мүлде жоқ. Тек жалпыадамзаттық тақырыптар қозғалады. Олардың ортақ сипаты – ұлт ұстазы сатысынан әлем ойының алыбы шыңына қадам басқан Абайды бізге нақтылы танытып береді.

Атап айтар болсақ, 27-сөз (төл аты «Сократ хакімнің сөзі») және 43-сөз (тән мен жан, жан қуаты турасында) 1897-1898 жылдың қысында жазылған. 38-сөз (төл аты «Ғақлиқат-тасдиқат») Абайдың 4 жылдай (1899-1902 жылдар аралығы) тынымсыз жазған көлемді трактаты. 45-сөз соған қосымша шағын шығарма. Енді 37-сөзге келер болсақ, ол Абайдың афоризмдері, қазақша нақыл өсиеттері. Олар алғаш рет 1896 жылы жинақталған. Мүрсейіт қолжазбасында 37-сөз «Насихат» деп аталып, бөлек көшірілген.

Құран аятында: «Қандай да бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», - делінген. Абай да «Ғақлия» кітабын «қалың елім, қазағым» оқысын, қорытынды шығарсын, өзін-өзі түзесін деген мақсатпен жазған. Абайша халқына жаны ашу деген онымен қоса жылау емес, оған дамудың дербес жолын айқындап беруге саяды.

Сонымен, «Қарасөздер» тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды емес. Ол өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан, қорытылған бірегей ілімді ХІХ ғасыр кемеңгерінің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп берген танымдық мәні зор туынды. Яғни Абай «Ғақлия» еңбегі арқылы қазақ халқының рухани-діни көзқарастарын жүйеге салды, танытып берді. сондықтан да ол кемел Абайдың ұлт ұстазы тәжін кигенінің асқақ айғағы.

Әлемдік әдебиетте Кейқауыс патша баласына арнаған «Кабуснама», француз ойшылы Монтень жазған «Тәжірибелер», орыс ойшылы Чаадаев жазбалары бар. Бірақ Абай ғақлиясынан озып айтқаны жоқ. Мұны мақтаныш сезіммен айтуға тиістіміз.

Көршіміз Қытай елінің діни-рухани ілімі даосизм (дао – жол деген мағынаға саяды) қос хакім (Конфуций және Чжуан-цзы) көзқарастары негізінде дүниеге келген көрінеді. Солар сияқты Абай, шәкерім де ұлтқа жол салды. Ғұлама Мұхтар Әуезовтің әйгілі эпопеяны «Абай жолы» деп атауында осы астар бар. Өзіңіз де ойлаңыз, міне бір жарым ғасырдан аса ғасыр өте шықты, бірақ Абай сөздері ескірді ме. Қазақ үшін сол баяғыша ақыл-ойды өсірудің, мінез түзеудің таптырмас құралы болуда. Халқымыздың ажарлы, жан дүниесі жарық болуы деген ұлы міндетті мінсіз атқарып келеді.

Сөзімізді Абайдың жүз жылдық мерекесіне арналған мақалада Мұхаң айтқан мына пікірмен сабақтайық: «Абайдың «Ғақлия» атанған қара сөзі барлық құрылыс қалпымен, шебер, шешен тілімен және өлеңдеріндегі ой толғауының көпшілігін тереңдеп, еселеп, өсіріп жеткізуімен біздің әдебиеттегі тағы бір соны, қызықты жаңалықтың бірі болған».

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: