22:57 Абайтануға айқындама | |
«ҒАҚЛИЯ» КІТАБЫ Абайда проза кітап екеу: біріншісі – «Ғақлия» кітабы, екіншісі – «Ғақлиқат-тасдиқат» (қысқаша «Тасдиқ») трактаты. «Ғақлия» - 41 қарасөзден тұрады. Оған «Тасдиқтың» (қазіргіше 38-қарасөз( үш қайнаса сорпасы қосылмайды (тақырыбы, мазмұны, мақсаты, көлемі және жазылу мерзімі бойынша мүлде бөлек). «Ғақлияны» тексеріп, реттеп көрмекпіз. 1891-1897 жылдар аралығында Абай 41 ғақлия сөзі мен 40-қа тарта өлеңін дүниеге әкелген. Бірақ негізгі шығармашылық жұмысы өлеңдер емес, осы ғақлия сөздерін жазу болды. Өлеңдер мен аудармалар әлбетте шабыты маздағанда туады. Ғақлияны жазудың мәнісі бөлектеу. «Абайдың, - дейді зерттеуші Ханғали сүйіншәлиев, - қарасөздері де өлеңдері сияқты алуан түрлі мәселені қозғайды. Өлеңдеріндегі бай мазмұн қарасөздерінде де толық қамтылады. Қарасөзі, өлеңдеріндегі пікірлерін толықтыра түседі». Жаңағы 41 ғақлияның алтауы қысқа үлгіде (олар – 16, 18, 19, 20, 24, 31), өзге 35 сөзді өз алдына шығарма десе де болады. Қарасөздерін жинақтаған да, қолжазба кітапқа (дәптер десе де болады) «Ғақлия» деп ат қойған да Абайдың өзі. Сонымен, ойшылдың ғақлиясы деген – қазақтың болмысы, мінезі зерттеліп, байыпталған толғау, өсиеттер. Сыншы әрі ойшыл Абай «Ғақлия» кітабын жазу барысында «прозаның өзіне бөлек бір алуанын қалыптастырады» дейді М.Әуезов. ол – қарапайым сөйлеу тілі мен қалың көпшілікпен әңгімелесу мәнері. Мәселен, автор «ашулансам-ызалана алмаймын, күлсем-қуана алмаймын...» деп ауызша төсілтіп, шешендерше тақпақтай оытырп, сонымен бірге «адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада дүниенің рақатының қайда екенін білмей, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, боққа жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді...» деген сияқты философиялық терең пікірлерін, өсиет-толғауларын да тыңдарман санасына нық шөктіріп, жеткізе айтады. Әдебиетші мамандар Х.сүйіншәлиев пен М.Сильченко өз зерттеулерінде кітап «Ғақлияда», әсіресе «публицистика сарыны басым» деген пікірге келеді. Қарасөздерді ден қоя зерделеген көрнекті ғалым Р.Сыздықова да осыны қуаттайды: «Өлеңдерінің идеясы қалың оқырман мен тыңдарманға жетпей жатыр-ау деп түйген ақын сол ойларын барлығына түсінікті, қарапайым сөйлеу тілімен айтып бергісі келген. Таңдаған мәнері оқырманмен әңгіме-дүкен құрыу». «Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір түйе берсе, бұзыла қалатыны қалай?» я болмаса «Күндегі тілін тауып жатқан достан гөрі, дұшпанның азғантай ұйымтайын орындай салса, неге соның жолында өле жаздаймыз?» - дейді Абай. 41 ғақлияда қазақтың болмысын, мінезін тексеруі осылай жалғаса береді. Ал қалған 4 ғақлиясы (27, 38, 43, 45) тек қазақ қауымына арналмаған. «Ғақлия» кітабы Абайдың ақындық мектебі дәуірлеген кезеңде жазылды. Содан болар, жазылу стилінде мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз бейнесі менмұндалап тұрады. Қарасөздердің біртіндеп күрделене түсуі де, бәлкім, осы жәйтпен байланысты. Ұстаздың мақсаты – айтқан жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету. Сол үшін мысалдар алады, сұрақтар қояды. Ел мінезін сынағанда пайдалы өсиет болуымен бірге, көңілді, қызықты болып жетуін де ойлайды. 15-сөзінде: «Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім» дегені сияқты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |