20:42 Абайтануға айқындама | |
ӘКЕНІҢ СЫНЫ Ұлы Абайдың сынына ұшыраған адамның бірі – Әсет Найманбайұлы (1867-1923). Ұлы ақын 1889 жылы әйгілі әншіні бірқанша айлар ауылында сақтағаны мәлім. Демек, «Әсетке» деген өлеңі осы жылғы туынды. Абай өзінен көп кіші, 22 жасар Әсет мінезіндегі ізденбеушілікті, үлгісіздік пен өрескелдікті айта келіп: Кісімсіп белгілі білгіш, Біреуге сондай-ақ күлгіш. Бұлықсып, бұлданып босқа, Өзімшіл, оңбаған шерміш, - деп, ащы тілмен сойып салады. Бір ғанибеті, бұған дейінгі Ақылбай сияқты келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай сынынан өзіне өмірлік сабақ алады. Ол Абайды өле-өгенше аузынан тастамаған деседі. Ақтық қоштасу өлеңінде: Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген, - деп арман қылуы соның бір куәсі. Сөйтіп, Абай надандық, өркеуделік, адамгершілік қалпын дұрыс сақтамай, өзгені қор, өзін зор санайтын паңдық мінездерді мейлінше жек көріп жиренген. Бір ғажабы, Абай өлеңдері нақтылы адамды емес, жалпақ жұртты сынағандай әсер қалдырады. Егерде біз бұған дейін қарастырған өлеңдерге көзі көргендер куәлік етпеген болса, оларда Тәкежан мен Әзімбай, Ақылбай, Көкбай немесе Әсет сөге сыналған дегенге сену қиынға соғар еді. Шәкерімді сынаған өлеңдері жайлы да осыны айтамыз. «Абай біреудің оғаш мінезін көргенде, - дейді М.Әуезов, - ылғи қалжың, әжуа, мысқыл өлең айтқыш болған. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында жүрген жақындарын, ағайын-туысқандарын мысқыл етіп, солардың мін-мінезін күлкі ғып, әйгілеп айтады». Абай әлемі – көпқырлы әлем. Оның әлі күнге жұрт назарынан тыс қалған, зерттеушілер бара бермеген өрістер аз емес. «Біз Абайға жаңғыру заманының жаңаша биігінен қарап, тағзым етуге міндеттіміз, - деген еді ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында. – Өйткені Абай мұрасының ағартушылық сипатын тым баса айта бергендіктен оның шын мәніндегі ұлылығын танытатын қырлары қағажу қалуда». Ескерту орынды. Олай болса, ұлының ұлылығын танытатын, бірақ «қағажу қалған» қырларына бет түзелік. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |