22:30
Абайтануға айқындама

ӘКЕНІҢ СЫНЫ

Ұлы ақын болмысын, тұрпатын толығырақ танып-білуге кейбір елеусіздеу фактілер де өз септігін тигізеді. Сондай кішкене дәйектердің бірі – Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» деген туындысы. Өлең қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған жаңа ырғақпен жазылған. Оны ақын Ділдәдан туған тұңғышы Ақылбайға арнаған. Өлең 1890 жылдікі делінеді, шындығында бірер жыл кейін, шамасы 1893 жылы дүниеге келуі де ықтимал. Бұлай жорудың мәнісі төменіректе мәлім болады.

Ақылбайды Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным сәби кезінен (1861) бауырына салған. Ол қартайған Құнекеңнің қолында шаруаға қырсыз еркетотай, аңқаусоқ болып ер жетеді. Өзге балалар сияқты қала тұрмысын көрмей, жаңаша оқудан да ғапыл қалады. «Тәлім-тәрбиені» көбіне Қарашоқыда көршілес тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдасы, ағасы Тәкежанның баласы Әзімбайдан алады. Сөйтіп, аталған өлең Ақылбайдың бос белбеулігіне, орайсыз жүріс-тұрысына әке көңілі әбден қалғаннан кейін жазылған.

Бірер мысал алайық. Ақылбай үйленген кезде Құнекеңмен бір шаңырақта тұрады. Оның сырын, аңқау мінезін білген соң, келіншегі Ізхан, ол атақты Қисық мырзаның немересі, енесі Нұрғанымға көнбей кеуде көтере бастайды. Былайша айтқанда, билікті өз қолына алады. «Құнанбайдың жылы өткен соң, Нұрғаным екеуі сыйыса алмай жанжал бола бастаған соң Абай Ақылбайға енші беріп, бөлек отау ғып шығарып, Нұрғанымды өз қарамағына алады», - деп жазады Әрхам ақсақал. Екінші оқиға. 1887 жылы Тәкежанның 800 бас қалың жылқысын Базаралы бастатқан Жігітектің жігіттері шауып алғанда, Ақылбай әзімбаймен бірге жылқы басында жүрген ғой. Алашапқынды өз көздерімен көреді. Әзімбай жаумен жағаласып жүргенде, Ақылбай пақыр барымтаға қолды бір сілтеп, жайбарақат қоста қала беріпті. Әзімбай «жылқыны жау шапқанда Ақылбай қуырдақ дәмді екен деп қоста қалып қойды» деп елге айтып келеді, әрине.

Оғаш оқиғаның «көкесі» Оспанның жесірленіе әмеңгерлер таласы қызған 1892-1893 жылдары болған. Бұл жолы Әзімбай Ақылбайды «Еркежан сенің заңды жесірің, қапы қалма!» деп азғырады. Аңқау жігіт әмеңгерлікке таласам деп ұятқа қалады.

Сөйтіп, тұңғыш баласы Абайға «ел танымайтын үйкүшік», «жігерсіз, ақылдан кенде», «шаруаға қырсыз, артық өнері де жоқ» дегендей өңкей жайсыз, көңіл жанбайтын сөздер жетіп жүреді. Міне, жоғарыда аталған өлең осы күйініштен туған. Онда ақын екі бейне: бірі – сүйінетін ұл, екіншісі – сүйкімсіз ұл сипатын терең ашып береді.

Ата-анаға көз қуаныш –

Алдына алған еркесі.

Көкірегіне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі, -

дей келе, ұрпағының мынадай міндерін бетіне басады:

Ата көңілі жанбаса бір,

Артық өнер шықпаса.

Ел танымай, үй танып құр,

Шаруасын да ұқпаса. (1890 ж.)

Өзі көп оқыған, көп білген және ел қамы деп түн ұйқысын төрт бөліп жүрген әкенің «ұлдарым да еліне азамат болса, шіркін» деп арман қылары анық. Абайдың «ел танымай, үй танып құр» деп ашынатыны сол.

Обалы нешік, ақылбай әке сынын дұрыс қабылдайды: өзіне арналған әке ғибратынан соң, мінезі, жүріс-тұрысы елеулі өзгеріске түседі. Абай «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген афоризмін Ақылбай сияқты жастардың түзелгеніне көзі жетіп айтқан болар-ау, бәлкім. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, - дейді Абай. – Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» (38-қарасөз). Ұстаз әкенің адам басындағы осы үш кемшілікті оқу-білім арқылы түзеуге болады деп өзінің сенгені және оған шәкірттерін де сендіргені сөзсіз.

Ақыры, Ақылбай әке ұстанған адамгершілік ережелерді қабыл алды. Осыдан соң оның ақындық, сазгерлік өнері де жарқырай ашылып, әкесінің талантты шәкірті, Абай мектебінің көрнекті өкілі ретінде есімі тарихта қалды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 75 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: