22:10
Абайтануға айқындама

ТӘКЕЖАНМЕН АРАЗДЫҒЫ

Абай інісі Оспанмен (және Ысқақпен де) қыл өтпейтін татулықта болған. Оспан Абай десе ішкен асын жерге қояды екен, екеуі съезд, жиындарға жұп жазбай баратын. Сөйткен ініден соң Абай өзін «қаңғырып» жалғыз қалғандай сезіген. 1892 жылғы өлеңдерде бүркеулі сыр аз емес.

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:

Жұрттың бәрі сөз сатқан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді Тәңірі атқан –

Шыр айналған дөңгелек.

Осы жолдар ойландырады, ақынның елестеткені Әзімбай бейнесі, жүдә. Екі сөзді де, шыр айналған пысық та сол еді ғой. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» өлеңінде:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

«Шикі» сөзі Тәкежанғак қатысты дейміз. Өйткені оны жұрт «солқылдақ, шикі» санаған. «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң» өлеңінде:

Түзу бол деген кісіге,

Түзу келмес ырықтап.

Сырдаң тартып қашады,

Ұстайсың қайтіп құрықтап?

Тағы да Әзімбай, білеміз. Қалай болғанда да қатты ұқсайды (осы жылы тұңғышы Ақылбай бір ісімен Абайды қапа қылған-ды. Аңқаусоқ Ақылбайды «Сен де Еркежанның әмеңгерісің, қапы қалма!» деп азғырған осы Әзімбай-тұғын). «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңінде:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды.

Қазақта «қасиетсіз» - кісілігінен жаңылу деген мағынаға саяды. Абай «қасиетсіз туған» деп бұл жолы да Тәкежанды меңзеген болар. Онсыз да «мыңмен жалғыз алысқан» ақынға бір туған ағасының «күңкілдеп» айтқандары ауыр тимегенде қайтеді. Ғақлия сөзінде ойшылдың: «Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «әй, Тәңірі-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» (34-қарасөз) деуі жаңағы болжамды құптай түседі.

Бақсақ, 1892 жылғы төрт-бес өлеңнің шығутөркіні бір. Түбінде, Абайдың кейбір ғақлиясы мен «Малға достың мұы жоқ малдан басқа» (1896), «Жүрегім менің – қырық жамау» (1899) сияқты кейінгі өлеңдері де «қасиетсіз» туыстарға деген өкпе-сыздан ада емес. зарлы өлең шамданған, қорланған, ашынған көңіл-күйден туады әсте.

Құданың құдіреті, Тәкежан мен Абай мінезі, өмірлік ұстанымы бөлектігі аздай, дене бітімі мен бет-әлпеті жағынан да бір-біріне ұқсамаған. Бір естелікте Тәкежан «ұзын арық ақ сары шал» делінсе, жеңгелері оған «Құсмұрын» деп ат қойғаны аян (демек, Тәкежан Құнекеңе, ал үш інісі Ұлжанға ұқсайды). Қалай болғанда да, аға мен іні арасы ашылып, асқынған жараға айналған. Ол бітеу жараны тескен біз – 1892 жылғы оқиға болған дейміз. «Тәңірбердіге» өлеңі соның куәсі.

Бірақ Тәңірбердіні, тіпті Оразбайды да, «арамза, қаскөй кісі» деуге ауыз бармайды. Олар Абайдың жалғыз ауыз сөзін жаттап көрмеген қырдың надан, сараң байларының ортақ бейнесі. Әзелде көзі көргендер Тәкең жайлы сипай қамшылап қана айтады (Тұрағұлдың «сүйегі бос адам еді» дегені сияқты). Төсек тартып, нашарлаған соңғы күндері «Анадан төртеу ек, енді сен де кетіп, мен жалғыз қалмақпын ба?!» деп кемсеңдей кірген Тәкежанға Абай: «Ер бір өледі, ез мың өледі», - депті-міс. Сөйтіп, оны өзгешелендіріп тұрған жәйт – Абайға туыстығы десек те болады.

Міне қызық: 1893 жылғы сайлауда Абай болыс, ал оның кандидатына «оқымаған» (Тұраштың сөзі) Әзімбай сайланыпты. Бұл араздықтан арылып, құшақ жайған туыстық нышаны ма... Кім білсін?

Тұжыра келгенде, Абай шығармашылығында ағасы Тәкежанның іс-мінездері өзіндік із қалдырды (Тоғжанға уыз ғашықтығы, Ерболға шын пейілі сияқты). Оны танып-білудің маңыздылығы мен өзектілігі осы арада. Көрсеқызарлық, менмендік, күншілдік қазір де қоғамды жегідей жеп, ел ішін, ағайындар арасын алатайдай бүлдіріп жатыр. Оның дауасы – Абай идеясы, салған жолы. Өмір жолы ортақ, бағыт бі болғанға не жетсін. Өмір – шолақ, адам – қонақ екенін ұмытпайық, ағайын.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 81 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: