08:55
Абайтануға айқындама

АБАЙ РУХЫНЫҢ ӨМІРШЕҢДІГІ

Абай поэзиясы қазақ руханиятына бұрын-соңды болмаған жаңалықтар әкелді. Халық туралы жырлары әр қазақтың жүрегіне жетіп, көкіректерді шайдай ашты. Әуелі жас М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласына көз тіге кетелік: «Абайдың өлеңін ішкі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ; оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінетін көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. ...Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да Абай өз емін айтып кеткен».

Мұхаң сөзіне Жүсіпбек Аймаытовтың мына пайымы үндесе кетеді: «...Сөз сабырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рақымды әділ, шынға сусаған, қыңырлы жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді».

Бақсақ, Абай рухының өміршеңдігі неде деген сұрақтың жауабын қос жазушы да беріп отыр. «Абай жолында» Мұхаң ұлы ұстазды былайша сөйлетеді: «...Не қылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі аруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!». Қандай сәуегейлік ойлар, бүгінгі уақыт тұрғысынан қарағанда, Абай келешек тәуелсіздік таңынан сілтеп тұрғандай күй кешеміз.

Абай поэзия әлеміне жаңа түрлер әкелген ұлы ақын болса, адамның мінезін түзеу, тәрбиелеу ісінде дәл сондай жаңа жол сілтеген ұлы ұстаз болды. Жастардың көңіліне келешекке деген сенім ұялатып, күллі шәкірттерін гуманизм жолына түсірді. Тоқ етері, мейірімді ұстаз Абайдың ақындық мектебі өзіне жүктелген миссияны толық орындап шықты. Жас ақындар арасында елдің мұңын мұңдау, халық қамын жырлау үрдісі қанат жайды. Ал тәлімгер шәкірті Шәкерім әлем ойының алабына айналды.

Енді Абай рухы және оның халқына шапағаты дегенге келейік. Абай рухы, мектебі – аясы кең, мағынасы терең ұғым. Кең мағынасында оның ықпалы Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Шәкерім Құдайбердіұлы лирикасынан, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар Қарашев, Халел Дос мұхамедов, Мұхамеджан Сералиндер көсемсөздерінен, Спандияр Көбеев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов шығармаларынан тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Егер Абай рухы болмаса, ояну дәуірі де болмас еді.

Мысалға Жүсіпбек Аймауытов: «Ең алғаш басылып шыққан жылы Абай кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым», - десе, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Байқасаң, қазақтың сөзінде бар, қазақтың генийлігі, пайғамбары», - деп, ұстазына меңзеген. Ол:

Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл жаһанда жаман болып,

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп надан болып, -

десе, бұл Абайдың өнегесі, онан нәр алғанының белгісі.

Замандасымыз Мұхтар Мағауин: «Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуезов тілінің, бүкіл қазақтың өткен халық әдебиетінің тілі бар», - дейді. Ал ақын Серік тұрғынбекұлы былайша толғайды:

Құдай жалғыз!

Сонан соң Абай жалғыз.

Абай жалғыз болған соң абайлармыз.

Алдымызда асу бар,

Алып шың бар –

Артымызда әлі де қарайлармыз.

Құдай біреу!

Әзірге Абай біреу.

Көңілдерді көркейтті талай жүдеу.

Көз жетпейтін өлеңнің көк аспанын

Қиын... қиын Абайсыз арайлы деу.

Қазақ сөзі мен Абай сөзі егіз ұғымға айналғалы қашан. Теңіздерге қаншама су ақты десеңізші. Бір ғасыр бойы көктеген алып бәйтеректің жапырақтарын санап тауыса алмайсыз.

Сөйтіп, кең мағынасында, ХХ ғасырдағы қазақтың күллі ақын-жазушылары – Абайдың шәкірттері. Абайды пір тұтып, оған табынбаған қазақ зиялысы кемде-кем. Абай мұрасы мен «Абай жолы» романының қазақтың ХХ ғасырдағы қоғамдық санасына айрықша әсер еткені соншалықты – оларды «қазақ ренессансының қайнары» деп баршамыз да мойындауға тиістіміз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 88 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: