08:36 Абайтануға айқындама | |
АҚЫНДЫҚТЫҢ МЕКТЕБІ М.Әуезовтің білуінше, Абайдың ақын шәкірттерімен көп әңгіме-дүкен құрып, оларды ақындық өнерге баулуға белсене кіріскен екі уағы бар: 1889-90 және 1894-95 жылдар. Сүйікті баласы әбіштің қазасы, өзге де себептер бар, 1895 жылдан соң шәкірт жастардың көпшілігі Абай мектебінен қол үзе бастағаны байқалады. Мысалы, Мұқа туған жері – Көкенге, Уәйіс – Шұбартауға оралды. Ақыр соңына дейін ұлы Абайдың жанынан табылып, күнделікті қарым-қатынаста болғандар – ақылбай, Мағауия, көкбай және Шәкерім. Мұхаңның: «Осы төрт ақын – Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», - дейтіні сол. Енді Абайдың шәкірттерін қалай баулыған дегенге келер болсақ, өлең, дастан жазуды үйрену, шежіре, тарих деректерін жинау, ән шығару өнерлері маңдай алдыға шығады. Абай Ақылбайға «Дағыстан», «Зұлыс» атты әңгімелі өлең, яғни дастандар тақырыбын берсе, Мағауияға «Қасым» деген поэма желісін және «Еңлік-Кебек» салт-дәстүр жырын жазуды ұсынады. Көкбай Абылай хан туралы «Сабалақ» атты тарихи дастан жазуға шұғыл кіріседі. Ал Шәкерім қазақтың ру шежіресін түзіп, тарихын түгендеу жайлы ұстаздың тапсырмасын алады. Осылайша «Абай өзі істемесе де, бой ұрған бірталай тың еңбек туады» (Әуезов). Сөз ыңғайына айталық, ұлы ақын шәкірттеріне берген тақырыптар Абай кітапханасы тізімін ашуға септігін тигізе алады. Абай мектебінің көрнекті өкілі – Көкбай өзінің естілігінде 1890 жылдың соңына Ақшоқыда өткен бір мәжілістен кейін, ұстазы Абайдан тапсырма алғанын айтады. Дастан қып жазуға Абылай – Кенесары тақырыбын беріп. «Абылай да, кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. ...Сен үйіңе барып орнығып отырып, осыны өлең қылып кел деді», - дейді. Көкбайдың үйі Тақыр деген өзеннің бойында екен. Шыңғыстың сай-саласынан Бауырға қарай ағып шығатын мұқыр мен Тақыр негізінен тобықтының көкше руына тиесілі болған. Тақырдағы Көкбай ауылы Шыңғыс пен Орда тауының аралығында, Шыңғысқа жақындау, одан 10 шақырымдай берідегі жазықтатұғын. Абайдан тапсырма алып Тақырға қатқанда: «Сонан кейін, үйге келісімен өлең жазуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім», - дейді Көкбай. Бұл қыстың басы елдің қысқы соғым қамына кіріскен уағы екен. Осы шаруамен Абайдың ақшоқыдан Аралтөбеге кеткенін естіген Көкбай Тақырдан төте тартады (бұл екі ара 70 шақырым жер). Жол бойы өзі жазған дастанды жаттауға кіріседі: «Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым». Өйткені Абай машығы бірден «айт» дейді, әйтпесе тыңдамай қояды екен. «Абай бұл уақытта үлкен ауылынан Бауырдаы ауылына, тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен, - дейді Көкең. – 35 шақырымы жерде еді. ...Сонымен кеш болып ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерде сәлемімді алмастан «Абылай келді ме?», - деді». Абайдың қасында болған, сөзін тыңдаған ондаған жастардың арасында ұлы тұлғаның атына кір келтіргені жоқ, бәрі де көкірегінде Абай жаққан адамдық шырағын қастерлеп, сөндірмей өтті. Негізі, Абайдың тәлімгер шәкірті болу үшін өзін көру, қасында еріп жүру шарт емес қой. Ақынның асыл поэзиясы оны сүйсіне оқыған, санасына тоқыған сан мың қазақ жастарының көкірегіне сәулесін түсіргені шындық. Бұл ретте, әсіресе ХХ ғ. басындағы Алаш арыстары мен қайраткерлер шоғырын атап айтамыз (олар Абайға шәкірт емес деуге ешкімнің дәті шыдамас). Айтқандайын, өткен ғасырдың 50-жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясы зиянды деп танылып, орынсыз дау-дамайға ұласты. Дәлдісінде 1951 жылдың маусымында «саяси зиянды концепция» ретінде әшкереленді. «Осы оқиғадан кейін, - деп жазады Қайым мұхаметханов, - «Ақын аға» романы да «Абай мектебінің» кебін киді. Мұхтар Әуезов Ғылым академиясы мен университеттен қуылды. Ал мен 25 жылға сотталдым». Абырой болғанда, Сталин өлгеннен кейін Қайым аға ақталып шығады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |