07:33
Абайтануға айқындама

АЛҒАШҚЫ АУДАРМАЛАРЫ мен ТӨРТ ДАСТАНЫ

Абайдың орыс классиктерімен үндестігі және олардан жасаған аудармалары кеңестік дәуірде көп зерттелген тақырып. Белгілі абайтанушы, академик Зәки ахметов. «Абай аударуға үлкен талғампаздықпен келіп, кейбір өлеңдерді іріктеп қана алған. Пушкин, Лермонтов, Крыловтан басқа ақындардың шығармасын аударуы сирек», - дей келе, мына ерекшелікті атап өтеді: «Абай қазіргі аудармашылардай тек түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді ғана мақсат етпеген. Қай шығарманы болсын өз көңіл-күйіне үйлестіре, қысылмай, қымтырылмай еркін тәржімалайды».

Еркін тәржімалаудың сыры – Абай ұлт ақыны. Пушкиннің «Евгений Онегин» роман-поэмасын қазақша сөйлеткенде.

Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем, -

дейді Татьяна. Осындай жарқын мысалдар мол. Ал «Онегиннің сөзі» деген өлеңді абай түгелдей өз жанынан шығарған. Осылайша ақынның 1889 жылы Пушкиннен асқан шеберлікпен тәржімалаған 7 өлеңі қазақ поэзиясының аударма саласына негіз болып қаланды.

Амал жоқ – қайттым білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Бұл Татьянаның Онегинге хатының алғашқы шумағы. Неткен шеберлік, дастанда айтып жеткізе алмайтын сезімді бір шумаққа сыйғызу үшін Абай болып туу керек шығар-ау.

Лермнотовтың 28 өлеңнен құралған жинағы абайдың ең сүйікті кітабы болған. Бұл кітаптан шамасы 1882 жылы ең алғаш рет «Бородино» атты шығарманы аударған. Аударманың мәтіні түгел сақталмаған. Бүгінге 20 жолдық нұсқасы ғана жетіп отыр. Мына шумақ та тырнақалды аудармасы:

Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,

Алла асыраған пендесі аш бола ма?

Ержеткен соң сыйлайсың кең дүниеге,

Зар болып тыныштық пен баспанаға.

Абайдың Пушкин мен Лермонтовты сүйіп оқығанын «Абай жолында» Мұхаң да атап өтеді: «Бұл екі кітап – осы ауыл, өлкенің абайдан басқа көп жанына әлі тілімен де, сырымен де ұғымсыз кітаптар. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов... Анау екі ақын Абайға көп кездесіп, бір туысқан аға, інідей көрініп қалады». Алдын ала айтайық, Абай мен Лермонтов арасындағы поэзиялық рухтың шағылысуы ұзақ жылдарға созылды. Күндізгі қарекеттен босағанда, дөң басына шығып, түнгі тыныштық бесігіне тербелген Абай көбіне Лермонтов өлеңдеріне масаттанады. Басын шайқап, сүйсіне есіне алады. Кей шумақтар өз-өзінен «мені де аудар» деп сұрана бастайды. Екі ұлы ақынның рухы мәңгі туыстасты, бауырласты.

Енді Абайдың дастандарына келейік. Олар жиыны төртеу: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» және Лермонтовтан аударған аяқталмай қалған «Вадим» поэмасы. Соңғы үшеуін Абай 1888-1890 жылдары жазған шамсы. Осы жылдары өлеңдері азырақ болуы содан, бәлкім. «Ескендір» поэмасы, зерттеушілердің айтуынша, 1900-1902 жылдары жазылған. «Ескендір» - абайдың ең жақсы поэмасы» (Әуезов). Ежелгі дүниенің аса ірі әскери қолбасшысын шығыста – Ескендір зұлқарнайын, батыста – Александр Македонский деп атайды. Ол жайында Низами, Фирдоуси, т.б. ақындар жырлап, көлемді поэмалар тудырған (Шығыс поэзиясында бір тақырыпты бірнеше ақынның жырлап, жарысу салты болған, оны «нәзира» деген). Ескілікте Ескендір қо мүйізді болып бейнеленіп, «Зұлқарнайын» («Қос мүйізді») деп аталған. Шығыс халықтары түсінігінде, адамға біткен мүйіз – ерекше бақ-берекенің белгісі. Мұндай түсінік қазақтарда да сақталған. Мысалы, қазақта «Сондағы шыққан мүйізің қайсы?» деген тіркес «артықшылығың кәне?» дегенді білдіреді. Сөйтіп, Ескендір барлық шығыс поэзиясында әділетті, үлгілі патша, ол ол ма, ғайыптан уахи (аян) келген пайғамбарлыққа жақын бейне.

Ал Абай поэмасында олай емес, қазақ ақыны «Мақтансүйгіш, қызғаншақ адам екен» деуімен Ескендірді аспаннан жерге түсіреді. Ол жасы әрең 21-ге толған, көрші елдердің бәрін бағындырмақ болып, оңды-солды көз алартқан қан төккіш патша дейді.

Олай болса, Абай Ескендір бейнесін қай дерек көзінен алған? Осы мәсклкнің шешімін академик С.Қасқабасов іздеп тауып, былай деп көрсетеді: «Абай «Ескендірінің» негізгі арқауы ең алдымен В.Жуковский поэмасы. Абай ол поэманы еркін түрде аударған. Жуковскийде жоқ эпизодты Талмудтан қосқан. Сөйтіп, екі шығарманы қатар пайдаланған. Бұл екеуінде жоқ жәйтті өзіне мәлім тарихи деректермен толықтырған. Сөйтіп, Абайдың өзіндік шығармасы – «Ескендір» поэмасы дүниеге келген». Бұл жерде аталған В.Жуковский – орыс ақыны, А.Пушкиннің ұстазы. Ал «Талмуд» - көне дәуірдің жазба ескерткіші, «Інжіл» кітабымен қатар аталатын қасиетті мәтіннің бірі. Абайдың орысша аудармасы 1897 жылы жарық көрген Талмудпен таныс болуы бізге көп жайды аңғартса керек-ті.

Абайды Ескендір бейнесі неліктен қызықтырған? Поэма соңында «Мұны бір өзге сөздің бірі деме» деп ескертуінде қандай астар бар? Бұл сұрақтардың жауабын қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанидің «Әл-Фараби және Абай» атты кітабынан табамыз. Бұл «...Көп елді күтінбеген қырып жойып, шапқан жердің бәрін де бодан еткен» Батыс империализмі ұстанған жол Абайдың жанына бататындығы. Өйткені бұл Ресей империясының Азия елдеріне қолданған әрекетінің бейнесі... Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы». Ақжан ақсақал айтқан салиқалы пікірге толықтай қосыламыз.

Енді Абайдың «Масғұт» және «Әзім» поэмаларына келер болсақ, олар қарапайым туындылар. Зерттеуші мамандар олардың желісі шығыстық «Мың бір түн» атты әйгілі мұрадан алынғанын анықтап берді.

Қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев: «Поэзия, философия, саясат, тарих – бұл төртеуі Абайда егіз», - деп мәлімдеген еді. Оның Абай дастандарына да әділетті пікір екені сөзсіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 90 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: