20:54
Абайтануға айқындама

АРБАСУДЫҢ ЖАЛҒАСЫ һәм СОҢЫ

Тартысты диалогтың соңы мынау. Сол 1889 жылы Шәкерім Абайдың алдындағы кінәсін толық мойындап «Жастарға» деген өлеңін жазады.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

Бұл ұзақ жырдың басы (бақсақ, Абай «данышпан» деген теңеумен тұңғыш аталып отыр. Ұлыны ұлы ғана таниды деген осы шығар).

Онан соң Абайдың өзін неліктен сынағаны туралы:

Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп,

Қатты сөзбен қайырып қамалаған, -

дей келе, бұған дейін сөз етілген қатқыл сынды естігенде:

Қайырусыз, қағусыз өскен басым,

Бұлқындым шу асаудай мойны қатты, -

деп турасын айтады шыншыл ақын. Өлеңге соңғы нүктені былайша қояды:

байладым белді бекем буайын деп,

жүректі адалдықпен жуайын деп.

Талпынған мақсат іздеп, махрұм қалмас,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп.

Шәкерім осы сертіне адал болды. Өз кезегінде Абай да өнерлі ініге бар пейілін береді. Қос ақын арасындағы рух туыстығы, әсіресе ауыл арасы жақындап, Абай Жидебайға орныққан соң (1894) жылма-жылы нығая берді.

Ағалы-інілі ақындардың теңдессіз диалогы осымен тәмам. Ескі мен жаңаның арпалысында Абай жеңді. Шәкерім 1889 жылғы «Жастарға» деген өлеңінде ағасын алғаш рет «данышпан» деп атады әрі ұстазым деп мойындады. Абайға шәкірт болып еруі де тап осы кездерден екеніне кепілміз. «Мені Абай тәрбиеледі» дегенді Шәкерім жасы отыздан асқаннан кейінгі өміріне айтқан.

Сөз етілген ақындар диалогын Мұхтар Әуезов жақсы білген. Оған 1922 жылғы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласынан бір үзінде ддәлел: «Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың хатасы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ақ. Бірақ ол ұрсысу ескіліктің бетін қанағаттанбай, жаңадан бет іздеудің белгісі болатын». бұл жерде «ескіліктің ақыны» деуінде астар бар. Тағы Мұхаң: «Өзі үшін, елі үшін ізденді, ізденді де тапты және тар тапқаны мен тудырғанын ұстаздыққа салды. Ақын болып өсер ақынды тәрбиеледі. Қазақтың жаңа әдебиетінің, классик әдебиетінің іргесін өзі қалап туғызып, сол әдебиетке басшы, халыққа қамқор қайраткер болды». Ғұлама «ақын болып өсер ақынды тәрбиеледі» деп Шәкерімді меңзеген десек, несі айып.

Қорыта айтқанда, «Мен жазбаймын...» өлеңін Абай тек Шәкерімге арнаған. Бірақ бұл пайымды қарапайым оқырман түгіл, әдебиетші мамандар да айтқан емес. Неге?

Біріншіден, Абай айтарын әдіптің астымен мейлінше астарлап айтқан. Тұрағұл: «Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысына арнап айтқан сөздері жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі» десе, бұл шындық. Екіншіден, кешегі кеңестік цензура «халық жауы» деп Шәкерім есімін ататтырған жоқ. «Абай жолында» бір Шәкерімді екі бейне – Шұбар және Дәрмен болып суреттегені де содан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 90 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: