12:25
Абайтануға айқындама

1884 ЖЫЛҒЫ ҚЫРСЫҚТЫ САЙЛАУ

Абайға қарсы баталасқан алты бидің ант-уәдесіне, атап айтқанда, жан досы Ербол қосылады. Мұны кездейсоқтық білген Шәкәрім, Мағауия Абайдың үйіне келіп, жеткізеді. Бірақ:

Щын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзінде тұрса екен жанса, күйсе, -

деп тебіренген, досқа кенгіш, бірсөзді Абай бұл хабарға селт етпеген. Ақыры, үш айдан соң бата ішінде Ерболдың да болғаны анықталған.

Естеріңізде ме, сөз болып отырған сайлау «Абай жолында» суреттелген. «Кең жайлау төсіне «Құнанбай балаларының талай жылдан жемдеп жүрген айлалы досы – Казанцев ояз көп күймемен қоңыраулатып, жер күңірентіп келген болатын. ....Казанцевті Оспанның үйіне түсірмес бұрын бар Құнанбайлар «осы үй болашақ болыстың үйі» деп әкелген. Ұлық та Оспанның сыйын көріп, парасын, құрметін қабылдап жатқанда «болысым», «сайланатыным» осы деп сенген-ді». Бірақ Оспан болыстыққа өтпей қалып, қарсы жақты адамы – Күнту сайланып кетеді. Бұл оқиға ашық аспаннан жай түскендей әсер етеді.

Кәкітай Ысқақұлы ақын аға мінезі жайында: «Абайдың өміріндегі ең жақсы көретұғыны –  таза көңіл мен достық еді», - депті. Ербол тарапынан келген екіжүзділік Абайға тым ауыр тигені содан. Әлденеше өлеңі соның куәсі. Ақынның Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» өлеңіндегі:

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз досымызды.

Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,

Жүрегінде жатады өкпе назы, -

деген шумақ, я болмаса:

Қолдан достық жасап ем болар-болмас,

Итмұрындай наданның жыртты бірі, -

дегені, сондай-ақ «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Күшік асырап ит еттім» өлеңдері досы Ерболға қатысты екенін зерттеушілер бірауыздан бекітеді. Реті келген соң айтайық, Мұхаң эпопеяның бір топ кейіпкерлерін прототип етіп алдым дегенде оның ішіне Ерболды қосқан. Шежіреші Бекен Исабаев ақсақал: «Бұл – жазушының романдағы Ербол тарихта болған шын Ербол емес деп ескерткені» деп біледі.

Ербол жаңағы оғаш оқиғадан соң, көп ұзамай 41 жасында шұғылынан дүние салған екен. Ақын досы Ерболдың қазасына қатты күйзеліп, жаназасына қатысады. Абай өмірінде ойсырап қалған Ерболдың орнын ақын жігіт Көкбай басқандай еді. Бірақ жас аралығы алшақ (19 жас) болуына байланысты Көкбай көбіне дос-шәкірт қызметін атқарды.

Сайлау оқиғасына оралайық. Жұрт Абайдың айтқаны екі болмай орындалар деп түгел сенеді. Бірақ інісі Оспан өтпей қалып, бөкенші Күнту болыс сайланған. Бұл іске Абай мен Абайдың тілеуіндегі елдің таң қалуы былай тұрсын, ояз Казанцевтің әйелі Анна Митрофановна да таң қалып, «көтек» депті деседі. Яғни «көзі шарасынан шыққандай шаншыла қарап, оқыстан шаңқ етіп айқайлап «как так!» деп қалыпты. Осы оқиға бұдан бұрын елге «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, «сүт үстінде қаймақ» болып келген Абайға үлкен қаза сияқты көрінеді дейді Мұқаң.

Иә, Абайға қаза сияқты көрініп, ауыр тиген Оспанның сайланбай қалғандығы емес, Жиренше бастатқан жиыны 16 атқамінердің, әсіресе досы Ерболдың опасыздығы болады. Ояз сайлауды қайтадан бұзғызайын дегенде, Абай көнбей «бекітңіз» депті деген сөз бар.

Сонымен, 1984 жылдың жазындағы Мұқыр сайлауы Абайға көп күйініш әкелген. Осы қырсықты оқиға Абай санасында терең із салып, шығармашылық өріске жақындата түсті.

Тұрағұлдың білуінше, әлденеше тамаша өлеңдері туады. Ол өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде жаңағы 1884 жылғы таласты сайлау оқиғасына тоқтала келіп, сонан кейін «достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен» әкем Абай жеті өлеңін жазды» деп мәлімдейді. Байқап отырсақ, Абай 1884 жылың күзінен өлең жазуға кіріскен, бірақ сыр сақтап, өлеңдерін көпке жаюға асықпаған. Бірақ бүркеулі сырдың ашылатын уақыты алты қырдың астында емес еді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 122 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: