21:06
Абайтануға айқындама

ДӨҢ БАСЫНДА

 Көшпелі қазақ күзегін, қыстау-тамдарын шоқы, төбені таңдап жүріп, соның бөктеріне салады. Хәттә, төбе ықтасын ғана емес, күндіз төңіректегі малды қарауылдайтын, кеш түсе салқын самалды жұтып, дем алатын жайлы орын. Ақшоқы дөңі Абайдың шығармашылық зертханасы есепті болған. Дөң басында келешек ұлы ақынды қандай ойлар қаумалады екен?

«Абайға рухани азық болған үшінші арна – орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті. Қазақ халқы бұл мәдениетті Абайға дейін мүлде білмейтін», - дейді М.Әуезов. айтса айтқандай, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой, крылов сөздерін қазақ алғаш рет Абайдан естіді.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ. (1892 ж.)

«Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап», деп басталатын Гетенің әйгілі екі шумағын Лермонтов орысшаға, Абай қазақшаға аударды. Абай «Тыншығарсың сен-дағы» дейді. Хош, өзі сол тыныштықты қалай тапты? Бұл сұраққа дөңнен, шоқы басынан десек, қате айтқандық бола қоймас. Абай кешкі қарбалас аяқталып, ел аяғы тыншыған шақта шапанын желбегей жамылып кіші Ақшоқы төбесінде оңашаланған. Бұл құпия емес, жақын айналасы жақсы білген машығы.

Айнала жым-жырт. Айлы дала, ақ дала. Ай сәулесіне шомылған құйқалы Тесіпшыққан қорығы теңіздей толқулы. Оған көкте самсаған жұлдыздар тұтасқанда, күндізгі қым-қуыт өмірмен байланыс біржола үзіліп, адам өзін ертегі әлеміне енгендей сезінеді-дүр. Абай ақ төбеде отырып, Шыңғыс бөктерінен талып жеткен самалға бетін тосады. Тоя алмай рахаттана, кең кеудесін толтыра сіміреді. Жаны аулақты, қаумалаған ой құшағында отыра бергенді қалайды. Осы суретті Мұхаңның қаламы «Абай жолында» былайша жеткізеді: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...».

Дөңгеленген дөң басында кей-кейде өз-өзінен ыңылдап әлдебір әсем, әуезді әнді шығарып отырады. Япырай, әлдебір өлең-жырлар көңілге қонақтай беретіні несі? Пәлі, мынау бәйге аттың суреті ғой. Ал мына ұйқас ше? Өзінікі ме, әлде күндізгі оқыған Пушкин сөздерінің әсері ме? Татьяна мұңлықтың Онегинге жазған хаты қандай-ды?.. Әсіресе Лермонтовтың сөздері неткен терең: «Өзі қысқа, өзі асау тентек өмір, Артқыға бір белгі қалса нетер? – дейді, «ә» деп рахаттана жымиып, басын шайқайды. Орыстың қос ақыны Абай жанын неге баурап алды, оны өздеріне іңкәр еткен құдірет қайсы? Шығармашылық дарын қайнары – махаббат, әділет сезім, мейірбандық пен ізгілік. Құпия осы арада деген ойдамыз.

Кей-кейде өң мен түстің арасы қас-қағымда ми мен жүрекке жарығын шашқан сәулелі ой келетұғын болса, сол беймәлім әлсіз «сигналды» түс көрдім демей, іштей «аян алдым, сірә» деп сенеміз. Абайдың сондай аян алған бір әсерлі кешін көзге елестетудің орайы бар. Сол кеште де Абай иығына шапанын іліп, қолына ең сүйікті кітабы – Лермонтовтың 28 өлеңнен құралған жинағын алып, дөң басында көп отырды. Айнала ертегідей әлемге айналған шақ та туды. Бір сәт жүрегі ғарыш тұңғиығынан Көк Тәңірі аяны түскенін сезгендей дүрсілдеп қоя бергені. «Өлең – сөздің патшасы. Мүлгіген қазағыңды бір оятса, соның құдіреті оятпақ. Сен ақын болуға тиістісің!». Ғайыптан түскен аян осы мағынаға саяды. Осы ой, осы шешімнен келешек ақынның жүрегі тулап қоя берді. денесі шымырлады. Абай қалай орнынан шапшаң тұрып, әрі-бері адымдап кеткенін өзі де аңдамай қалады. Қызығы да көп, бірақ омырау жасқа боялатын азабы онан әлдеқайда басым ақындық ғұмырдың басы осы екенін іштей сезінгенімен, алды қандай тағдыр тосқаны бір Аллаға ғана аян еді.

Қалай болғанда да, көп жылдар, әсіресе 1878-1883 жылдар аралығында Ақшоқы дөңі Абайдың шығармашылық зертханасына айналғаны сөзсіз. «Абай» энциклопедиясында зерттеуші Бейбіт Сапаралы. «Ұлы ақынның «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Өзі ермей, ерік бермей» сынды өлеңдері және «Евгений Онегин» рома-поэмасынан үзінділері туған жер – Ақшоқы», - деп жазады. Тоқ етері, жасы отыз-қырық арасында Абай ой бағып, ғылым соқпағынан өтті. Соны жолды, тың көзқарасты тапты. Сол кезден-ақ өзін-өзі «ойшылдың бірі» деп анағаны айдай анық.

Сондықтан біз сөз еткен Кіші Ақшоқы төбесі «Бұл орын – ұлы Абайдың ақындық ғұмырының бастауы, алғашқы шығармашылық зертханасы» деген мазмұнда белгі-ескерткіш қоюға лайық, келешекте туристік бағдар болуға сұранып-ақ тұр.

Сөз соңы, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тараулар атауы бүккен сыр қайсы? Бұл жайында Ғабит Мүсірепов былай деп жазды: «Романды түсіну кілті – «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттарында жатыр. Біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы».

Айтса айтқандай, Абай ақындық өрге тұп-тура қырық жаста, 1885 жылы шықты. Қазақ халқы үшін «алтын ғасырға» бергісіз 20 жылдық әдеби өмір басталды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 139 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: