20:29
Абайтануға айқындама

ІНІСІ ХАЛЕЛДІ ОҚЫТУЫ

Халел (шын аты – Халиолла) Абайдың орыс-еуропа мәдениеті, таным мәселелері жөнінде хаттар жазып, пікір алысып жүрген сүйікті інісі. Ол Құнанбайдың Айғыздан туған тұңғышы. Абай Құнанбайға «мені ғылым-білімнен махрұм қалдырсаңыз да, менен кейінгі жас балаңыздың біреуін орысша оқуға беруіңізді өтінемін» дейді. Абайдың мұрындық болғаны Әрхам Ысқақовтың естелігінде баяндалған. «Ысқақ шешелес пысық, ұғымтал болғанымен, онан халиолла артық ойлы, ақылды, дана адам болар деген үміті болады да, Абай Халиолланы оңаша шығарып алып: «Халел, сен орысша оқығың келе ме, оған талабың бар ма?» - деп сұрайды. Халел аз ойланып тұрады да: «Абай аға, егер қаражат табуға мүмкіндік болса, мен орысша оқуға өте ықылас қояр ем», - дейді. Абай: «Жарайды, сен қашан оқып білім алып болдым дегеніңше қаражаттан тарықтырмауды мен міндетіме алайын. Ал сен көңіл қойып жақсы оқып, біліміңнің пайдасын көп көрерлік, көпке үлгі боларлық болып шығуды міндетіңе ал», - дейді». (Абай туралы естілктерден)

Халел Абайдың үмітін ақтап, Омбыда, онан соң Мәскеуде оқып, терең білім алады. Оның білімдарлығы Абайға ерекше әсер еткені сөзсіз. Реті келіп тұрған соң айта кетелік, Халел Омбы кадет корпусында Шоқанның інісі Махмұт Уәлихановпен бірге оқыған. Демек, Шоқан оқудағы інісіне барғанда Халелді көруі, әңгімелесуі әбден мүмкін. Бұдан Абай қазақтан шыққан тұңғыш ғалым жайлы Халелден естіп-білген болар деген болжам туады.

Семейдегі Абай мұражайының ғылыми қызметкері Мұздыбай Бейсенбайұлы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архавте сақталған Сібір генерал-губернаторы канцеляриясының іс-қағаздарын тауып алып, «Абай қол қойған құжаттар» деген мақала жариялады. Ол қысқа рапорттар Абай Омбы қаласында қазақ балаларына арналған мектепке бала жіберуге атсалысты және бәйжігіт руы адамдары Күшік-Тобықты болысынан неліктен көшті деген мәселенің ақ-қарасын айырып берді деп паш етеді.

Болыс Абайдың 1866 жылы Сергиополь округтік приказына жолдаған рапорты мынау: «...Омбы облыстық басқармасы ашқан мектепке алты болыстың келісіп, іріктеп алған баласы – Баймұса Тәңірбергеновке шешек ауруына қарсы екпе жасалғанын мәлімдеймін. Болыс управителі – И.Құнанбаев, 11 шілде, 1866 жыл». Екінші рапортқа келсек, оның мазмұны «...Бұрынғы старшина Жұрқа Бәкішевтен сұрап, анықтап, не себептен оның ауылындағы отбасылар бәйжігіттерге көшіп кеткенін білдім. Адам және мал санағына есеп жүргізетін кеңесші Рыбин бұл жәйттен бейхабар қалған. Себебі тап сол күндері болыста оған түсіндіріп айтатын тілмаш та, хатшы да болмаған. Бұл жәйтті округтік приказға хабарлауды өзіме міндет санаймын. Болыс управителі – И.Құнанбаев, №50, 13 шілде, 1866 жыл».

Келтірілген деректің екеуі де орыс қарпімен Абайдың өзі қол қойған тарихи құжат болып табылады. Ел ағасы жасына келгенде Абай: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсетер ме, өзі рахат көрер ме, я жұртқа рахат көрсетер ме?» - дейді. Ғылымды азық қылудың қажеттігін бұдан асырып айту мүмкін емес шығар. Ескерте отыралық, Абай заманында «орыстың ғылымы» деген сөз «дүнияуи ғылым» деген мағынаны білдіретін.

Сөйтіп, жоғарыда сөз етілген Халелді оқуға жіберуі және ел жұмысына белсене ат салысуы келешек ойшылдың кісілік, тұлғалық болмысын ашатын мәнді фактілер. Сол сияқты ұлы ақынның ә бастан-ақ қазақты көшелі ел қылатын сара жол – ғылым-білім жолы деген түсінікте болғаны анықталып отыр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 171 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: