13:44 Абайтануға айқындама | |
БОЛЫСТЫҚ БИЛІК НЕ БЕРДІ? Абай өмірден өзіне дәйім сабақтар алып отырған. Соны пайымдау үшін «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген туындысына үңілейік. Міне, ғылымды азық қыла алмадым деген өкініші: Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Патша ұлықтарың, әсіресе төмен дәрежелі шенеуніктерінің бет-бейнесі Пушкиннің Абай тәржімалаған кейіпкерлерінің (Онегин, Ленский, Ларин) мүлдем алыс еді. Орта азияға жіберілген шенеуніктердің надандығы, өркөкіректігі мен парақорлығы құпия жәйт емес. оларды орыстың атақты жазушысы Салытов-Щедрин «Ташкенттік мырзалар» атты памфлетінде ащы мысқылмен түйреп өтеді. Қызмет бабында әрбір болыс қаладағы орыс шенеунігімен бетпе-бет келеді, Абай да 12 жыл ішінде шелтірейген жемқор шенеуніктің талайын көрген. Олармен тең тұрғыда сөйлесу үшін білімдар болуың шарт. Мінеки, ғылымның «пайдасын көре тұра тексермедім» деуінің бір астары осы. Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ. Уайым – аз, үміт – көп, Ет ауырмас бейнетке. Бүгін-ертең жетем деп, Көңілге алған дәулетке. (1891 ж.) Бұл жас Абай өмірінң суреті. Сол сияқты әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңіндегі: Қадірлі басым, Қайратты жасым, Айғаймен кетті, амал жоқ. (1889 ж.), - дегені де бірінші кезекте болыс болған 12 жылдың жаңғырығы. «Соқтықпалы» ортада әкесі Құнанбай құсап «Абай құрал таңдамайтын болып алды. Не нәрсе керегіне жарайтын болса, қандай себептермен жауын жығуға болатын болса, соның көбін іске салады» (М.Әуезов). Абайдың болыстық жылдары үш олжай, әсіресе Ырғызбай мен Жігітек рулары арасында жаулық жалғаса берді. Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме. (1898) Бұл жерде «түспе ізіме» деуіне қарап, ақынның болыстық тәжірибесі бос, зая кетті деп ой қорытуға болмайды. Ел басқарған жылдары қайтпас қайрат иесі Абай отаршыл саясаттың қыры-сырына қанықты. Халық қамқоры ретінде оның мұң-мұқтажын қорғап, саясатын жүргізді һәм тәлім-тәрбиесін де молынан алады. Екіншіден, болыс Абайға қазақтың ескі сөзі, ескі биліктері, мәтел-мақалдары, жол-жобасы, сонымен бірге ескі ақындар, шешендер, батырлар болсын – барлығы жайындағы әңгімелер таныс дүние болады. Абай қазақ фольклорына сусындап қана қоймай, күллі далалық философиясын меңгереді. Сол сияқты әлеуметтік мәселелермен (бай мен кедей арасындағы ымырасыздық, әйел теңсіздігі және т.б.) бетпе-бет келді. Халықтың мұң-мұқтажына қанықты. Елтану жағынан білім көкжиегін кеңейтті. Осының бәрі ақынның өз басы үшін баға жетпес өмір тәжірибесі және «Болыс болдым мінеки» сияқты әлеуметтік поэзиясының қайнар көзі болды. Мұхтар Әуезов Абайдың болыс болған уақытына меңзеп: «Абайға ендігі зор тәрбиеші, ұстаз қазақтың қалың бұқара халқы бола бастайды» деп көрсетеді. Небәрі он жылдай уақыттан соң ақын көкейінен халық туралы ғажап жырлар төгілді. Ендеше болыстықтың Абайға берген ең басты сабағы һәм татымды жемісі осы деуге керек. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |