18:46 Абайтануға айқындама | |
ӘДІЛЕТТІ БОЛЫС 1822 жылы хандық билік, 1868 жылы сұлтандық билік жойылды. Аға сұлтан болған Құнанбайдың мұқым Тобықтыны «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» ұстағанына бір дәлел – болыстыққа ә баста інісі Майбасарды, онан соң Сүйіндікті, онан соң 1865 жылғы сайлауда Шәкәрімнің әкесі Құдайбердіні сайлатқан болатын. 1868 жылы патшалық Ресей өкіметі әкімшілік жүйе мен сайлау тәртібіне өзгерістер енгізді. Ол жаңа Ереже (жаңа Низам) аталды. Ол бойынша Тобықты елі бұрынғыдай бір әкімшілік болмай, үш болысқа (Бұғылы, Шыңғыс және Мұқыр) бөлінді. Волостной управитель (қазақша – болыс), ауылнай, старшина деген түрлі лауазымдар шықты. Лауазымды ақшаға сатып алуға ұмтылған пысықтардың күні туды. «Партияшыл», «топшыл» құбылыс етек жайды. Ол заманда барша жұрттың делебесін қоздыратын науқан – болыс сайлауы еді. Бүгінгі жастар біле жүрсін, болыстыққа елге сыйлы, беделді адамдар түсетін. Обалы нешік, заң-закөн, яғни шар салуы тәртібі қатаң сақталатын. Абайдың болыстыққа 5 мәрте сайлану сырын басқадан емес, әділеттілік және елжандылық қасиеттен іздеген жөн. Бүгінгі әкім-қаралар Абайдан ел басқару өнерін үйренсе құба-құп. «Құнанбайдың орысша оқыған баласы бар, өзі әділ көрінеді» деген сөз ә дегеннен тараған һәм елдің ілтипаты ортайып көрген де емес. «Болыс» Абай өлеңдерінде жиі кездесетін сөздің бірі. Ол орыстың «волостной управитель» тіркесінің қысқа түрі. Ол күнде әкімшілік аумақтың үлкені – «уезд», кішісі – «волость» делінген. Ғалым Серікбол Қондыбай «волость» түркінің «ұлыс» («улус») сөзінен деп топшылайды. Алдыға оза айтайық, 1868 жылғы саяси реформа қазаққа алалық әкелді – ел жуандарының болыстық билік үшін арпалысы үдеді. Әр сайлау дерлік қырқыспен өтетін болғандықтан: «...Сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық билікке таластық» дейді Абай (3-сөз). Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып. Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып. Кішік Тобықты болысының кезекті сайлауы жеткенде Жігітек руының атқамінерлері Құнанбай балалары Тәкежан мен Абай сайланып кетпесе екен деп оларға өтірік жала жауып, алдын-ала арыз береді (арыз – адамды сайлану құқынан уақытша айырады). Оязға сөзі өтімді Құнекең Абайдың орнына кіші баласы Ысқақты сайлатады. Бірақ атағы Ысқақтікі болғанымен, іс жүзінде болыстық қызмет «Абай мойнында болады» (Әрхам). Бұұған дейін келтірілген Навроцкийдің рапортында Абай Мұқыр болысында үш жыл «үкіметтің тапсырысы бойынша қызмет етті» делінген еді. Осы үш жылға (1876-1878) тоқталмай болмайды. Себебі Абайдың осы жолғы болыстық қызметі өміріне бұрылыс әкелді. Рет-ретімен баяндайық. Мұқыр, ескіше Қоңыр-Көкше болысында екі-үш рулар бас қосты. Атап айтқанда, төрт старшын Мамай, бір старшын Мырза рулары, бұларды ел «Қоңыр» деп атаған, енді «Көкше» сөзіне келер болсақ, бұл болыс құрамында төрт старшын Көкше руы кіргенін білдіреді. Қоыңыр-Көкше елінде барымта, ұрлық-қарлық өршіп, болыс шақ келмей, ауыса беріпті. Дәлелге Семей уезной начальнигі (ояз( әскери губернаторға жолданған мына бір рапортты алайық: «Тобықтының Қоңыр-Көкше болысында, бірде-бір болыс дұрыс қызмет атқара алмай, жиі-жиі түсе берді. екі-үш жыл ішінде бұл елде бес болыс ауысты». Міне, Абайдың Мұқырға әдепкі шар салу жөніменен емес, ұлықтың бұйрығы – назначениемен болыс болып тағайындалуы осы жәйтпен өз түсінігін табады. Тағы бір пысықтайық, Абай жастығына қарамастан болыс управителі қызметін 12 жыл атқарған. Таңқаларлық құбылыс! Оның сыр-себептері: Абай жаратылысынан зор қабілет-қарым иесі. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, қазақ халқы, әсіресе шешендік өнерді жоғары бағалаған. Абай 2 жастан-ақ әйгілі шешен атанды. Осыған қара қылды қақ жарған әділдігін қосыңыз. «Халыққа аянбай қызмет етіңдер. Сонда Құдай қолдайды. Адал болыңдар. Адалдың арқаны ұзын». Құнанбайдың ұрпағына қақсап айтқан аманаты осыған саяды. Абайдың, басқа да Құнанбай ұрпағының билік тізгінін ұзақ ұстауының және халыққа абыройлы болуының сыры осы арада деу керек. Ерте оянған, көзі шырадай жанған жас болыс Абайды көзге елестету қиынға соқпайды. Оның даңқты болғанына 1873 жылғы оқиға дәлел. Өзі Шыңғыс болысына сайланған Абай інісі Ысқақты Бұғылы болысына болыс қылып сайлатады. Бұл жайында: «27 жасында, - деп жазады Тұрағұл, - біздің елдің Бұғылы жақ шетіндегі Оразбай Аққұлы баласының ауылындағы сайлауда қасында туған-туысынан адам жоқ, жалғыз барып елді жеңіп алып, інісі Ысқақты болыстыққа сайлатып қайтыпты». Абай әділет үшін алысты. Жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы делінетін талай дауға кіріп, кейде өз басы пәлеге де ұшырап жүреді. Мысалға Зағипа, Шөкей, Толғанай есімді қыздарға араша болғаны ел жадында жатталып қалды. Абайдың Қыздар (1845-1932) деген құрдасы ұзатқалы отырған Жасбала есімді қызды алып қашады. Осыдан кейін Жасбалаға қалыңмал төлеген қайындары Абайға келіп: «Жесірімізді Қыздар алып қашып кетті, Сіз не дейсіз?» депті. Абай аз ойланып отырып, қызды өз еркімен алып кетсе, ол біреуге әйел болып отыр, енді оны қозғаудың реті жоқ. Бірақ төлеген малдарыңды қайтарып бергізем деп, Қыздарды шақырып кесімін айтыпты. Сөйтсе, қалыңмалды қайтаруға Қыздарда шама жоқ екен, оны білген Абай өзі көмектесіп, Қыздарды құтқарыпты. Айтпақшы, Абай 1894 жылы осы құрдасының бір мінезін жақтырмай қалып, «Қыздарға» деген өлеңін шығарыпты. Тұжыра келгенде, қарапайым көпшілік Абайдың қолдау-көмегін көп көреді. «Құнанбайдың орысша оқыған баласы бар, өзі әділ көрінеді» деген сөз ел ішін кеулеп, түгел аралады. Болыс болған жылдары Абай өз елі – Тобықтыны түгел мойындатқан. Алған бетінен қайтпай, өрлей берген. Нәтижесінде, «Абай отыз жасында, - деп жазады Әлихан Бөкейханов, - барымтаны жойып, өзге рудың байларымен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жаулары сескенетін беделді қазақ атанады». баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |