16:23
Абайтануға айқындама

АБАЙ ҚАЙ ЖЫЛДАРЫ БОЛЫС БОЛҒАН?

Мұхтар Әуезов Абай жайында мағлұмат жинауды 1925-1927 ж.ж. қолға алғаны аян. Ит үстінен құс ұшырған дейтін қилы кезең бұл. Сол шақта кемінде жарты ғасыр әрідегі оқиғаларды дәлді айтып беретін көнекөз қариялар да жоқтың қасы еді. Архивтік деректер қайда десеңіз, олар «құпия» деген қаһарлы мөрдің астына көмілді. Міне, Абай қызметті қай кездерде, қандай лауазымда атқарған деген қарапайым мәселенің көп жылдар беймәлім, жауапсыз қалуы осымен өз түсінігін табады.

Айтылмыш мәселенің беті бертінде И.С.Навроцкий деген Семей оязының Семей облысы әскери губернаторына жазған құпия рапорты (1903 ж., 26.VIII, №48) табылғаннан кейін ашылды (рапорт Абайға 1903 жылы Көкшетау жақтың Шаймардан Қосшығұлов деген патша өкіметіне сезікті адамы жолдаған хатқа байланысты жазылған).

Сол Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы (ҚР ОМА, 15-қор, 1-тізбе, 399-іс, 153-бума) құжат былай деп дерек береді: «Ибрагим Кунанбаев человек весьма развитый и умный, служил 2 терхлетия бием и 3 трехлетия управителем в Чингизской волости, затем одно трехлетие прослужил управителем Мукурской волости по поручению правительства» (деректі алғаш жариялаған белгілі қоғам қайраткері – Сапар Байжанов).

Бір-ақ ауыз архив дерегі! Бірақ қандац құнды десеңізші. Осымен, жігіт кезінде Абайдың болыстық қызметті 4 мәрте, яғни 12 жыл бойы атқарғаны анықталған. «Көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам» (Тұрағұл) ат үстіндегі албырт жас – болыс Абайды көзге елестету қиынға соқпаса керек.

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ, -

деп өзі айтқандай, болыс кезінде ақын пендешіліктің дәмін де бір кісідей татады. 1874 жылғы «Әкімбай өлгенде» жоқтауында Абай:

Қызыл балақ қыранның

Балапаным дерт алды.

Жеміс ағаш, бәйтерек,

Балдырғанын өрт алды, -

дейді. Өзін-өзі «қызыл балақ қыранға», «бәйтерекке» теңеуінен кеуделі, «жастықтың алғашқы арыны басылмаған» (Тұрағұл) ақын бейнесі қылаң береді.

Хош, ел ағасы жасында Абай билікте болған ба?

Тұрағұлдың белгілі естелігіне жүгінелік. Ол: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» дейді. Осы мәліметті келер жылы Алматыдағы науқас Әбдірахманға жазған өлең хатында Абайдың»Барар ем, қолымның болмады бостығы» деуі құптай түсетін. Әйтсе де, архивтік айғақтың жоқтығынан күмән-күдік сейілген емес.

2014 жылдың күзінде Семейдегі Абай мұражайының мамандары «Омбы мұрағатынан құжат табылды» деген сүйінші хабар таратты. Ол – 1893-1896 жылдары Абайды Шыңғыс болысына болыстыққа сайлау туралы генерал-губернатордың қолы, мөрі қойылған бұйрық. Бұйрық 1893 жыл, 11 қыркүйекте шыққан. Осымен, жас шағындағы 12 жыл болыстық қызметке жер ортасы жастағы 3 жыл қосылып отыр.

1891 жылы «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (1-сөзі) деп мәлімдеп, қарасөздеріне кіріскен ақын үш жылға жетер-жетпесте шешімін өзгерткен. Неге? осыған келейік.

Бірінші, Оспан тосыннан өлген соң, Шыңғыс болысында ахуал қатты ушықты. Оразбай, Күнту бастатқан дұшпандар үш Олжай (Айдос, Жандос, Қайдос) арасындағы баяғы араздық шоғын үрлеп бақты. Үш Олжай ішінде татулық болмаса, бүкіл Тобықты тыныштық таппайды. Әсіресе жан-жаққа шашыраған Жігітек руын «қайырып алу» тек Абай қолынан ғана келетін шәлкемді шаруа. Жоғарыда Тұраштың «халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» деуінде міне осы жәйт тұр.

Абайдың болыстық қызметке оралуының екінші себебі – биліктің қадірін жақсы білгендігінде десек, қате бола қоймас. «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек...» деп өзі жазғандай. 1892-1893 жылдары жауларға зіл, туыстарға қыр көрсетуге, басынған пақырларды тәубесіне келтіріп алуға қажеттілік туды. Осы жылдары Петербордағы Әбдірахманды емдету және тағы басқа тапшылық көргенін де айта отыралық (болыс – жалақылы қызмет).

Халықты ақыл-оймен, дуалы сөзімен аузына қарата алатын адамды қазақ «дәлмар» я «шешен» дейді. Би, старшын, мейлі болыс лауазымына болсын осы шешендер арасынан таңдалып отырды. Абайға да жас шағынан ел билеушілер қатарына қосылуға мүмкіндік берген тілін безеген шешендігі еді.

Сонымен Абай халықпен біте қайнасып, ел жұмысына күш-қуатын аянбай сарп еткен 15 жыл болыстық қызметі келешек ойшыл ақын үшін нағыз өмір университеті әрі шығармашылығы нәр алған құнарлы топырақ болды. Бұл ақиқат. Міне, Абай қай жылдары ел басқарған деген мәселенің басын ашып алудың маңыздылығы осы арада.

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 175 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: