11:40 Абайтануға айқындама | |
КӨНЕ СЕМЕЙ – ӨНЕР, БІЛІМНІҢ КЕНІШІ Ертеден сұлу бейнесі, мөлдір суы ел аузында аңыз болған, жағасына «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» дарияның бірі – Ертіс. Ертістің арғы жағы, бергі жағы, Жайқалған жағасында жапырағы... – дейтін өлең есте жоқ ескі мезгілден деседі. Міне, Семей осы мол сулы дарияның екі жағына да орналасқан көне шаһар. Қазіргі таңда «Семей» атауының төркіні қалаға ең жақын «Семейтау» деген таулы аумақтан екендігі толықтай дәйектелді (бұрындары «Семипалатинск» сөзінің қысқа түрі деп есептелетін). Абайдай алып тұлғаның қалыптасуында Семей шаһары ерекше орын алады. Қалаға алғаш келген қыр баласына мұндағы өмір, сірә да, «Мың бір түн» кітабында суреттелген Харун Рашид патшалығы сияқты таңғажайып дүние болып көрінген. Семейдің әр тұсынан көз тартқан әдемі үйлер мен ғимараттар, көшелері мен дүкендерін аралап қаланың тұрмыс-тіршілігіне қанығу шәкірт Абайдың ой-танымын кеңейтіп, сезімін серпілткені сөзсіз. Абай медресеге барған жылдары шаһардың өркендеуі жаңаша қарқын алған болатын. өйткені тап сол қарсаңда, 1854 жылдың 1 қазанында, Семей қаласына «облыс орталығы» мәртебесі берілді. Осы жылы Семейге саяси іспен жер ауғандардың алдыңғы легімен орыстың келешек ұлы жазушысы Ф.М.Достоевский келген. Оны Семейде прокурор қызметіндегі барон Врангель, ерекше тапсырманы орындаушы А.Трофимов және өлкетанушы И.Земляницын, археолог Н.Абрамов сияқты оқымысты жас азаматтар қуана қарсы алған. Семейде орыс жазушысы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановпен кездесіп, достасады (екеуі бірге түскен фотосурет бар). Осы жылдары атақты саяхатшы Семенов-Тян-Шанский де Семй топырағына ат басын тірегені бар. Семейге дейінгі каторга жағдайында өмірден түңілген әрі денсаулығы кеміген Достоевский қазақ жерінде өткен бес жылдық ғұмыры жайында: «Өмірге құштарлығым қайта оянды. Өз өміріме разымын... Шығармашылық еңбекке қайтып оралдым», - деп ағынан ақтарылыпты (бұл факті де Семей топырағы киелі деуіміздің бір көрінісі шығар). Зерттеушілердің сөзінше, семей облысы «Ресей империясы құрамындағы облыстардың ең көлемдісі» болған. Осынау алып аумақтың билігі де, өнер-білімнің, сауда-кәсіптің ошақтары да Семейде шоғырланды. Бір таңқаларлығы, археологиялық қазбалар мен жазба мұралар Семейдің орнында ежелгі қимақ-қыпшақ қағанаты орталығы (ІХ-Х ғ.ғ.) болғанын дәйектейді. ХІХ ғасырда Сібір, Қытай және Орта Азия арасында сауда-саттық жолдары Семей шаһарында тағы бір қиылысты. Түйе салынған (түйе – сауда-саттықтың нышаны) қала таңбасы (герб) соның айғағы. Семей медреселері дін ұстаздарының арасында ортаазиялық Бұхарадан да, еуропалық Қазаннан да келгендер болды. Бірақ қай орталықтың әсері күштірек болған? Осындай сұрақтың тууы заңды . «ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап аяғына шейін, - деп жазады М.Әуезов, - және ХХ ғасырдың басында да Қазан, Орынбор, Петербург баспаларында татардың баспахана иелері, саудагер капиталистері қазақ сахарасы үшін бастырып таратқан аса көп кітаптары болған». Демек, мұсылмандық білім берудің еуропалық үлгісі басым болғаны даусыз. Айта кетерлік, 1804 жылы татар халқының бас қаласы – Қазанда университет ашылған. Осы оқу орнының ХІХ ғасырдың екінші жарымында жәдидизм (Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы) өрістеуіне ықпалы өзгеше болды. Ең жақсысы, университет жанында ашылған баспаханадан, Мұхаң айтқандай, мың сан кітап жарық көрді. Сол Қазанда даярлықтан өткен молда, имамдар – ұстаз әбзилер тобы өздерімен бірге құнды кітаптарын ала келіп, Семейдегі Ахмет Риза және т.б. медреселерді байытқаны байқалады (ал саудамен байыған татар-қазақ көпестері салдырған мешіт-медреселер саны 4-5-ке жеткен). Татар халқының мінезін, тұрмыс-тіршілігі мен Семей шаһарының өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін жақсы білетін Абай тілі, діні, тегі бауырлас жұртты былайша құрметпен жазады: «Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда» (2-қарасөз). Абай татарды «ноғай» деп жазған. Неге себебі қазақтар татар халқын «татар» демей, Қазан төңкерісіне шекті, баяғы Ноғайлы дәуірінен жеткен архаизм болса керек, тек «ноғай» деп атаған. Басқа алашты қайдам, Семей жұрты татар демей, ноғай деу машығын (ноғай молла, ноғай мешіті, ноғай зираты, ноғай ауылы, т.б.) осы күнге дейін қоя алмай-ақ келеді деу тағы бар. Ахмет Ризаның баласы Кәмәли хазірет бастаған татар зиялылары, Семейдегі медреседе бірге оқыған мүридтер, кейінде халфе, хазірет, имам атанып, мешіттерді басқарған достары мен Абай арасындағы қарым-қатынас өле-өлгенше үзілген емес. Қыздың бұрымындай бұралып ағатын мол сулы ерке Ертіс көне Семейді екіге жарады. Біз әзірге арғы бет – оң жағалауды сөз етті. Ал бергі бет – сол жағалауға келейік. Бұл жақ – ежелден қазақ мекені. Ондағы Тінібай мешіті – Шығыс Қазақстан жеріндегі ең көне мешіт, оның құрылысы 1832 жылы аяқталған. Ғажабы, ол әлі күнге сол қалпында. Патша заманында бергі беттегі қазақ жатақтары – «Заречная слободка», «Алашорда» автономиялы ту көтерген 1919 жылдан 1929 жылға шекті «Алаш» аталды. Қазіргі таңда ресми аты – «Жаңа-Семей». Шоқан Уәлиханов Қашқарияға жиһангерлік (1858 ж.), ал Құнанбай, Шәкәрімдер Меккеге қажылық сапарына Жаңасемейдегі Тінібай мешітінде ғибадат етіп аттанған болатын. 2-гильдия көпес Тінібай (руы – Уақ) Құнанбайдың Ұлжаннан туған Мәкіш деген қызын әйелдікке алған. Сол себепті жас Абай да, Халиолла да Тінібай үйіне келіп-кетіп жүреді. Тоқ етері, Семей Абайға Шыңғыстаудан кейінгі құтты мекен болды. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |