10:45
Абайтануға айқындама

ҚЫРДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ӨЗГЕРІСТЕР

Хақ мұсылмандығы алашқа аян Құнанбай өз айналасы, ұрпағы ғана емес, дін жолына мұқым Тобықтыны бұруға күш салып бақты. Жас буынның бәрі молда алдын көре бастаған. «Мен бір анадан жалғыз туып, жасымнан қатыбас болдым»деп өзі айтқандай, Құнакең жастарды насыбай тарту, шылым шегу сияқты қылықтардан сап тыяды. Сол сияқты ел басқару ісіне білімнің керектігін жақсы түсінген Құнанбай балаларын оқытуға бейілді болды. Абайды Семейдегі діни медресеге, ал Халиолланы (1858 ж.) Омбы кадет корпусына оқуға беруі соның айғағы. Әріден бастап, беріге келер болсақ, Абайдың дін сабағын оқу оқиғасы былайша өрбіген екен. Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған тұста Қарқаралыда мешіт салдырмай ма. Сол мешіт құрылысы аяқталған 1851 жылдың жазында әкесі Өскенбайға ас беруі Құнекең абыройын онан сайын асқататты. Әкесі Өскенбайдың асына Қарқаралы дуанына қарайтын бір болыс Жобалай керейдің Шүршіт деген байы сойысқа он семіз жылқы әкеліп, оған қоса «Сіз былтыр бір жақсы молдаға зәру болып жүрмін деп едіңіз» деп, әскерлік қызметтен қашып жүрген Ғабитхан деген татар молданы да сыйға тартады. Сонан Құнанбай «Ескітам» деген күзеу қора тұрған жерге 20 шақты бала сыятын медресе соқтырып, Ғабитханды шәкірттерімен сонда орналастырады.

ХІХ ғасырдың ортасы қазақ елінің дін саласына елеулі өзгеріс әкелген. Жарты ғасырдай уақытта христиан дінін қабылдаған қазақтардың саны тым мардымсыз екені анықталған. Бірлі-жарым кедей-кепшік қазақтар қысты шіркеу маңында өткізіп, жаз шыға жайлау қайдасың деп ағайын арасына тайып тұрады екен. Ыстық борщ берген соң, «К шорту деп шоқындым да кеттім!» деген ескі сөз содан қалған. Сөйтіп, шын көңілімен шоқынған қазақ жоқтың қасы болған. Қысқа айтқанда, арнайы зерттеу жүргізген епископтар Мәскеудегі Қасиетті Синодқа Сібір, Алтай аумақтарын мекендеген «бұратаналар» ішіндегі дініне ең берігі қазақтар деп мәлімдепті.христиан дінін тарату қиын екенін түсінген патша өкіметі басқадай саясатқа көшті. Қазақ даласына Ресейдің арнайы мектебінен өткен татар молдалары көптеп жіберіле бастайды. Олар әскери міндеткерлік пен салықтан босатылады. Қазақ орысқа қараған сол заманда жер-жерде мектеп-медреселер ашыла бастаған. Бұл заманауи құбылыс, бір тәуірі, көне Семей шаһарын айналып өткен жоқ. ХІХ ғасырдың соңында Ресей-Қытай сауда-саттығы арасындағы көпірге әрі белгілі діни-мәдени ошаққа айналған бұл шаһардағы мешіт-медресенің саны жетіге жетті.

Қыр төсінде Құнекең елсіз жерге там соқтырып (1851 ж.), бұл орын кейіннен «Ескітам» аталып кетеді. Қыр өміріндегі алғашқы білім ошағы – осы мектеп болды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 181 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: