16:04 "Абай жолы" роман-дәуірнамасының қысқаша баяндалуы | |
ІІІ КІТАП / ҚАҚТЫҒЫСТА 1 Биыл да Әбіш жазғы демалысқа қайтқан. Бірақ бұл жаз бөтен іспеттес. Ел қаралы. Себебі өткен қыста Оспан қайтыс болған. Сол қыс өзі семіріп кеткен болатын. Ағайындар оның неден қайтыс болғанын да анықтай алмапты. Алты күн дегенде өмірден озған. Оспанның әйелдері Еркежан, Зейнеп, Торымбала – үшеуі өз ерлерін күнде жоқтауда. Әбіш ауылға келгелі үш күн Оспан үйінде құран оқыды. Сосын Дәрмен оны ертіп алып, жайлауға шығады. Алдарынан бір кіші бала шығып, сәлемдеседі. Ол Дәркембайдың жалғыз баласы екен. Дәркембайдың әйелі де, балалары да қайтыс болған болатын. Жақында ғана ол Бөкеншінің Жаңыл деген жесіріне үйленіп, содан жалғызы Рахым туыпты. Екі жігіт Дәркембайға барып көрісті. Үй ішінде отырып, үшеуі біршама әңгіме құрады. Енді сөз Оразбайға кеп тірелді. Ол өзіне сенімді тіректерімен бірге бір тәсіл ойлап жатты. Оның бір серігі Тәкежан еді. Ол Абайға қас болудың да амалын тапқан. Ұяттан жұрдай аға Оспанның әлі жылы да өтпей, малын бөлісуге көз тігіп жатқан еді. Ал Абай оған қарсылығын білдіріп, күтуге бұйырған. Ал Оспанның артында ұрпағы қалмаған болатын.
2 Күз түсіп қалған. Биыл жатақтың алпыстай үйі Тайлақбай құдығының маңында егін еккен. Егіншілер арасында Базаралы, Абылғазы және Дәркембайлар бар. Ең үлкені Дәркембай бидай жақсылап піссін деп орақ салғызбай отыр. Күнде егін ішінде Асан, Үсен мен Рахымдай кішкене балалар піскен бидайларды теріп, үйіне алып барады да қуырып жейді екен. Егіннен қайтқан Асандар жолда бөтен бір арбаларды көреді. Олар орыстар екен. Асандар оларды ертіп ауылға келеді. Екі ел тілдері өзгеше болса да, жақсы ұғынысқандай шырай танытты. Орыстардың үш ер жігіттерін ымдап түсіндіру арқылы Базаралының үйіне ертіп алып барады. Себебі, Базаралы орысша жақсы білетін. Орыс жігіттердің үлкені Афанасьич есімді кісі екен. Оны қазақтар Апанас деп атап кетті. Қалғандары Федор, Сергей есімді жігіттер болып шықты. Олар Россияның Пенза деген жерінен Жетісудағы Лепсі, Қапал деген жерлерге кетіп бара жатқандарын айтты. Оларды бұл бағытқа салған – сол жоқшылық екен. Жолдан біраз адасыпты. Содан көмек сұрап еді, Қаңбақ: «Өзім сендерді жеткізіп саламын», – деді. Олар риза болып, ертең аттануға бел буды. Ал сол күні Ырғызбайдың жылқылары жақын маңда жүрген болатын. Жылқыларды жылқышылармен бірге қағып жүрген Ақбердінің Мұсатайы, Майбасардың Ахметжаны, Өсердің Мақасы және Әзімбайдың өзі болатын. Олар егінде Базаралының да үлесі барын біліп, мыңдай жылқыны түнде бидайға салып жібереді. Ерте тұрып аттанбақ болған Қаңбақ егінді көріп айқай салады. Бар-жоғынан айрылған кедейлер қарғыс айтып, жылай түсті. Базаралының айтуымен егіннің есесі үшін отыз жылқы ұстап әкелінді. Мұны көрген Әзімбай қырық атты жылқышыларды жинап, тіке шабуылға шығады. Кедейлер де дес беріспей айқасады. Базаралының белі ауырып орнынан тұра алмаса да, жорғалап шығып ұрандатып тұрды. Айқасты көрген орыстар қолына ілінгендерін алады да кедейлерді жақтап, айқасқа қосылады. Соңыра Әзімбайлар шегіне кетті. Ал отыз жылқы әзірге кедейлердің қолында қалып қойды. Болған ел бүлігін көп өтпей Абай да есітеді. Әбіш әкесінің қасына кіріп, қажет болса, айқасу керектігін де айтады. Егіннің ойрандалуы жайлы, елге шабуыл жайлы Апанас пен Базаралы портава (арыз) жазып, қалаға жөнеледі. Ертесі күні орыстар Жетісуға бет алады. Сол күні түске жақын жатаққа Ақберді келіп, жылқыны тас түгел қайтаруын, әйтпесе, ертең Ырғызбай жиналып қарсы келетінін айтып кетеді. Бұл сөзді Абай есітіп, жан-жақтағы бүкіл ауылдарға адам шаптырып, сойыл және шоқпарларымен атқа мініп, жатаққа немесе Абай ауылына жиналу керектігін айттырады. Ертесі күні қалың ел, кедей халық қатты ызамен жиналып тұрған. Ырғызбайдан да жүз елу шақты атты келе жатқан еді. Алда Тәкежан, Ысқақ пен Шұбарлар келеді. Абай тағы жүз жігітті артына ілестіріп, жатаққа қосылады. Ырғызбай жігіттері қолдың көбейе түскенін көріп, қатты іркіле, тіпті қорқа бастайды. Кейін айқасқа да барғылары келмей қалады. Екі арадағы бітімді жасау үшін үш-үш адамнан алға шығысты. Жатақтан Абай, Дәрмен және Дәркембай шықса, қарсы жақтан Ысқақ, Ақберді және Шұбар (Абайдың інілері) келді. Бітім кешке дейін созылды. Ақыры дау болып жатқан отыз жылқы кедейлердің ендігі қыстық асы болып қалатын болып шешім қабылданды. Жиналған сойылды, шоқпарлы жігіттер үн-түнсіз қайтып кетті.
3 Оспан қайтыс болғалы, оның орнына уақытша Шәке (Шәкәрім Құдайбердіұлы) болыс болды. Шәке Абайға атшабары арқылы көп хат-хабарын жіберіпті. Абай үстінен оязға түскен арыздар көбейіп кеткен деседі. Соны білдіріп, шақыртқан секілді. Ал көп өтпей Тәкежаннан атшабар келеді. Абай тағы бір сұм басталатын сыңайлы деп ойға батқан болатын. Ол Оспанның жылын ертерек берейік депті. Себебі дәл жылдығын күтетін болса, тура желтоқсанның қақаған суығына тап болады екен. Қыста қонақ күту кәдесі де жақсы болмайды. Абай бұл ұсынысты мақұлдап, Тәкежан, Ысқақ үшеуі, Оспан үйінде жиналысты. Алдымен мол сойым мен шығынды бөлісіп алысты. Тәкежан мен Ысқақтың жүзінде алдынғы кектің ізі көрінбейтін. Керісінше, Оспанның жылына барынша малын салыспақ. Осылай үш бауыр Оспанның жылын бір айда беруге бел буысты. Ал Әбіштің ойы басқа жақта болатын. Әбіш Дәркембаймен сөйлескенде, ол: «Алған біліміңді қойныңа салып кетпе. Еліңе жарық алып кел. Артыңда бауыр жеткіншегің, өренің бар. Солардың көзін аш», - деген болатын. Әбіш осы сөзден кейін жатаққа мектеп салдыртып, бала оқытуға бас бұрғалы ойланып жүрген еді. Сол пікірін көп өтпей Абайға білдірді. Абай бұған қуанып, қолдайтынын айтады. Бірақ елім деп, халқым деп жүрген халықтың әлі шықпағанын айтып, күйіне кетті. Сонда Әбіш Шоқан мен Ыбырай жайлы бар білгендерін айтып еді, Абайдың жүзінде қуаныштың белгісі пайда болғандай болды. Кейін Әбіш Дәрменмен бірге көп отырып. Әңгіме құрды. Биыл жазда Мағрипаға екі рет құда түсіпті. Былтыр Ділдә Мағышты (Мағрипаны) келін етемін дегендей ымдап кеткен екен. Содан Мағрипаның туғандары келген кісілерді қайтарып жіберіпті. Әбіш Мағашты жіпсіз байлап отырғанын түсініп, онымен оңаша сөйлесуге бел буады. Кездесуді Өтегелді мен Дәрмендер ұйымдастырады. Сосын кездесуде Әбіш әлі ешкім білмейтін нуақастығын білдіреді. Үйленетін болса, жұқпалы ауру Мағрипаға да ауысатынынан уайымдайтынын айтады. Мағрипа: «Сенен айырылған күнім өлгенім, өлсем де сенімен бірге өлемін», - деп Әбішті құшақтай, жылап жібереді. Әбіш қыздың шын ғашықтығына сенім білдіріп, Оспанның жылы өткеннен кейін құда түсетінін айтты. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |