00:10
Абай тілі

Келтірілген сөздер (мысалдар) ақынның 1957 жылғы шыққан екі томдығында қай түрде жазылса, сол қалпы, негізінен, сақталынып жазылды.

 

АҒАШ. Жапырақты, бұтақты, түбірлі көп жылдық өсімдік. Ірімшікті құдайым кез қылды бір күн қарғаға. Алып ұшып барды да, Қонды бір биік ағашқа (ІІ,135). Қалың ағаш жапырағы, Сыбырласып өзді-өзі. Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі (І,77). Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап, Жылылық пен достықты тұрсын мақтап. Өнген өскен жақсы деп емен ағаш, Теңселіп айтып тұрса ол шайқақтап (ІІ,117).

 

АҒЕКЕ. Өзінен жасы үлкен, ер адамға сыйлау, құрметтеу ретінде айтылатын сыпайы сөз. «Дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе ағеке, нең кетеді осы ғанамды істеп бер»» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді (ІІ,189).

 

АҒЗА. Дене мүшесі. Сезімді тазалыққа кіргендігіңді кәміл ықыласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер сыртымды да пак етемін, һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пак етемін, бұл пактіктің үстінде аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз (ІІ,210).

 

АҒЛАМЛАНҒАН. Ағламланған фиғыл құда. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек не бірлән табылады, қалайша табылады оны білмек керек (ІІ,196).

 

АҒУ. 1. Арнасымен судың жылжуы, қозғалуы. Түйе боздап, қой қоздап – қорада шу, Көбелек пен құстар да сайда ду-ду. Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су (І,192). Кавказдан шықты жайнап қылып у-шу, Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су. Қалың бұйрат бойында, беті күліп, Момынсынған пішінмен ағады қу (ІІ,115). Неше түрлі нәба-тәттерді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып өзен болып, өзендер ағып дария болады (ІІ,200). 2. Төгілу, құйылу, сорғалау. Сайра да зарлы қызыл тіл, қара көңілім оянсын. Жыласын, көзден жас ақсын, Омырауым боялсын (І,119). Жазасыз жақын елдің бәрін шапты, Дарияның сусындай қандар ақты. Шапқан жердің бәрін де бодам қылып, Өкіметпен қолына тартып апты (І,259). Маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас берді (ІІ,199). Мойнынан шырағым деп құшақтайды, Көзінің ағып жасы, бұршақтайды – Шырағым, мастықпенен қылыппын, - деп, Әуелгі сөзден танып және алдайды (І,277). Ағып келе беру – барлық пайда өзімен бола берсін деу. Дүние түпкі мақсатың өз пайдаң болса, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген не деген нысап? (ІІ,207). Ағып тұру – сайрап тұру. Өтірік, өсек, мақтанға Ағып тұрса бейне су. Ат-шапаннан кем көрмес, Біреу атын қойса «қу» (І,59). Сөз болып ағу – іштегі қайғыны ағыту, шер тарқату. Көкірек толған қайғы я көзден жаса болып ағады, я тілден сөз болып ағады (ІІ,162). Судай ағу – шаруасы бей-берекет болу, рәсуа болу. Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден есітіп ұқпай кетпейтұғыны қалай? (ІІ,213).

 

АҒЫЗУ. 1. Арнамен су жүргізді. Бұлттардан жаңбыр жауып, неше түрлі бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болады (ІІ,200). 2. Сорғалату, төгілту. Орамды тілді, ауыздым, Ақылға жүйрік маңыздым. Көп жасамай тез кетіп, Көзімнің жасын ағыздың (І,196). Ауырмай тәнім, Ауырды жаным, Қаңғыртты, қысты басымды. Тарылды көкірек, қысылды жүрек, Ағызды сығып жасымды (І,90). Көз майын ағызу – ақын бұл жерде махабат сезіміне қатты бой ұруды айтып отыр. Жылайын, жырлайын, Ағызып көз майын. Айтуға келгенде, Қалқаға сөз дайын (І,137),    

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: