09:08 Абай тілі | |
Келтірілген сөздер (мысалдар) ақынның 1957 жылғы шыққан екі томдығында қай түрде жазылса, сол қалпы, негізінен, сақталынып жазылды.
АҒА. 1) Туыстас ер адамдардың жас жағынан үлкені. Шайбақ хан шығып, Әмір-Темір тұқымынан һират, Бұқар, Самарқан шаһарларын тартып алып жүргенде, ақырында, мұның алдынан Алаша хан Тәшкендегі Жәнке хан деген ағасымен қосылып, қалың әскермен шығыпты (ІІ,224). Тұла бойым балқи көр, Әбіш ағам дегенде. Мейлің, мағаш, шалқи бер, Не десең де сөгем бе? (І,169). Атаны бала аңдиды, ағаны іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні? Арын сатқан мал үшін ант ұрғанның Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні (І,29). 2) Жасы үлкен, ақылшы адам. Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, Алдындағы толқын – ағалар, Артқы толқын – інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер (ІІ,94). Бұлар шулап бір күні келді ордаға, Хан мен уәзір қарайды тамашаға: Бәрі де есі шығып, жынды болған, Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға (І,268). Қазақтың данасы, Жасы үлкен ағасы. Бар демес сендей бір адамның баласы (І,137). Ақылы кімнің бар болса, Демес, мұны тілі ащы. Айтыңызшы, болсаңыз здравомыслящий, Ақыл айтпай ма ағасы? (І,52).
АҒАЙЫН. Аталас, туысы бір адамдар. Ағайын бек көп, Айтамын петеп, Сөзімді ұғар елім жоқ (І,93). Дүниелікке көңілі тоқ, Ағайынға бауырмал. Тәкаппар, жалған онда жоқ, айнымас жүрек, күлкің – бал (І,182). Білдірушең үндемей Істі қылған жақпаған. Ағайын мен туғанды Тірлікте мақтаған (І,185). Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жақын салысады екен (ІІ,212). Ағайын тұту – туыс санау, жақын тарту. Енисейскі гүбірнеде бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын тұтады дейді және бір тұқымдас екендігіне көрген кісі таласпайды (ІІ,221).
АҒАЙЫНДЫ. Туысы бір, бірге туған ер адам. Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген, Өлең қып сол сөзімді айтқым келген. Болыпты ағайынды екі жігіт Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген (І,270). Алаша мен Жәнке Ора төбеде жеңіліп, ағайынды екеуін де бала-шағасына дейін Шайбақ өлтірген (ІІ,224).
АҒАЙЫН-ЖҰРТ. Ел-жұрт. Жақсы білгенді жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жаурыннан бір қаққанға сатады (ІІ,176).
АҒАЙЫН-ТУҒАН. Туысқан-туған, жамағайын. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр. Сүйтсе де осы оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық (ІІ,179).
АҒАҢДАЙ. Ағаң тәрізді. Жаңғырмас өткен өмір, біткен мінез, Лайықсыз кісіге болыпсыз кез. Сені жақсы көрейін бірге туған Ағаңдай, онан басқа жоқ менде сөз (ІІ,81).
АҒАРУ. Таң ағару: Таң ату, жарық түсе бастау. Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар, Жазғы құс, жапырақта, қандай мін бар? күндізгі харекеттен босағанда, Өзіңе өзің тиген тәтті түр бар (ІІ,108).
АҒАТАЙ. Ағажан, ағеке. Ағатай сағындым Есен-сау көрмекке. Сөз таппай аңырдым, Оқыңыз ермекке (І,171). баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
