09:07 Абай тілі | |
Келтірілген сөздер (мысалдар) ақынның 1957 жылғы шыққан екі томдығында қай түрде жазылса, сол қалпы, негізінен, сақталынып жазылды.
АБАЙЛАУ. Бір нәрсенің байыбына түсіну, аңғару, байқау. Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша. Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, Абайлар әрбір сөзді өз халінше (І,38). Бұл сөзімде жалған жоқ, Айтылмай сөзім қалған жоқ. Абайлаңыз, байқаңыз. Елдің жайы солай-ды (І,60). Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым, Берсеңіз, жемек болып бел байладым. Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ, Басында-ақ ойлап тегін абайладым (І,267).
АБДЫРАХМАН. Кісі аты. Жиырма жеті жасында Абдырахман көз жұмды. Сәулең болса басыңда, Кімді көрдің бұл сынды? (І,182)
АБИЫР. Ар-ұят, қадір-қасиет. Абиыр, атақ сол жанда, Кімді көп жұрт мақтаса. Ол мақтаудан не пайда, Көп мақтауын таппаса? (І,145), Жығыоып тұрып, Буыны құрып, Тағы қуып салпылдап. Абиыр қайда, ар қайда, Әз басыңа не пайда? (І,92). Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абиыр мансапты еңбексіз табуға болмайды (ІІ,173). Абиыр табу – жақсы атаққа ие болу. Осы да есеп бола ма Ар, абиыр тапқанға? Миың болса, жолама. Бос желігіп шапқанға (І,85).
АБИЫРЛЫ. Ұяты бар, арлы. Шын ұят сондай нәрсе – шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиырлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық (ІІ,1922).
АБИЫРСЫЗ. Беделсіз, қадір-қасиеті жоқ. Бала мінез ойыншы бұрынғылар Аңқау екен, мазақтап соны сынар. Артқа қарап, ақ пейіл шалға күліп, Абиырсыз, атақсыз көрге құлар (ІІ,104).
АБЫЗ. Ескі замандағы білгір деп саналатын адам, сопы. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісі болса – оны «абыз» дейді екен (ІІ,222). Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен (ІІ,222). Сырты абыз бар, желғабыз бар, Алты ауыз бар – өзге жоқ (І,152).
АБЫРАЛЫ. Кісі аты. Мен жасымнан көп көрдім, Мұсылманды, кәпірді, Абыралыдай көрмедім, Намаз білмес пақырды (І,17).
АБЫРОЙ. Бедел, қадір, атақ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік (ІІ,168). Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абырой да мақтан емес, арыз бере білу – мақтан (ІІ,215).
АБЫРОЙЛЫ. Сыпайы, әдепті. Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі, Абыройлы, қалжыңмен келсін сөзі. Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда, Қатыныңда болмасын оның көзі (І,140). баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
