18:12
Абай тағылымы

ДАНЫШПАН АҚЫН

Иә, «қалың елі, қазағын» Абай барынша сынайды. Ақынның туған халқы туралы айтқан қатты сындарының түп мәніне тереңдеп бармаған «Абай қазақты жек көрген» деген сияқты парықсыз пікірлердің көрініп қалып жүргені де рас. Бұл жерде ақын өз халқын неге соншама жер қылып, намысына тие береді деген сияқты сауалдарға жауапты «жұмбақ адам» Абайдың ішкі жан дүниесіне үңілгенде барып табасыз. Отаршылдықтан ойраны шығып, дау-дамайы, ұрыс-керісі көбейіп, небір қулық-сұмдықтардан адамы азып-тозып, бұзылып бара жатқан едін көріп тұрып, болашағының бұлыңғырланып бара жатқандығын сезіп тұрып, халқын, елін шын сүйген адам ретінде де, «халқының көзі, құлағы, сезімі» саналатын ақын ретінде де Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, жүрегінен жыр жазуға отырғанын мойындағандай боласыз; «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» елін, жұртын шын сүйген, жаны ашып, егілген жанның жүрегінің түкпірінен шымырлап шыққан сөз екендігіне көзіңіз жетеді. Жаралы жүректен шыққан сөз сіздің де жүрегіңізге жетіп, шымырлатып, жаныңызды жаулай бастайды.

Кезінде болыс болып, ел басқарған, би болып, ел ішін бүлдіріп жатқан түрлі дау-дамайларға төрелік жасаған Абайдың да заманды түзерлік қолынан ештеңе келмегеніне өзін де күнәлі санайды:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан кем емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға

Аспандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен».

«Ел басқару саласында ұзақ жылдар үздіксіз болыстық пен билік лауазымдарында қызмет атқару ұлы ақынға өзін қоршаған ортаның бүкіл болмыс-бітімін, қоғамдық-әлеуметтік құрылымын, әкімшілік-билік жүйесін, қандастарының тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын, күнкөріс кәсіп-машығын жан-жақты түсініп, терең ұғынуға мүмкіндік жасаған таным-тәрбие мектебі болды. Ел басқара жүріп, болашақ классик ой-өрісін, білім-білігін кеңейтті, жетілді, кемелденді. Мұның барлығы сәулесін түсіріп, белгілі дәрежеде із қалдырды.

Ұлы ақын шығармашылығына жүйелі түрде өзек болған ел басқару, билік жүргізу, сайлау, съезд, заң, қылмыс, жаза, әділеттілік, пәлеқорлық, парақорлық, арызқойшылық т.б. хақындағы ой-пікірлер шоғыры – оның өзіндік құқықтық-саяси көзқарасын, дүниетаным көкжиегін танытатын күрделі категориялар. Осы категориялар мән-мағынасын жете ұғынып, сыр-сипатын терең түсіне білгендіктен де, оның шығармашылығында сол заманда ғұмыр кешкен қазақ қауымының тұтас картинасы жасалып, түрлі ел билеуші топтар мен қоғам мүшелері өкілдерінің қайталанбас бірегей образдары сөзбен суреттеліп, туған әдебиетіміз ой-пікір тереңдігі мен көркемдік жағынан жаңа сапалық биікке көтерілді» (Бейсенбай Байғалиев. Абай өмірбаяны архив деректерінде / Кітапта: Абайтану. Таңдамалы еңбектер. 46-том. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. – 139-140 беттер). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: