22:00
Абай тағылымы

ДАНЫШПАН АҚЫН

Қазіргі жаһанданамын деп, мұның аяғы әлемдік топалаңға ұласып, астаң-кестеңі шығып жатқан заманда ұлттың ұлт болып өмір сүруі барған сайын күрделене түсуде. Ұлттық құндылықтарымен өмір сүріп, ұлттық болмысын сақтай білген халықтар ғана ұлт болып, мемлекет болып өмір сүріп жатқан жайы бар. мысалы, қытайлар Конфуцийді, өзбектер Науаиды, түрікмендер Мақтымқұлыны, қырғыздар «Манасты», якуттар «Олонхо» жырларын ұлттық идеологиясының негізі етіп алған. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, сан ғасырлық тарихы бар қазақ поэзиясының шыңына айналған. Ұлттық руханиятымыздың жарық жұлдызы атанған Абай да – әрбір қазақтың бойын түзер, ойын түзер ұлы тұлға.

Қазіргі әлемдік өркениетте ресми түрде ұлттық идеология жоқ. Жоқ болатын себебі – ұлттық идеология бір ұлтты өзге ұлттардан жоғары қояды; мұның аяғы шовинизмге, нәсілшілдікке апарып соқтырады дейді Батыстың идеологтері. Десек те ұлттардың болашағына қауіп төніп тұрған қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір ұлт өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен аты басқаша аталғанымен де, іс жүзінде ұлттық идеология, яғни ұлттың мүддесіне қызмет ету саясатын барынша жүргізіп жатқанының куәсі болып отырмыз.

ХХІ ғасырда жаһандану дәуірінің салдарынан оған қарсы бағытталған ұлт-азаттық, дінаралық, әлеуметтік қақтығыстар күшейе түсуде. Адамзат қоғамын жалпыға ортақ бақытты заманға жеткізбек жаһанданудың жалғасы әлемнің астаң-кестеңін шығарып, ойға  да келмеген қауіп-қатерлер алдан шығып жатыр. Тілімізді, ұлттық болмысымызды қалай сақтаймыз деп жүргенде, әлемнің бір шетінде пайда болған «індет» те жаһанданып, әлемді жайлап, жалмап барады... «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» дегендей, тар заманға душар болғандаймыз... Сонымен, басқа түскен ауыр жағдайда не істеуіміз керек, болашағымыз қалай болмақ деген сауалдар күн тәртібінде тұр.

Осындай кездерде Абайдың алып тұлғасы әлемдік руханияттың көгінен мұнартып, көз тартады.

«Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге жарайды. Себебі қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, кең халық болып жасай алмауы тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлықтығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыстар заманында орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан есейіп те шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей...

Бәлки, мұнан кейін абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» (М.Дулатов).

Міне, осындай ұлттың болашақ тағдыры күн тәртібіне қойылып отырған жағдайда ұлттық болмысымызды сақтап, басқа алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін, жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де айнаға түсіргендей айқындап берген, адам болып, халық болып қалуымыз үшін не істеп, нені қоюымыз керектігін айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен Ата қазаққа Абайдай ұлы тұлға керек. Абайдың ұлылығы сонда: біз қазақ қандай болу керек, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өзімізді сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауаптың барлығын да Абайдан, оның қаламынан шыққан 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табамыз. Сонымен, қазақтың ұлттық бейнесін Абайдың рухани болмысынан толық көреміз. «Абай – жай ғана данышпан емес, түпсіз тереңнен толғайтын, талай замандардың ақыл-ойын бір басына сыйғызған ғұлама ғалым, кемеңгер данышпан» (Ж.Ысмағұлов. Абай жолы – хақ жолы. Кітапта: Абайтану. Таңдамалы еңбектер. 29-том, Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 60-бет). Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: