23:19 Абай тағылымы | |
ДАНЫШПАН АҚЫН «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек». Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ қауымының дәл қазіргі сатысында Абай жұмбағын шеше қоямыз деу асылық та шығар, дегенмен сол биікке ұмтылмаса болмас. Сондықтан да Мұхтар Әуезов дүние салғалы бәсеңсіп қалған абайтану тың серпінмен дамыса дейміз. Ой тұсауы алынған қазіргі тұста Абайды қайтадан қолға алсақ, тек ұтарымыз анық. Абай құдіретінің қыры да, сыры да көп. Түсінген адамды Абай ой-өрісінің кеңдігі қайран қалдырады». Ө.Жәнібеков Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Абайға таптық тұрғыдан келіп, өлеңдері «қарапайым халыққа жат, кертартпа, байшыл» деп бет қаратпай белсенділік танытқан Сәбит Мұқановтың өзі кейінен ақынның шығармашылығын монографиялық сыпатта арнайы зерттеп, «Данышпанның бәрі ақын емес, ақынның бәрі данышпан емес. Ал Абайда осының екеуі де бар» (С.Мұқанов. таңдамалы шығармалары. 16-том. – Алматы: Жазушы, 1980), - деген қорытынды жасапты. «Абай – азамат, қайраткер, санаткер, ойшыл, ақын! Ол – өз заманының перзенті, тұстасы, ағасы, атасы. Ол – өз дәуірінің күрескері, ақылгөйі. Осының баршасын топтастырғанда, «Абай» деген кемеңгер тұлға туады... Психологияны анықтайтын ғылым бір бейімді адамды талант тобына телісе, бірнеше бейімнің басын қосқан кісіні данышпан деп таниды. Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады», - мұндай байлам жасаған, ақын туралы монографиялық эссе жазған сырбаз суреткер Тәкен әлімқұлов. «Абай – жай ғана данышпан емес, түпсіз тереңнен толғайтын, талай замандардың ақыл-ойын бір басына сыйғызған ғұлама ғалым, кемңгер данышпан» (Ж.Ысмағұлов. абай жолы – хақ жолы. Кітапта: Абайтану. Таңдамалы еңбектер, 1980. – 60-бет). Әрбір халықтың ұлт болып қалыпты өмір сүруі, дамуы үшін оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін рухани ұстындар, тіреуіштер керек. Сол ұстындарды, тіреуіштерді жасайтын, ұстап тұратын ұлы тұлғалар болса, солардың бірі, бірі ғана емес, бірегей ұлы Абай екендігі – бүгінгі күні күллі қазақ мойындаған ақиқат. Ұлыларды жасайтын – тар заман. Абайды ұлы қылған кезінде Шортанбай, Мұрат, Дулаттарды зарлатып шығарған зар заманның отаршылық саясаттың салдарынан тар заманға айналуы еді. Өз дәуірінің балын да татып, уын да ішіп, жақсылығын да, жамандығын да бірдей көрген Абайдың жүрегі «халқым» деп соқты. Қиын-қыстау тар заманда халқымен бірге болып, оның мұңын мұңдап, арман-аңсарын жыр өзегіне айналдырып, бұдан шығудың жолын іздеп, аһ ұруы ақынды дала данышпанына айналдырды. «Ұлы тұлғалардың өмірдегі қарекеті халық өмірінің көзге түсер талмалы тұсына дөп келеді. ұлы тұлғалар көзге көрінбейтін жұмбақ құбылыс арқылы төңірегімен тіл табыса отырып, көпшіліктің ұсақ-түйек, быт-шыты шыққан мүддесі мен мұратының басын қосып, өзінің жеке толғанысы арқылы оны ұлы мақсат пен күреске жұмылдырады, сөйте отырып, сол қоғамның бойына жиған күш-қуаты мен мүмкіндігін ашады да, оның бұдан әрі қарайғы даму жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы қайраткерлік халықтық сананың даму көрсеткіші әрі олардың тағдырының қай бағытта даму керектігінің құбылнамасы болып табылады. Сол тұлғаның келбетінен біз айнаға қарағандағы өз сықпытымызды көреміз, сол бейненің жанар оты арқылы өзіміздің жүрегімізге үңілеміз, сонда олар бізге өзімізді өзімізге түсіндіріп береді. Ұлылардың құлпытасының қасиеттілігі сонда: олар халықтың ұлттық санасына үнемі жан бітіріп отырады» (В.О.Ключевский). (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
