09:25
Абай тағылымы

АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ

Қ.Жұбанов:

«Абай – ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі – ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да – сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі – бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та, негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сыярлық қана болып қоймайды: бірі олай, бірі бұлай кетпейді, солардың әрқайсысы, үлкен симфония оркестірндегі жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып, негізгі күйді шығарады. Тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады».

Ғ.Тоғжанов:

«Абайды қазақ поэзиясына жаңалық кіргізген, жаңа түр берген, үйренерлік үлгі қалдырған ақын дейміз...

...Өлеңнің өнер екенін, әлеумет тұрмысында орны үлкен екенін ұға білді. Абайдан бұрын байға ақын болу, өлең жазу қорлық болса, енді Абайша, байдың ақын болуы, өлең жазуы асқандық, білімділік, жақсылық сипатқа айналды.

Абай бастаған, Абай жазған әдебиетте жалпы қазаққа, бүтін ұлтқа ортақ әңгімелер сөз болатын болды... Сол қазақ жұрты үшін Абай дертті болды. Сол қазақ үшін Абай жылайды...

Абай тілі – образды тіл...

Қазақ поэзиясына Абай түр жағынан көп жаңалық кіргізді...

Абай – самородок, қаражан оқымай шыққан талант. Бірақ оның заманы, өскен ортасы, алған тәрбиесі, шыққан тегі – бәрі де Абай талантын өсірерлік болмады, қайта өшіруге тырысты. Сондықтан Абай сынды ақын құлашын жая алмады. Көсіліп отырып, кеңінен туылған терең, үлкен темалы кесе жасай алмай кетті. Абай арманда кетті».

Ә.Мәметова:

«Абайдың өзінің Пушкиннен, Лермонтовтардан несі кем еді... Ахаңның Чернышевскийден несі кем еді».

Қ:Жұмалиев:

«Қазақ әдебиеті тарихында басқа ақындар бір төбе де, Абай – бір төбе. Өйткені Абай еңбектері өзіне шейінгі, өз кезіндегі, алдағы әлеуметтік ой-сананың ғана асқар шыңы болып қойған жоқ, сонымен қатар қазақ әдебиеті тарихындағы әдеби стиль, өлең құрылысы, поэтик тіл олардың да асқар шыңы болды. Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті Абай бастаған жаңа арна, жаңа жолға түсті...

Абай – қазақтың әдеби тілінің негізін салушы... Абай тілі – қай жағынан болса, ең көркем, ең алдағы тіл. Абайды қазақ тілінің энциклопедиясы деп толық айта аламыз».

Б.Кенжебаев:

«Абай қазақтың қиыннан қиыстырылған, тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс, жұмыр өлеңін, іші алтын, сырты күміс сөз патшасын жасады.

Абай – қазақ халқының данышпан ақыны, ұлы ақыл-ойшысы, жігерлі қоғам қайраткері.

Абай халқын сүйді; халқының көшін жаңа жолға, өнер-білім, өсу жолына, орыс халқымен бірлесу, сонан үлгі, өнеге алу жолына бастады; халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті; қазақ елінің бүгінгідей ерікті, бай, мәдениетті, күшті, бақытты ел болуын көкседі.

Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, өнерлі, білімді, қайратты, мінезді болу үшін, ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдіру үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды». 

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: