17:56
Абай тағылымы

АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ

М.Әуезов, Б.Кенжебаев:

«Абай тар заманда «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып, халқының көшін жаңа жолға – мәдениет, өнер-білім жолына бастады.

Абай қазақ елінің дәл бүгінгідей, ерікті, берекелі, бірлікті, күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі...

Абай қазақтың жаңа әдебиетін – мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады. Шын мағынасында, өлең өнерін жасады...

Абай халқына «іші алтын, сырты күміс» өлең қазынасын, мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды...

Абай өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю арқылы онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір халықтарды сүйді...

Абай – халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті...

Абай – қазақ халқының ұлы классик ақыны, үлкен ойшылы, зор әлеумет қайраткері».

С.Мұқанов:

«Қазақ оқушыларын, қазақ бұқарасын орыс әдебиетіне таныстырған – осы Абай. ...Осылар (Белинский, Герцен) орыс әдебиетінде қандай орын алса, Абай да қазақ әдебиетінде сондай орын алмақшы. Абайды кейбіреулер қазақ әдебиетінің үлгісі (классигі) дейді, меніңше, бұл дұрыс».

«Абай – қазақ халқының ұлы кемеңгері».

«Абай – халық ақыны... Абай – қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Ол – бірінші ұлт ақыны».

«Абай, сөз жоқ, ұлттың, қазақ ұлтының ақыны, бірақ тар мағынасындағы ұлт ақыны ғана емес, кең мағынасындағы ұлт ақыны. Өз ұлты қазаққа бақыт тілеген ол өзге ұлттар сорлы болса екен демейді, барлық ұлт, яғни барлық адам атаулы бақытты болса екен дейді. Сондықтан өзінің философиялық, эстетикалық пікірлерінде ол қазақтың ғана емес, жалпы адам мақсатын шешуге тырысады».

«Абай – өз заманының әрі тарихшысы, әрі жаңашылы, әрі экономисі, әрі саясатшысы, әрі философы, әрі мысқылшысы, әрі эстетигі, әрі суретшісі, әрі ақыны, әрі музыканты, әрі прозаигі, әрі аудармашысы, әрі ақсақалы, әрі замандасы, әрі баласы... ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тіршілігі Абайды дүниежүзінің ең алдыңғы қатардағы данышпанындай қайратпен, ақылмен, сезіммен туғыза білді... Біздің Абай – ақындығының үстіне осындай данышпан адам».

Ғ.Мүсірепов:

«Абай – әрі ұлы, әрі ұлттық ақын. Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты. Бұл жағынан алып қарағанда, Абай көзқарастарында ұлы жазушы Лев Толстоймен сарындастық бар...

Дала өмірінің мешеу ескілікке қамалып, ұзақ қаңтарылып қалған кезінде Абай берген жалғыз жауап ел алдындағы тас кедергіні жұлып тастағанмен бірдей еді».

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: