18:04 Абай тағылымы | |
АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ К.Ысқақұлы: «Абай бір кезі келіп тұрған самород еді, халықтың надан уақытында шығып, есіл өнерінің пайдасын кәміл көрсете алмай, қызықты өмірінің бәрі елдің шуылдақ партиясымен әурелікте өтті... Қанша халық надан болса да, Абайдың насихатын көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден біртүрлі, медреседен оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды, әр нәрсенің жөнін біліп, жаман-жақсыны көп айырып, надандықтан шығып қалушы еді... Абайдың өміріндегі ең жақсы көретұғыны таза көңіл мен достық еді. Өзгеден табылмаса, қатын-балаларың дос қой, солармен болса да, елжіресіп сүйіскен өмірден артық өмір болмайды деуші еді». Ә.Бөкейханов: «Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арқасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді... Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуат иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кзедескен жоқ». А.Байтұрсынұлы: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты – Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ... Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ... Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған». М.Дулатұлы: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге жарайды. Себебі қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, кең халық болып жасай алмауы тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлықтығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім боланын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыстар заманында орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан есейіп те шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей... Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай». Ж.Аймауытов: «Тұс-тұстан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң, орысқа келіп бағынды... Бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты... енді партия, барымта өтірік, ұрлық – не түрлі әрекет керней бастады. Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды, дана, рақымды, әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді». баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
