18:30
Абай тағылымы

АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР

Ұлтжанды азамат Ыдырыс Мұстамбаевтың «Абай» атты мақаласы жиырмасыншы жылдардағы әдеби мұраға көзқарас, абайтану саласындағы елеулі еңбектің бірі болды. Голощекиннің Қазақстанда «Кіші Октябрь жасау» жоспары іске қосылып, саяси ахуалдың ушығуынан Абайды қаралау барынша күшейіп, ресми сипат алып тұрған кезде Ыдырыстың ақынға араша түсіп, арнайы мақала жазуы – ұлтын, оның әдебиетін шын сүйген, парасатты адамның ғана қолынан келетін үлкен ерлік.

Әрине, Ы.Мұстамбаевтың айтқан пікірлерінің барлығы да дұрыс еді деген ойдан аулақпыз. Партия қызметкері Ыдырыстың кей тұстарда саясаттың ыңғайымен кеткен жерлері де жоқ емес. «Осындай нашар шыққан Абайдың өлеңдерінің бірі – «Интернатта оқып жүр» деген өлеңі» сияқты пікірлер де кездесіп қалады. Сонымен Ы.Мұстамбаевтың «Абайы» жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінде орын алған түрлі солақайшылықтарға қарсы күресте ұлы ақынның өлмес поэзиясы жайлы толымды ойлар айта алған, әдеби сынның интеллектуалдық өресін байқатқан кезең тынысын танытарлық тарихи еңбектің бірі болды дейміз.

1930 жылы Мәскеуде жарық көрген «Әдеби энциклопедияда» (1-том) Абайдың мұрасы социологиялық тұрғыдан түсіндіріледі. Ол – қазақ буржуазиясының идеологі, ұлтшылдық бағыттағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, сондықтан да ол қазақ халқының өткен өмірін артық көріп аңсайды; өлеңдерінде марапаттайды, өмірге еніп жатқан жаңалық атаулыға қарсы күреседі. Абай негізін салған қазақтың буржуазиялық әдебиетін жалғастырушылар қатарында Байтұрсынұлы, Дулатов, Құдайбердіұлы, Қарашев, Жұмабаев, Дөнентаев, Мәжитов, Сейфуллин есімдері аталып, олардың шығармашылықтарының негізгі сарыны менмендік, ұлтшылдық, іншілдік деп сипаттаған.

Сөйтіп, жиырмасыншы жылдардағы әдеби пікірталастар барысында Абайдың әдеби мұрасы жайлы бір-біріне кереғар екі пікір көрінді. Әдебиеттегі ұлттық бағытты ұстанып, Абайды қорғағандар әдебиет сахнасынан күшпен кетіріліп, ақыннан безгендер биліктің күшімен үстемдік алды. Қазақ әдебиетін Абайдан айыру деген сөз оны ұлттық даму арнасынан айыру деген болатын. Әдебиетті бағалаудағы таптық көзқарас бүкіл кеңестік дәуірдегі әдебиетімізге жетекшілік рөл атқарып, оның ұлттық сыр-сипатына айтарлықтай нұқсан келтірілді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: