09:15 Абай тағылымы | |
АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР Жиырмасыншы жылдардағы айтыста белсенділік танытқан Ы.Мұстамбаев Абайды солақай сындардан барынша қорғады. Өйткені Абайдың мәселесі дұрыс шешілмей, әдебиеттің мәселесі дұрыс шешілмейтін. Сондықтан да Ыдырыс Абай туралы айтылып жүрген біржақты пікірлерге қарсы шықты. Ол қазақтың нағыз әдебиеті Абайдан басталады; «Қазақ елінің тұңғыш шын ақыны – Абай», «ұлтшылдар Абайды жақсы көреді деп Абайды Абай демеуге бола ма?» - деген пікір айтты (Ы.Мұстамбаев. көркем әдебиет туралы. «Қызыл Қазақстан», 1927, №2). С.Мұқанов Ыдырыстың Абай туралы айтқан пікірлеріне тағы да қарсы дау айтты. Сәбит қазақ әдебиеті Абайдан басталады деген Ыдырыстың пікірін жоққа шығарып өз дәлелдерін ұсынады. «Ар жағында түк болмаса да, Абай бұйырып соққан ұстанын пышағындай, жаңадан қазақ әдебиетін қолдан соқсын! Міне, қызық, осы да затшылдық па? Негізсіз, материалсыз турадан тура басталып кететін жұмыс бола ма екен? Менің әлі де айтатыным: Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болды. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қызық қағып өтті», - деп, назар аударарлық ой айтады да, сөзінің соңын «Осының кезеңіне Абай кез келген соң, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр тарихтың қағушысы болды да жүре берді» (Әркім «өзінше» ойлайды / «Жаңа әдебиет», 1928, №3) – деп, пікірінің аяғын бұлталақтатып, абайды мойындағысы келмеген ыңғай танытады. Сәбит «Абай – байшыл табының ақыны», «Абай байшылдықтан қашса да құтыла алмайды», «Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ. Бірақ кедейшіл емес, байшыл» дей отырып, «Абай жаңашыл. Онысында дау жоқ. Өз заманында пайдалы адам болды. Әлі де пайдасы бар. онысында да дау жоқ-ты» айтқанымен де, «Бірақ ол – өнерге ұмтылған қазақтың ақсүйектіктен жаңалыққа ұмтылған жаңашыл байының тілегінен туған ақын» екендігін ескертуді де ұмытпаған. Сәбиттің бұл айтқандарына Ы.Мұстамбаев «Жөн-жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ» деп, бір-ақ айтсаңшы» деп, кекетіп алып, «Тарихта жалғассыз еш нәрсе жоқ. Қазақтың бұрынғы кәкір-шүкір әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын, Абайға азық болды, олар барып Абайды туғызды. Абай болған соң, Байтұрсынов болған соң, бұл күндерде Сәбит шықты» (Біздің таластарымыз / «Жаңа әдебиет», 1928, №5-6) деп, пікірін нақтылай түсті. «Ұлттық әдебиет жайлы жазба» (Заметка о национальной литературе / «Новый восток», 1928, №23-24) атты мақала жазған Аршурин Абайды бастан-аяқ қаралады. Оның дүниетанымы, философиясы қате, сондықтан да өлеңдері зиянды деп тапты. Әдебиет туралы айтыстың барынша қызған кезеңінде Ілияс Қабыловтың «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оған сын» («Совесткая тсепь», 2.VIII928) және «Тағы да Абай және байшылдар туралы» («Еңбекші қазақ», 20.ХІ.1929) аты көлемді мақаласы шықты. «Абай және оның дәуірі», «Абайдың философиясы», «Абайдың методы», «Қоғам туралы Абайдың ілімі» және тұжырымнан тұратын көлемді мақалада марксизм-ленинзм іліміне сүйене отырып, Абайды бастан-аяқ қаралайды. Автор Абайдың философиясын дінмен ұласқан буржуазиялық идеалистік философияның қазақ даласындағы көрінісі деп бағалап, партия ұйымдарының жуық арада міндеттерінің бірі буржуазияның қалдығы ретінде Абай ілімін, оның жақтастарын талқандауды алға қойды. І.Қабыловтың орысша жазылған осы мақаласына қарсы Ы.Мұстамбаев «Ақын Абай және оның философиясы» атты мақаласын орысша жазды («Советская степь», 22.VIII.1928). Ыдырыс та марксизм-ленинизм іліміне сүйене отырып, Ілиястың пікірлерін жоққа шығарады. Абай қазақ әдебиетінің негізін салушы деген өз пікірін қорғап шыққан. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
