18:39 Абай тағылымы | |
АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР «Қазіргі дәуір – іс дәуірінде» («Лениншіл жас», 1925, №7) Смағұл өз ойын әрі қарай жалғастырып, Абайға қайта соғады: «... біз іске жарайтын ескіден жиренбейміз, біз оны өз керегімізге жаратамыз. Әлгі Абайға қайта келейін. Абайдың бі шәкіртіміз деп, әрине, айтпаймыз. Бірақ Абайдың сабақ болатын жері де бар. абай – анық ақын. Абай – әдемі сөздің ұстасы. Абайдан біз әдемі сөзге үйренуіміз керек. Абай құр ғана ақын емес, ол – бір белгілі заманның адамы, заманында болған кертартпалыққа, бұзақылыққа Абай қарсы болған. Оның сынаған, оның мінеген тұрмысы осы күні, әрине, өзгереді, бірақ әлі өзгермеген, жетпеген жерлері де бар. олай болса, осы күнгі кем-кетіктерімізбен күресу жолында Абайдың іске асатын сөздері әлі толып жатыр». Смағұл Абайды ашық қорғайды. Өз пікірін тағы да: «Біз «ескі», «жаңа» деген сөздердің арасын тым жадағай, құрғақ түсінбеуіміз керек. Бұл екеуінің арасында байлам бар, қатынас бар. қыс пен жаздың арасында жазғытұрым бар. ескі мен жаңаның ортасындағы байламымен бізге түсіну керек», - деп, логикалық жағынан дәлелдей түскен. «Еңбекші қазақ» газетінде Б.Кенжебайұлының «Абай» (28-29.VIII.1925), редакциялық «Абайдың өлеңдері туралы» (28.VIII.1925) мақалалары жарық көрді. Бұларда Абай поэзиясы жақсы жағынан бағаланған. Бейсембай ХІХ ғасырдағы қазақ жазба әдебиетінің аса көрнекті өкілі А.Құнанбаевтың өмірінің көпшілігі бай-болыстарға, ұлықтарға қарсы әділеттілік жолындағы күресте өткендігін айта келіп, Абай «шын ақын ба, ақын болса, қандай? Ол кімнің ақыны, ұстанған жолы, көздеген бағыты қандай?» деген сауалдар төңірегінде әңгіме қозғайды. Бейсембай «Абай – өте ақын кісі, бұған өлеңдерінің суреттері, ұйқасымдары, ойына келгенді қиналмай толқытып, түйдектеп шығаратындығы дәлел. Осымен бірге Абай – сыршыл ақын» деген негізгі ойды ақынның қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтарын айта отырып дәлелдейді. Сөйтіп, «Абай қазақтың жазба әдебиетін бастады, соған негіз салды. Сондықтан Абай – қазақ жазба әдебиетінің ағасы. Бұл орын Абайға үлкендік те, кішілік те қылмайды. Абай өлеңдерін қарап келіп шығаратын қорытындымыз: Абай – халық ақыны», - деген тұжырым жасаған. Мұндай пікірдің солақай тұрпайы әлеуметтік сын үстемдік құра бастаған жиырмасыншы жылдардың орта шенінде айтылуы үлкен жетістік еді. С.Мұқановтың атышулы мақаласынан кейін-ақ алашордашыл қаламгерлерді қазақ әдебиетінің тағдыры қатты ойландыра бастады. Пікірлесіп, ойласып, ортақ тұжырымға келгендей де болды. Олардың әдебиетке теген ортақ көзқарасы М.Жұмабаев жасаған «Алқаның» бағдарламасында көрініс тапты. «Алқаның» әдебиет жайлы бағдарламасы пролеткультшылдардың бағытына мүлдем қарама-қарсы. Әдебиетке, Абайға қатысты пікіріне көз жіберейік: «Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отыршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі. Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан, әсіресе баспасөздің жоқтығынан, Абайдың әдебиеттегі бағыты, әсіресе түрі елге тарай алмайды. Сол дәуірде қазақ даласына капитализм кеулеп кіре береді. Әдебиетте бағыт та, түр де қалмайды. Әдебиет «ғизатлу, окурметлу», «бісмілдә» деп басталатын сөздің басы сықылды былдыр-батпаққа айналды» (Қараңыз: д.Қамзабекұлы. руханият. – А., 1997. – 259-бет). (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
