17:04
Абай тағылымы

АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР

С.Мұқановтың атақты «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» мақаласы А.Байтұрсынұлының елу жылдық мерейтойына байланысты жазылып, онда Ахметті Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ескішіл бағытты қолдайтын, солардың жолын қуушы ұлтшыл деп айыптаған болатын. С.Мұқанов бұларды халыққа пайдасы жоқ адамдар санаған. «Оның тілі майда, өткір екендігіне сөз жоқ. Өлеңнің іші-сыртын түгел қылып түсіндіреді», - деп, ақындығын жоғары бағалайды. Солай болғанымен де «Жеті атасынан бері бай болған, тобықтыны бір шыбықпен айдаған тұқым. Қай күнде де ақсүйекте ұлтшылдық та, ақжүректілік те азғантай болатын еді», - деп, оны жеті атасынан ақсүйек, яғни халыққа жат көреді. Ары қарай өз ойларын «Арғын, найман жиылса, таңырқаған сөзіме, қайран сөзім қор болды-ау, тобықтының езіне» деген өлеңі өзінің кім екендігін сездіреді. Кезінде арғын-наймандар билеген Абай қазір қолынан билік кетіп, ақырында өзінің табақтасына қадірсіз болғандығын, жаңа заманның әуенімен кетіп, өзі Кененің ізін қумаған еді», - деп жалғастырған. Абайдың өлеңдері жақсы болғанымен де өзі үстем таптан шыққандықтан да пролетарлық мәдениетке қосыла алмайды деген солақай пікір атойлап тұр.

Әрине, С.Мұқановтың әдебиет, оның өткені жайлы айтқан солақай пікірлері көзі ашық, әдебиет пен мәдениеттің маңында жүрген қазақ зиялыларын бейжай қалдырған жоқ. Сәбиттің қазақтың тарихына, өткендегі көрнекті өкілдеріне, әсіресе Абайға қатысты оларды қаралау ниеттегі ойлары ұлтжанды азаматтардың қарсылығын туғызды. Оның үстіне бұл Сәбеңнің ғана ойлары емес, буыны беки бастаған кеңес өкіметінің де пікірі-тұғын. Соған қарамастан, бұл мақала онсыз да жаңа биліктің келуімен байланысты қордаланып, шешімін күте бастаған әдебиет мәселелерінің үстіне май құйып жібергендей болды да, пікірталас басталды да кетті. Айтысушылардың бір жағында Сәкен, Сәбит, Әбдірахмандар болды да, бұлар пролетарлық әдебиет бағытын насихаттап, өткеннің барлығының керегі жоқ, жаңа заманда бәрін соған сай етіп жаңадан жасаймыз деді. Ал айтыстың екінші жағында ұлтжанды алашшыл азаматтар болды. Олар қазақ әдебиетінің ұлттық дәстүрі жолымен дамуын қорғап, пролеткультшылдардың бағытына қарсы шықты. Бірсыпыра әдебиетші аралық бағыт ұстады.

Бүкіл жиырмасыншы жылдары толассыз жүріп, отызыншы жылдардың орта шеніне шейін жалғасқан әдеби айтыстарда орталық мәселе Абай болды. Пролеткультшылдар Абайды өршелене қаралап, тарихтың қоқысына тастауға әрекет жасаса, ұлтшылдар оны жанталаса қорғады. Өйткені қазақ ұлтының, мәдениеті мен әдебиетінің болашақ тағдыры қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, арман-мүддесін шынайы жырлаған Абай тағдырының шешілуімен байланысты болатын:; Абайды жоққа шығару арқылы қазақ халқының ұлттық даму жолын жауып тастау негізгі мақсат-тұғын.

Алғашқылардың бірі болып С.Сәдуақасов үн қаты. Ол Сәбиттің әдебиет, оның өткені, әсіресе Абай жайлы пікірлеріне мүлдем қарсы шықты. Нені болса да турасын айтатын Смағұл «біреу Абайды күйдіріп, өртеп жіберу керек дейді екен. Себебі Абай ескі, ол бұрын болған, бізге жаңа керек. Бұл сықылды пікірге жаңа пікірлі жастар қалай қарау керек? Бұл пікір сырттан қарағанда, рас, дұрыс емес. Біз ескіге қарсы болғанда, оның шын шіріген, ескірген жеріне қарсымыз. Осы күнгіні гүлдендірудің орнына бүлдіретін, шірітетін, ілгері басуға бөгет болатын жеріне қарсымыз», - деп, ойын күлтілдетпей ашық білдірді. Смағұлдың ойынша: «Біз өткен заман мен осы күнгінің арасын шорт кесіп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрі ескі, менікі ғана жаңа, сол жаңа өзіме жетеді, өзімді қанағаттандырады деп біз еш уақытта да айта алмаймыз». Өткен дәуірдің әдебиетін зерттеуде әдіснамалық маңызы бар бұл пікір ұлтжанды азамат Смағұлмен бірге сол кездегі өлкелік партия комитетінің органы «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы коммунист С.Сәдуақасовтың да пікірі болатын. Бірақ та редактордың мұндай пікірлері билік басындағыларға ұнамады да, оны келесі жылы орнынан түсуге мәжбүр етті. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: