23:43 Абай тағылымы | |
АБАЙТАНУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК СОЛАҚАЙЛЫҚТАР Абайдың өлеңдері 1922 жылы Қазан және Ташкент қалаларында басылып шықты. Бұл ақын шығармаларының кеңес өкіметі кезінде кітап болып алғашқы шығуы еді. Қазанда басылған нұсқасын Бернияз Күлеев дайындап, сөз басын жазған. Онда ақын шығармашылығына баға беру жоқ, басылып шығу жағдайларына тоқталған. 1909 жылы шыққан басылымында әріп, емле қателерінің көп кеткендігін, Абай өлеңдерінің әлі де толық жиналмай жатқандығын ескерткен. Ал Ташкенттен шыққан басылымында берілген «Оқырманға ескертуде»: «Қазанда Абайдың сөздерінің бәрі қалдырылмай басылып жатыр деп сүйініп жүруші едік. Қазаннан шыққан Абайды көргенде, көңіліміз суып қалды. Қазанның Абайы шалалау түзетілген баяғы ескі Абай болып шықты, ішінде жаңадан қосылған бірауыз жоқ», - делінген. Осы басылымға Х.Досмұхамедов пен У.Омаров «Дұрыстаушылардан» жазған. Онда Абай өлеңдерінің бірінші басылымындағы әріп, емле, тілдік мәселелерге тоқталған. «Абайды жұмыстауға білім комиссиясына қамшы болған Нәзір төреқұлов болды», - деп көрсеткен. Абайдың 1909 жылы Қазанда, 1922 жылы Қазанда және Ташкентте басылып шықан басылымдарын салыстыра отырып профессор Әбдірахман Сағди салмақты ойлар өрбітеді. Оның «Абай» атты көлемді зерттеу мақаласы «Ақжол» газетінің 1923 жылғы алты (№335,356,359,363,372) нөмірінде жарық көрді. Автор 1909 жылғы бірінші басылымның «Баспасы ескі, емлесі ескі, ескі болған өте орасан. Баспа реті жөнсіз. Көп сөздері қисынсыз қате басылған, оқушы айыра алмастай жерлері көп болған екендігін» айтады. Бірінші басылымға қарағанда, үшінші дұрысырақ шыққан. Мақаланың бірінші бөлігінде осы үш басылымды салыстыра отырып, Абай өлеңдеріне текстологиялық талдаулар жүргізеді. Автордың ақын туралы ойлары «Абайды жұртшылық жағынан тексеру» атты тарауында көрініс тапқан. «Ақындар өз заманы жұртшылығының жемістері болады. Ақынның миы, жүрегі өзі ішінде жасаған мұхитына (айналасына) қарап істейді», «...бір халықтың көрмек тұрмысы, дүние тіршілігі, техникасы қандай болса, ол халықтың ақындары да сондай болады» деп, өзінің әдіснамалық бағытын анықтап алып барып, ақын поэзиясын талдайды. «Абай – сыршыл (лирик) ақын. Оның өлеңдерінің бәрінде де қайғы бар, зар бар. ол зарланады, ел мұңын зарланады. Өзінің білімді, сезімді болуы себепті ел үшін қайғырады». «Абай – қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай – қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойлаушыларының ең біріншісі». «Абайды бұл жолға жеткізген өзінің бақытсыздығы емес, бәлки, абайдың алдындағы елінің бақытсыздығы». «Абай өлеңдерінің табиғаты һәм ішкі рухы жағы туралы» айтқанда, «Бірінші кезекті нық таяныш нәрсе – ақынның өмір тарихы болмақшы», - деп, Абай өмірбаянына үңіледі. Абайдың өмірі оның шығармашылығына әсер еткен дегенді айтады. «Абай барлығы 5313 жол шамасында өлең жазған. Бұлардың ішінде орысшадан тәржіме қылғаны 1700 шамасында. Соңғыларын шығарып тастағанда, Абайдың нақ өз тарапынан шығарған өлеңі 3612 жол шамасында болады» деген статистикалық фактілер бар. 1884 жылдан 1903 жылға дейін әр жылы қанша жол өлең жазғаны келтірілген. Одан Абайдың ең көп өлең жазғаны 1889 жыл екені (1032), ал 1903 жылы бар болғаны 16-ақ жол өлең туғаны сияқты қызықты деректерді оқимыз. «Абай 1898 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жақ етеді. Алла туралы көбірек ойлап, сол ретте халыққа Алла туралы пәлсапа сөздер сөйлеп, Алла туралы діни үгіттер үйретеді». (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
