18:08
Абай әлемі

«ҚЫЗАРЫП, СҰРЛАНЫП...»

Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі. Махаббат лирикасының озық үлгісі. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады. Абай ғашықтық сезімді, махаббат мұңын аса бір шабытпен, беріле құлаған ынтықтықпен кестелеген. Оның бұл тақырыптағы жырлары ақын сезімінің мөлдірлігін, түсінігінің тереңдігін, сүйіскен жандарға деген мейірбандығын паш етеді. Әсіресе, осы өлеңде махаббаттың тілсіз түсінісі, ретін тауып ауылдан айлақта кездескен екі жастың бір-біріне деген ғажап іңкәрлігі, жүрек лүпілі асқан шеберлікпен берілген. Одан ғашықтық пәк сезімнің лебі есіп, қай-қайдағыны еске түсіріп, бойды балқытады. Оқырманның көз алдына өзгеден ұрланып, оңашада қосылған қос ғашық келеді. ынтызар болып жүріп, бір-біріне зорға жеткен олар біресе қызарып, біресе бозарып, не істерін білмейді. Өзара тіл қатыса алмай абдырайды. Дүрс-дүрс соғып, лүпіл қаққан жүрекпен алысып, көңілмен ғана ұғысады. Табысқан қолдар бір-бірін күйдіріп, тыныс тарылып, түс бұзылып, талықсып бара жатқандай. Кеудеге кеуде жанасып, иықтар түйіскенде көздері жұмылып, жүздері төмендеп сала береді. Иектер қайта көтеріліп, ерінге ерін тигенде буын-буыннан айырылып есеңгірей түседі. Елжіреген жүрек, босаған буын көзді мұнарландырып, жан рақатына батырады. Бұл сәт көктегі жұлдыздар «біз тұрмыз күзетте, ешкім жоқ, сүйісе беріңдер» дегендей жымың қағады. Төбеден төнген жапырақтар да «сендерді жасырамыз, асықпаңдар, ғашықтар» деп тұрғандай. Ғашықтардың бұлармен ісі жоқ, өзді-өзі әуре. Ақын осындай суретті елестетеді де, «жүйрік тіл, терең ой», сол сәтте неге үнсіз қалдың, махаббат алдында неге дәрменсіздік көрсеттің, «жеңілдің, жеңілдің» деп, «ғашықтық тілінің – тілсіз тіл» екенін мойындатады. Әдетте ақын өз басынан кешірген, өз жүрегінен өткізген, өзі сезініп, өзі тұшынған нәрселерді ғана елжірей егіліп, жан-тәнімен беріліп жырлай алады десек, осы шындықты абай өлеңінен айқын көруге болады.

«Қызарып, сұрланып...» өлеңі А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов шығармалары сияқты мөлдір махаббатты асқан ілтипатпен жырлаған. Оны табиғаттың көркем бесігінде әлдилей білген. Жасырын кеште алғаш кездесіп, сөз таба алмай, тек қана лүпіл қаққан жүрекпен, қабақпен сыр танытқан қос өрім. Алабұртқан іңкәр сезім тасқынын балауса пәк көңіл сәл тежей бегендей. Енді бір сәт бар әлем ұмыт болып, тулған жүрек тілегіне ерік беріп, рақат мұнарына шомған екі жас. Бүкіл жан-сезім, ақыл-ес бір-біріне арбалып, ажырамасқа ант еткендей. Міне, ақын жүрек дүрсілі құлаққа келіп, ыстық демі бетке тиген махаббаттың жанды суретін осылайша берген. Ақын осындай табиғи күйде, аса бір іңкәр күйде табысқан жүректерді құптап, қостайды. «Абайдың махаббат жайындағы ең нәзік, ең көркем, терең сезімдері осы өлеңде», - дейді М.Әуезов. Өлең 6-7 буыннан тұратын шалыс ұйқас үлгісімен өрнектелген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: