23:16 Абай әлемі | |
«МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ ЖОҚ МАЛДАН БАСҚА...» Абайдың 1896 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 4 шумақ. Шығармалараындағы басты өзекті тақырып – адамгершілік, ар, намыс мәселесі, сын семсерін сұққан жері – ынсапсыз байлық, өлшеусіз өрескел билік десек, Абай бұл өлеңінде қалтқысыз көңілмен халық мүддесін көздейтін демократтық биік деңгейге көтеріліп, қоғамдық мазмұны аса маңызды шындықтың бет пердесін ашып береді. Ақын бұдан бұрынғы сынында ар-ұяттан безген, тойымсыз би-болыстарды қанша айыптаса да, арагідік олардың ішінде де тәуірлері бар, әр нәрсе адамына қарай деген пікірдің ұштығын шығарып қоятын (мысалы, «Бай сейілді...» өлеңінде). Бұл ақын өмірінің белгілі бір кезеңіне ғана тән кемшілік екенін осы туындысы айқын дәлелдейді. Абай енді оларды «жақсы», «жаман» деп бөліп-жармай, өз заманындағы барша би-болыстарға, байларға арылмастай үкім айтады. Мал жиған адамның дүниеқоңыз, құнсыздығын барынша уытты тілмен, өлтіре әшкерелейді. Байлықтың ондайларға бос күпіл, қайырусыз билік үшін ғана керек екенін ашық айтып, имандылықтан, мейірім-сауаптан ада қалған жандарға жиіркенішін білдіреді. Олар өздері шошқа болған соң, басқа адамдар ит болып көрінетінін ескертеді. ақын өз жұртына жаудай тиіп отырған, қоғам денесіндегі осынау жұқпалы дертті шеней отырып, оған қарсы қоятын, мерезді сылып тастайтын күшті де атайды. Ол – адал еңбек, ащы тер. Аштан өлсең де арыңды сатпа деп, адалдыққа, адамгершілікке шақырады. Абай адамдардың асыл қасиеті байлық та, билік те емес, үш-ақ нәрсе: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп біледі. Еңбек, сана, мейірімі. Бұл – Абайға дейінгі қазақ ақындары осынша өткір, уытты тілмен барынша ашынып айта қоймаған тұжырым. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Абай Құнанбайұғылының өлеңі» деген жинақта жарияланды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
