16:59
Абай әлемі

«ӨЗІҢЕ СЕНБЕ, ЖАС ОЙШЫЛ...»

М.Ю.Лермонттовтың «Не верь себе» атты өлеңінің 1893 жылы Абай тәржімелеген нұсқасы. Көлемі орыс ақынында да, қазақ ақынында да 40 жол. Осы сом бітімді, сондайлық шебер келістіріп жасалған поэзиялық туынды Лермонтовтың ауыр азап шеккен бұқара халықтың халіне үлкен жанашырлық, жақындық сезіммен қарағанына толық дәлел бола алады. Қорлықта, езуде жүрген, есесі кетіп, еңсесі түскен кедей-көптің қажырлы беріктігін, жасу, налуды, күйініш, күйреуіктікті білмейтін орасан төзімділігін айтып сүйінсе, бұқараның осындай қиын хал-жайын білмей нағыз өнімді, өмірлік күші бар поэзия туғызу мүмкін емес деп қорытса, мұның халыққа қамқорлық еткендік, оның қамын жегендік екені даусыз.

Орысша нұсқасы:

«Не верь, е верь себе, мечтатель молодой,

Как язвы бойся ыдохновенья...» -

деп басталса, Абай да «Өзіңе сенбе, жас ойшыл, Тіл өнері дертпен тең» деп түпнұсқаға сәйкес аударады, одан әрі орыс ақынымен еркін жарысса да, қалай да онымен үндес шығып отырады. Жас ақынға айтылған өз көңіліңнің күйіне көп беріліп кетпе, жеке басыңның мұңы кімге қажет, егер елдің мұңын, қайғысын айта алмасаң, сенің өлеңін кімге дәрі деген ақыл-өсиет түріндегі ойды Лермонтов бейнелеп айта келіп:

«Не выходи тогда на шумный пир людей

С своею бешеной подругой;

Не унижай себя. Стыдися торговать

То гневом, то тоской послушной,

И гной душевных ран надменно выставлять

На диво черни простодушной», -

десе, Абай:

«Кез болсаң қайғы, я зарға

Құрсатса тілді ұмтылтып,

Алып шықпа базарға,

Асаудайын бұлқынтып.

Қайғы-дертің мейлі мың,

Саудаға салмақ өзіңе ар.

Жаныңа түскен жараның

Ірңін нетсін надандар...» -

дейді.

Лермонтов жас ақынның құрғақ қиялдан туған өршіл, өктем сезімге толы поэзиясын елірген, долы жас әйелге теңесе («бешеная подруга»), Абай жүген-құрық тимеген асаумен салыстыра сипаттайды.

Ал орысша түпнұсқасының соңғы шумағындағы жас ақынның әрекетін театр сахнасында трагедиялық актердің жасанды, ойыншық семсерін оңды-солды сермеуіне ұқсатып бейнелейтін тұсын Абай теңеудің өзін алмай тек мағынасын ғана жеткізеді. Абай дәл осы салыстыру ол заманда, театр өнері әлі өріс алмаған ортада әсерлі бола қоймайтынын ескерген секілді. Оның есесіне Абай өлеңдегі ауыр азап көрсе де шыдамы берік көпшілікке мазақ болма деген ойды ширата түсіп:

«Күлкі болмай, қой, жаным,

Сен бүйтесің, ол қайтті?

Олар көрген арманын

Кімге шақты, кімге айтты?» -

деп аяқтайды. Өлең 7,8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: