12:07
Абай әлемі

«САБЫРСЫЗ, АРСЫЗ, ЕРІНШЕК...»

Абайдың 1887 жылы жазған сатиралық өлеңі. Туындының тармақ саны біркелкі емес, көлемі 85 жол. Абайдың ел билігіне араласып, әділ төреші болуға, нашарлардың жоғын жоқтауға күш салып жүрген тұсында, неше түрлі зорлық-зомбылықты, мейірімсіздік пен әділетсіздікті т.б. кесір-кесапатты әшкерелеп жазған сықақ өлеңдерінің қатарынан бұл туынды көрнекті орын алады. Ақын өз заманындағы ел билеген зорлықшыл жуандарға арқа сүйеп, солардың қол шоқпарына айналып, елдің тынышын алатын, бірді-бірге айдап салып, бүлік туғызып жүрген содырлы сойқандар мен қазан бұзар тасырларды шенейді. Адамгершілік қасиеттен ада болған мұндай жексұрындардың кәсібі ұрлық екенін, ол болмаса, ел кезіп, көрінгенге көзін, арын сатып, тамақ асырайтынын, жоқ жерден ілік тауып, дау-жанжал туғызатынын, енді бірде ел шабамын деп қоқан-лоққы жасайтынын дөп басады. Мұндай адамдардың тыныш жұрттың тұнығын ылайлап, жүрген жеріне ылаң салып жүретіндерін, сонымен бірге іші тар, өздері күншіл келетінін, біреудің бақ дәулетін көре алмай, пасық қаскөйлігін қатар жұмсап жүретіндігін баса айтады.

Өлең 7-8 буынмен жазылған, дәстүрлі шумаққа бөлінбей, біріне-бірі жалғаса, шұбыртпалы ұйқаспен тізбектеле ұласып, екі-үш тармақтан кейін қайта тоғысып отырады. Түр жағынан алғанда ауыз әдебиетіндегі толғау дәстүріне ұқсап кететін де белгілері бар. бірақ тұспалы, негізгі сөз арқауынан ауытқу жоқ, айтайын деген ойы айқын да нақты. Туынды алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: